Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елі үшін еңіреп өткен ер - АРҚА АЖАРЫ

Елі үшін еңіреп өткен ер

Отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, елім деп еңіреп өткен Алаш боздақтарының бірі – Абдолла Байтасұлы.

Абдолла Байтасұлы ерекше құрмет тұтар, жүректе сақтар ардақты есім. Ол өзінің терең ғылыми ізденістерімен, ұстаздық-санаткерлік ерен еңбегімен, қаламгерлік қабілетті дарынымен, жан дүниесінің кіршіксіз мөлдір тазалығымен, әдеп-инабатымен, үздік жаратылысымен, кісілік мейірім-қасиетімен, ақыл-парасатымен өзгешеленетін тарихи тұлға. Аудармашылығымен, мақалаларымен, сыни пікірімен сол тұста жұртқа танылып, жолдастарының арасында үлкен беделге ие болған қайраткер.

XX  ғасырдың басында бұрынғы Көкшетау облысы,  Рузаев ауданы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының, Шұқыркөл ауылында 1900 жылы дүниеге келген ол жастайынан өнер-білімге құштар болып, алғашқы сауатын ауылда ашты. Зеректігі мен ұлттық сана сезімі ерте оянды. Онымен дәм-тұздас болған көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, Абдолла әуелде ауылдық мектепте оқып білім алады. Сөйтіп, ерте күннен-ақ өзінің зеректігімен, алғырлығымен көзге түседі. Артынан ол Қызылжар, Омбы, Торғай, Қостанай қалаларында, одан кейінгі жиырмасыншы, отызыншы жылдар аралығында Қызылорда, Ташкент, Алматы қалаларына барып, қоғамдық жұмыстармен айналысады.
Ол Көкшетау уезінде ашылған 54 мектептің бірі – Ш.Құсайынұлы атындағы мектепте ұстаздық етті. Қарқаралы төңірегінде қазақ зиялылары Асылбек Сейітов, Жүсіпбек Аймауытовтармен бірге жастарға бағыт-бағдар сілтеп, адамгершілік-патриоттық қасиеттерді үйрету жолында көп еңбек сіңірді. Мұндағы өзіндей білім қуған, қазақтың зиялы жастарының басын қосып, сол кездегі ірі оқиғалардың бел ортасында жүріп, осыған байланысты сан алуан күрделі пікірлер қозғап, баспагерлік жұмыспен шұғылданады. Ал, 1924 жылы Абдолла Байтасов Қазақ халық ағарту институтында оқытушылық қызмет атқарады. Соңынан Ташкентте Ғылым академиясы орталығының жетекшісі болып қызмет істейді. Сонда жүріп, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевпен танысып, онымен бірге «Алқа» әдеби үйірмесін құрысады. Бұған 1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы дәлел.  «Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26 жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән берген жоқпын. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғанбыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда «Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты» – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде берген жоқпын. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: «үйірмені құруды ешкім де қолдаған жоқ» – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.
Сонымен қоса, Абдолла Байтасов Даниял Ысқақовпен бірігіп «Көркем әдебиет туралы» мақала жазады. Онда: «Әдебиет – адам тағдырын бейнелейтін көркем өнер. Ол адамның психологиясы ұлттан тыс қалыптаспайды. Өйткені, ол ұлт ішінде тәрбиеленіп өседі. Сондықтан да, әдебиет – ұлттық өнер және ол таптық тартыстан, партиялық принциптен тыс болуы тиіс», – деген  ыңғайда пікір білдіреді. Әдебиеттің ұлттық сипатта болуын қостайды. Ескерте кететініміз, бұл мақала осы уақытқа дейін Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің атына телініп келді. «Көркем әдебиет туралы» мақаласы – «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 8-9 тамыздағы сандарында «Екеу» деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін «Қазақ әдебиетінің» 1989 жылғы 3 қарашадағы санында басылды. Авторлары – «Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов» деп, екі жазушының «Екеу» деген бүркеншік атпен қол қойған ертеректегі мақалаларына сүйеніп жаңылыс көрсетілген. Әдебиет зерттеушілері де осы уақытқа дейін соған сүйеніп, қате пайымдаулар жасап келеді. Анығында бұл – Алаш мәдениетінің белгілі қайраткерлері, әдебиет сыншылары, аудармашы Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақовтың мақаласы. Осы мақаласы үшін екеуі де 1930 жылы  тергеуге алынып, түрмеге қамалған.
