Балкашин селосының тумасы Александр Иванович Табариннің есімі сандықтаулықтарға жақсы таныс. Бүгінде жерлесіміз Астана қаласындағы құрылыс салумен айналысатын «Фауна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық етеді.
Елордамыздың көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген ол туған жеріне де қол ұшын созып, қолғабыс жасап келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын Балкашин №1 орта мектебі түлектерімен кездесуінде мектеп ұжымына автокөлік сыйлаған болатын. Мектеп оқушылары содан бері техника жүргізуге машықтанып жүр.
Белгілі кәсіпкер А.Табарин өткен жазда Балкашинның кіре берісіне өз қаражаты есебінен елді мекеннің атауын жаңадан жаздырып, орнатып қойды. Ауылдың келбетіне көрік беретін жобаның авторы жергілікті суретші, бейнелеу өнерінің мұғалімі Евгений Исаков. Туған ауданына қамқорлық танытып жүрген Александр Табариннің басқа да игі шараларды жүзеге асыруға ниеттеніп жүргенін айтып өткен ләзім.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.