Бұл туралы әдебиеттанушы, ғалым Т.Жұртбай «Ұраным–Алаш» еңбегінде 1931 жылдың 17 қыркүйегінде Даниял Ысқақовтан алынған жауап хаттамасын алға тартады: «Енді мақаланың жайына келетін болсақ,  мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада едәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімше қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов «екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын» – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деп жауап берді. Бұл мақала 26 жылы не 27 жылы жарық көрді.
Ал, мақала авторы ретінде көрсетіліп отырған Ж.Аймауытовтың өзі түрме тергеушілеріне берген жауабында: «Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов Даниял. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi Жоғары оқу орындарының, не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А.Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз, – дедi. «Дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн» дедiм. Сол уағдаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма, жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»,– деп анықтап тұрып көрсеткен.
Осы мақала үшін екеуіне 1937 жылы: «Алқа» жасырын контрреволюциялық ұйымына қатысты, кеңес өкіметінің саясатына қарсы шығып, мақала жазып, газет бетінде ашық пікір білдірді» деген жалған айып тағылып, ату жазасына бұйырылды. Шындықты қалпына келтіру мақсатында алаштың екі азаматының басын бәйгеге тіккен бұл мақала нағыз иелері – А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың атынан тұңғыш рет Т.Жұртбайдың құрастыруымен шыққан «Алаш ақиықтары» атты жинақта жарияланды. Ендеше, ақиқатты ескеріп, әркімнің мұрасын өзіне берген ләзім.
Абдолла Байтасов  ұлттық озбырлықты, өктемділікті қатты сынап, «Жас қайрат», «Жас Алаш», «Еңбекші қазақ» газеттеріне әділеттікті жақтап, көлемді мақалалар жазады. Ұлы кемеңгер жазушылармен бірлесіп бастауыш мектеп сыныптарына арналған оқу бағдарламасын жасасып, «Тіл тарихы», «Ауыз әдебиеті», «Мектеп басқару жайы», мұғалімдер үшін  «Тәжірибе сабақтарының үлгісі», «Жансыз жаратылыс», тағы басқа күрделі шығармалар жазып, орыс оқулықтарын қазақшаға аударады. Мысалға, А.Гейкиннің «Физикалық жағрафия», Г.И.Ивановтың «Бастауыш жағрафия», В.Семейкиннің «Күн қуатының құрылысы» туралы еңбектерін қазақшаға тәржімалады. 1927-28 жылдары шыққан «Жүсіпхан туралы» кітаптың авторлары Тоқжігітов, Байтасов. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия хақында пікір қозғаған.
Қадірменді оқырман! Және бір фотосуретті алдыңызға қойып қарап, өткенімізді ойға алып, өшкенімізді санада жаңғыртар аста-төк шаттықты, көзге жас үйірер толғаныс-тебіреністі сәт туып тұр. Фотомұраға қадала назар тіккен жан «бісміллә» дегеннен-ақ таныс-бейтаныс  ұлы бейнелерді бірінен соң бірін шырамытып, есімдерін айта бастайды. Фотоөнердің адамзат баласы тарихында жарқын орын алар құдіреттілігі де сонда емес пе, біріншіден, сынаптай сырғыған уақыт көшінің қас-қағым сәтін бейнемен бедерлеп, мәңгілікке табандап тоқтата алса, екіншіден, уақыт көші алыстай берген сайын әр жолы жаңадан қараған кезде ғұмыр-баяндық көркем туындыдай әсермен оқылып, айтып жеткізе алмастай сезім-күйге бөлейді. Бұл  фотомұра «Егеменді  Қазақстан» газетінің бетінде «Алыптардың асыл бейнесі» (№264-265, 267, 268, 1991 жыл) атты  ортақ тақырыппен басылып шыққан. Фотомұраны алғашқылардың бірі болып көріп, фотосуретте кімдер түсіп тұрғанын нақтылап айтып берген Гүлнәр апай Міржақыпқызы Дулатова болатын.
Сонымен суретке көз тігетін болсақ, онда халқымыздың ардақты перзенттері: алдыңғы қатарда (солдан оңға қарай): Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов; екінші қатарда (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасұлы бейнеленген.
Гүлнәр апай Дулатованың пікір түйіндеуінше, фотосурет 1926 жылы Қызылорда қаласында түсірілген. Республиканың сол кездегі астанасы, мәдени орталығы Қызылорда қаласына Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттен барып жүрсе,  Мұхтар Әуезов, Абдолла Байтасов, Әлкей Марғұлан Ташкент шаһарынан қатынап тұрған. Аяулы Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың сақал-мұртына ақ кіре бастауы да сурет аталған кезеңде түсірілгенін айғақтай түседі. Гүлнәр апайдың жадында қалған естелігіне сүйенер болсақ, Абдолла Байтасов бойына қонған өзге де өнерлерімен қатар барынша әңгімешіл, сауықшыл, көркем туындыларды ерекше сәнін келтіре оқитын әртістік қабілет-бейімі жоғары жан көрінеді. Демек, 1926 жылдары Алаштың тілек-ниеті бір ұлдары бас қоса қалған кештерде Абдолла Жүсіпбек Аймауытовтың «Шерниязын», Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзін» түнді-түнге ұра нақыштап оқып беруі әбден шындыққа жанасымды жай. Ол қазақ халқының көш бастаушылары, ірі қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтардан тәлім-тәрбие алған. Қызылорда қаласында түскен бұл фотосурет  күні бүгінге дейін сақталған. Ол ана бір  жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде де жарыққа шықты.
Өкініштісі сол, артынан 1929 жылы қазақ халқының егемендігін, тәуелсіздігін аңсаған жас журналист, ағартушы, қазақ жастарының көрнекті қайраткері Абдолла Байтасов жоғарыда аттары аталған алыптармен бірге «Ұлтшылдардың» қатарында айыпталушы ретінде жауапқа тартылады. Сөйтіп, Москва қаласының  әйгілі Бутырка абақтысында нақақтан-нақақ жазаға, зорлық-зомбылыққа ұшырап, азап шегеді. Сол кездегі Біріккен саяси Бас басқарманың №78754 іс құжатының төртінші томындағы 276-шы бетінде бұл жағдай былай жазылады:
«Тергеу ісі осымен  аяқталады, әрі жоғарыда көрсетілген қылмыстық істер толық дәлелденді. Сондықтан, айыпталушы ретінде жауапқа тартылуы тиіс Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Есболов Мырзағазы, Ғаббасов Халел, Әділов Дінмұхаммед, Аймауытов Жүсіпбек, Жұмабаев Мағжан, Байтасов Абдолла…
Біріккен саяси Бас Басқарма II-бөлімінің бастығының көмекшісі – Павлов»…
Міне, осынау мұрағат мәліметтерінен көріп отырғандарыңыздай, қазақтың қаншама зиялы азаматтарымен қатар, көкшелік Абдолла Байтасов та Бутырка абақтысының тас зынданында жатып шығады. Бірақ, оның көрген азабы мұнымен де шектелмейді. Артынша-ақ ол Міржақып Дулатовпен бірге Архангельск-Беловодскіде концлагерьде айдауда болып, қаншама мехнатты, қаншама қиыншылықты бастан өткереді. Сібірдің бет қаратпас шұнақ аязында суыққа тоңып, ақ қар, көк мұз үстінде жүріп, денсаулығынан айырылды.
Әйтеуір, кейін бұлардың біразы амнистияға ілігіп, Қырғызстан астанасы – қазіргі Бішкек қаласына жер аударылады. Көп ұзамай Абдолла өзі сүйген мамандығы бойынша осында оқытушылық қызметке орналасады. Әйтсе де, елінің егемендігі, ұлт бостандығы үшін жан аямай күрескен, жас та болса, басқаларға бас бола білген осынау ардагер азамат небары 40 жасында дүниеден өтті.
Атамыз, марқұм Байжан Әуәрирәұлы Абдолла Байтасұлының шығармашылығы мен өмірі жайлы көп ізденісте болды, біршама материал тауып, түрлі басылымдарға мақала жазып жүрді. Ол кісі Аймауытов, Жұмабаев, Дулатов сияқты арыстарымызбен бірге Көкшетау қаласындағы бір көше Абдолла Байтасовтың атымен аталса деп армандайтын еді. Өкініштісі сол, бұл сауалға ешкім құлақ аспады. Сөйтіп, атамыз арманда кетті. Дегенмен, бұл істі ұрпағы болып, біз жалғастыру керекпіз. Тарихтың өңін айналдырып, ақтандақтарын бұрмалау күнә десек, Абдолла Байтасов сынды асыл азаматтарымыздың есімдерін қастерлеп, ел есінде сақтау аға ұрпақ алдындағы азаматтық парызымыз. Абдолланың кіндік қаны тамған жері – Шұңқыркөл ауылында оның есімімен сондағы бір көшенің аты аталса, мұндай игілікті іс, облыс орталығында да қолға алынып жатса, нұр үстіне нұр дер едік.
Мұның өзі, әрине, Тәуелсіздігіміздің  жиырма үш жылдығы аталып өтетін тұста жүрегі елім деп соққан, елі үшін еңіреп өткен боздаққа үлкен құрмет болар еді-ау!.. Өйткені, қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ғой.
Ернар ТАЙЖАН,
Абдолла Байтасовтың ұрпағы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар