Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЗЕРЕНДІ - АРҚА АЖАРЫ

ЗЕРЕНДІ

О туған жер! Осынау бірер сөзде ұлылық бар, ұлыларға ғана тән, cоларға ғана жарасатын асқар асқақтық бар. Туған жер деп қанша өзеурей айтсаң да мейіріңді қандыра алмайсың, о, туған жер! – деп мың қайталап айтқың, мың қайталай айта бергің келіп тұрады. Өйткені, табынатын құдіретің де сол туған жерің, туған топырағың.

Қияға ұшып, қиыр асып кетсең де сол туған жер, туған топырағыңды аңсай іздеп тұрасың.  Өйткені, туған жер сенің сағынышты бала күндерің, алдағы алыс болашақты қиялмен шолып, арман қуған бозбала шағың, бет қайтпаған есер кезіңде болмасты болдырып, тек алға, биікке өрлеген қызығы таусылмас албырт дәуренің. Өмірде бәрі де, көрген қиындығың да, кешкен қызығың да ұмытылуы мүмкін. Бірақ, туған жеріңді, өзің түлеп ұшқан топырағыңды ұмыта алмайсың. Қалай ұмытарсың! Ұзап ұшып, ұзақ уақыт туған ауылыңа соға алмай жүрсең, ол сенің түсіңе кіреді, әтешінің шақырғаны, бесіктегі баласының бақырғаны құлағыңа келгендей болады. Менің туған жерім «Үлкен Түкті» деп аталатын Қасқатау өңірінен кәдімгі Астана қаласына бет алып бара жатқан бағыттағы атақты Бурабай тауларының  ық жағындағы Көкшетау-Щучье күре жолынан 65-80 шақырым қашықтықтағы Зеренді ауданы. Қарашілік деп аталған менің ауылым осы жерде тұр. 1935-1940 жылдары туған ұрпақтың бағына қарай оның Қарашілік орта мектебі деген қазақша мектебі болды. Қарашіліктің ғана емес, Зеренді ауданының біраз ауылдарының балалары осы мектептен білім алып шықты. Бұл ауылдың іргесі 1900-1905 жылдары қаланған деп отыратын біздің әкелеріміз. Солай болса, солай шығар. Ағып жатқан өзені немесе жарқырап жатқан көлі жоқ томаға-тұйық бұл жерге біздің ата-бабаларымыз несіне қызықты екен деген ойға қалатынбыз. Қазоты мен шалғыны, қауы мен қауданы бұрқырай өсіп тұратын осынау құйқалы қоныстың өз басынан әудем жер ұзап  шықсаң,  кәдімгі қала деп айтуға тұрарлық аты орысша ақар-шақар елді мекендерге кезіге кететінсің. Бізден жеті-сегіз шақырым жердегі Дороговка селосының өзі неге тұрады. Жетіжылдық мектебі, сельмаг делінетін үлкен дүкені, өзіне шақ клубы, түзу түсіріп, кеңінен пішіп салған көшелері бар іргелі мекен. Тап іргесінде – біздің ауылға қарай шығатын шет жағында айнадай жалтырап Түктінің көлі жатыр. Түбіндегі құмы мен қиыршық тасы, асыр салып ойнаған балығы көрініп жататын суы қандай тұнық әрі тұп-тұщы. Ертеректе осы маңайды қоныстанған ауылдардың балалары Түктінің көлін айнала шауып, тай жарыс, құнан бәйге ұйымдастырады екен.  Сонда бұл маңайдың құмының елеуішпен сүзіп алғандай тазалығы сондай, өзенді айнала дүркірей шапқан тай-құнандардың тұяғынан бір түйір шаңның көтерілмейтінін ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Бұл маңайдың бәрі Атығай, Қарауылға жататын біздің арғы ата-бабаларымыздың қонысы болыпты. Өткен ғасырдың басында қоныс аударып, үрке көшіп келген аузы түкті орыс ағайындардан ығысып барып, олар әлгі айтқан Қарашіліктен Дороговкаға бара жатқанда сол қол жақта жергілікті тұрғындар «Лесхоз» деп  кеткен шағын ауыл кездеседі. Қалың ағаш арасына бытырай орналасқандықтан, оның жалпы тұрпаты мен аумағын шамалай алмайсың. Әйтеуір, осы «Лесхозды»  басып өткенде жолдың екі жағында жарыса қалып жататын сұлу ағаш үйлеріне қарап, оның сәнді қоныс екенін аңғарғандайсың. «Кішкене Түкті» орман шаруашылығының орталығы осы. Дороговкадан асып Бурабай ауданының орталығы Щучье қаласына беттегенде оң қол жақта екі үлкен көл кездеседі. Олардың  біріншісін «Қараүңгір» көлі, екіншісін «Құмды көл» деп атайды. «Құмды көлі» құмдауыт жерге жайыла біткен әрі жалпақ, әрі тайпақ болып келеді де, «Қараүңгірі» анадайдан қарағанда қарауытып жататын шұңғыма көл десетін. Көлді жағалай жүргенде оң жағында шөккен қара нардай болып «Қараүңгір» тауы жатады сонадайдан сұс көрсетіп. Оның осылай аталуының өзінде көп жұмбақ жатқан сияқты. Атынан да көрініп тұрғанындай, таудың ішінде күн көзі түспейтін, қанша күшене соқса да, дауыл желдің екпіні жетпейтін үлкен үңгір бар көрінеді. Бұрын барып көрген біреу болмаса, оны іздегенмен ешкім таба алмайды десетін. Үңгірдің түбінен сансыз бұлақ суы үзбей ағып, «Қараүңгір» көліне құйып жатады екен.  Біздің бала кезімізде оны кәрі құлақ қарттар атақты Кенесары батыр қозғалысымен байланыстыра айтатын. Кенесары хан әлде бір жорықтан келе жатып, осы «Қараүңгірге» түнеп өтіпті. «Қараүңгір» тауының арғы бетінде Обалы деген шағын ауыл бар екенін білемін. Бұл өзі Арғын руының Ыдықбай деген бір атасына қоныс болған құт мекен.
Асфальт төселіп сайрап жатқан осы күнгі күре  жолмен зулай өтіп Обалыдан ілгері ассаң, атақты Бурабай таулары мен көк шатырлы орманының бергі ығында жалған дүниенің жартысындай болып жайылып жатқан Щучинск қаласына түсесің. «Көп шығар көрмеген жер, дүние кең, сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең!» – деп Қасым ақын үлбірете, үзілдіре жырлаған Көкшетау жері, Көкше өңірі алдыңнан шығып, кәусар ауа, көк барқыт көгәл жонымен қарсы алып, онсыз да көтеріңкі  көңіліңді көкке өрлете ала тартады. Бірақ… Оған дейін көп жол жүріп, көп жерді аралап көру, туған жерге, Зеренді жеріне, оның Қарашілік атты ауылының төңірегіне қайта айналып соғу керек.
…Міне, біз Қарашілік ауылында тұрмыз. Көңілді түнемел қымыз ішкендей қылып өрекпітіп, қиял кұсын шарықтатып жіберуге тиіс қайранда қайран, туған ауылымның қазіргі мүшкіл халі мен құрып бітуге айналған болар-болмас бітімі жүрекке ине қадалғандай күйге түсіреді.  Бір кездегі жүзге тарта үйі, орта мектебі, оның жанында 40-50 балалық интернаты, оған тиесілі үлкен моншасы, клубы, қызыл бұрышы, дәрігерлік қосыны, үлкен селолық дүкені, колхоз кеңсесі болған ақар-шақар іргелі ауылда көзге ілініп, көңіл ауларлық  ештеңе  қалмаған. Өзіміз оқып, тарыдай күнімізде есігін имене ашып, білім-біліктілігіміз толысқан, өзіміз де толысып таудай болып шыққан орта мектеп үйі тозып бітіп, бастауышқа жетер-жетпес күй кешуде. Интернат үйінің орны ғана қалған. Бар көргеніміз осы және түтін түтетіп отырған жиырма шақты шаңырақ болды. Соның өзіне де шүкіршілік айтып, тәуба қылдық. Өйткені, олар күні кеше Қарашілік деп аталған үлкен ауылдан сарқыла-сарқыла жеткен жиырма шаңырақтың, менің туған ауылымның, туған жерімнің түтінін түтетіп отырған жоқ па!
Біздің осы ауылдан күн шығысқа қарай бір шақырымдай ғана жерде Қайнар деп аталатын тамаша бұлақ бар. Аядай ғана тастақты жерден шығып, біз білмейтін әлдебір алыс жаққа сылқ-сылқ  күліп сылдырай ағып кетіп жататын керемет бұлақ еді. Көзі ашылған бұлақтың маңайы былқылдақтау сазды болып  келеді де, әрірек барсаң бірте-бірте білдірмей көтерілетін қыраң жазық басталады. Одан әрі сол қол жақта қарауытып жатқан қарағайлы орман кетеді, оңға қарай жүріп бір қыр ассаң, Түлкілі деген ауыл көрінеді. Әлі есімде. Қақаған қыс айы еді. Бір жолы дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Хикметов Қозыбек деген ағамыз тоғызыншы сыныпта оқитын біздің бәрімізді шаңғыға тұрғызып, әлгінде айтылған Түлкілі ауылы жақтағы жалпақ жонға алып шықты. Жиырма шамалы адамбыз.
– Мен дәл осы жерде тұрамын, – деді ағай Түлкіліге бет алған бізді тоқтатып қойып, – ал, сендер Қыршалы қуысқа жақындап барып, кері қайтасыңдар. Қыршалы қуысқа дейін шамамен бес шақырым жерді жүріп өтесіңдер. Кейін қарай тағы бес шақырым. Сонда әрі-берісін есептегенде он шақырымдық жаяу кросс болып шығады.
Қозыбек ағамыз Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып келген жан-жақты сауаты бар көзі ашық жігіт ағасы еді. Оның айтқанын екі етпейтінбіз. Шаңғыларымызға асыға мініп, Қозыбек ағамыз айтқан Қыршалы қуысқа  қарай жорта   жөнелдік.  Ол жердің неге Қыршалы қуыс атанғанын біз, әрине, білмейміз. Бар білетініміз: қарағайы қалың болып келетін ну орманның  ішінде әлгі ата қарағайлармен таласып,  көкке өрлей өсетін  бала қарағай деген болады. Соны біздің жақта қырша дейді. Қыршаның өз бойына артық бұтақ дарытпай әрі бойшаң, әрі сұлу болып өсетіні сонша,  оны кесіп алуға көз қимайды. Аталарымыздың «Қыршаны қиған қыршынынан қиылады» деп жататыны содан болса керек.
Сөйтіп, Қозыбек ағамыз айтқан он шақырымдық жаяу кросты шаңғымен жүріп өтіп, мектебіміздің қасына  келген соң қарасақ, бір бала жоқ болып шықты. Арамызда Филипп Арнольд деген неміс жігіті болушы еді. Жоғалтқанымыз нақ соның өзі екен. Біраз уақыт сабыр сақтап өзі келіп қалар деп тосып тұрмыз. «Қайнар бұлақ»  жаққа көз тастап, шаңғымен жүріп келген жолымызға қараймыз. Қар басып жатқан жазық далада қарауытқан еш ілік көрінбейді. Көңілге күдік қонақтап, Қозыбек ағайымыз да абыржи бастады. Маңайдағы орман, тоғайларда қасқыр көп деп жататын. Бірақ, ауыл қарасы алыстан  көрініп тұрған тапа-тал түсте адамға  қасқыр шабуы екіталай ғой.   Әлде тоғыз-он шақырымдық жедел жүрісті көтере алмай құлап қалды ма екен?
– Келген іздеріңмен тез кейін барып, қарап қайтыңдар, – деп мұғаліміміз шұғыл тапсырма берді. Содан үш-төрт жігіт шаңғымызға қайта мініп, жорта жөнелдік. Ауылдан бір-екі шақырым шыққанда көз сүзіп қарасақ, әлгінде өзіміз салған шаңғы жолының үстінде қарауытқан бірдеңе көрінеді. Жүріске жүріс қосып, дереу жетіп барсақ, аяғындағы екі шаңғыны екі жаққа лақтырып тастап, әлгі біз іздеген Филипп жатыр шалқасынан түсіп. Сап-сау, дін аман!
– Не қылып жатырсың?  – дедік қуанғанымызды жасыра алмай асқақ сөйлеп.
Біздің Филипп досымыз қазақшаға судай еді және ортамыздағы жалғыз неміс болған соң өзін еркіне жіберіп, еркелете әлпештеп жүретінбіз. Соған арқаланған ол кейде қисық сөйлеп, қыңырлық та байқатып қоятын. Қозыбек ағамыз әжептәуір күшке түсетін алыс қашықтыққа жіберіп қинаған соң соған ызаланып, өзінше қыр көрсетпек болған ғой. Біздің «Не қылып жатырсың?» – деген әлгі сұрағымызға:
– Қиястанып жатырмын! – деді айылын да жыймастан.
– Қиястанса жолда жатып алатын ерке тентегіміз-ай! – деп Филипп досымызды орнынан көтеріп, мейірлене бауырымызға бастық.
Қарашілікте  оқыған оқушы кезімізде осындай да қызықтар болып тұрушы еді.
Бұл ауыл маңайында және көлікке отырып әдейі іздеп барарлық алысырақ тұстарында көз тоқтатып, көңіл аударарлық әдемі де қасиеті асқақ жерлер көп-ақ. Шағын ғана төбешіктер санатына жататын анау «Құла биенің» өзінде көп сыр жатқандай. «Құлдырап «Құла биеден», Құлындай бала шағыңда» деп ақын інім Қорғанбек Аманжол жазғандай, алып адам киетін тақияның төбесіндей ғана болып көрінетін осы «Құла биенің»» басынан бала кезімде талай-талай құлдырап едім-ау. Оның Қарашілік ауылынан Дороговкаға қарай өтетін жол жағы жалпы тұрқы бір шақырымға жетпейтін жатағандау келген құлама жазық болып  кетеді. Соның өзі «Құла биенің» қыр арқасына шығып алып, қыста шаңғымен төмен қарай құлдырағанда көзіңнен жас парлататын. Ал, «Құла биенің» ішкі жағы қолдың саласындай болып аса жиі өскен шытырман қарағайлы және құлама жар, тау-тасты болып келеді. Ол жақтан шаңғымен төмен қарай сырғанау қатерге бас тіккенмен бірдей. Құлдырай сырғанаймын деп жүріп, не өзің мертігесің, не шаңғыңды сындырасың. Бірақ, «Құла биенің» тұрған жері жұмақ. Қарағайы қалың өскен жердің иісі жұпар болатынына кім таласар. Әр жерде, әр жерде қына басып, дөңкиіп жатқан сұр тастарының өзі сұлу бітімімен көз сүріндіреді. Әлдебір алып мүсінші әр тасын үңіле өңдеп, сырлап, қырлап кеткен бе деп қаласың. «Құла биеден» асқан сұлу жер, «Құла биеден» асқан сұлу тау жоқ сияқты көрінеді әлі күнге.
Қ алың қарағайы, кей тұсында еңселі терегі мен ақ балтырлы қайыңы араласа өсетін орман-тоғайды, сыңқ-сыңқ күлген сансыз бұлақтарды басып өтіп, сәл ілгері ассаң, алдыңнан «Кішкене түкті» тауы шыға келеді. Бұл өзі асқар Алатаудай асқақ, Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» хикаятында айтылатын Паң Нұрмағамбет сияқты кеудесін ешкімге бастырмайтын паң болып жаратылып, «Атақты Абылайға қоныс болған»  жер асылы, тау асылы Бурабайдай аса еңселі болмағанмен, ішіне бүккен өзіндік сыры, ешкім жазып бітіре алмай келе жатқан өзгеше жыры бар, осы маңайдағы, тіпті одан әрідегі қалың ел аузының суы құрып аңызға айналдыра айтып жүретін кішкене делінсе де үлкен, ұлы таулардың жүгін көтерер «Кішкене түкті» тауы делінеді. Ол тау Қарашіліктен гөрі Дороговкаға жақын жатыр. Бірақ, бала күнімізде оған жиі барып, даласының жидегінің, тау ішінің, қарағай арасының қып-қызыл болып өсіп, көздің жауын алатын бүлдіргені мен шиесін теріп жеп, кәраға батып, ыстық күнде уыстап аузымызға тастап шөл қандыратынбыз. Бүлдірген мен шиенің дәмі қандай, шіркін!  Әртүрлі жемістердің сұйығын сығып алып жасайтын осы күнгі сок (шырын) дегендерің олардың жанында кәдімгі қарасудан артық қауқары да, қасиеті де шамалы ғана сусын ба деп қаласың.
«Кішкене түктіден» Зерендіге қарай ығыса жүрсең,  Ортағаш ауылын басып өтіп, «Қызыл егістің» Биік қарағайына тап боласың. Қазіргі жағдайын кім білсін, біздің бала кезімізде ол «Биік қарағай» десе, биік қарағай дегендей еді. Ит тұмсығы кіре алмастай болып жиі өсетін қарағайлары биіктей бой көтеріп, көкпен таласатын. Зерендіге барар жолда енді Көктерек ауылы жатыр. Сол ауылдан сәл ұзап шықсаң болды, табиғат шебердің өзі ерінбей отырып неше түрлі етіп қашаған талай-талай тас мүсіндерді көріп, таң-тамаша қаласың. Шымылдықты көлі, Шымылдықты тауы деп аталатын қасиетті орындарды осы маңнан табасың. Табиғаттың өзі сомдаған Әулие тас, Бөлек тас, Шошала тас, Кереге тас сияқты көркемөнер туындысы деуге татырлық ғажайыптарды адам қолымен емес, Алланың әмірімен жаратылған ба деп қаласың. Бір кезде осы маңайды Көкше өңірінің дүлдүл ақыны Еркеш Ибраһим  (Ебікенов) аралап көріп, жыр мен сырдың тиегін еркін ағытқан екен. Сол сапарынан туған «Шымылдықтас» деген өлеңі ақынның елу жылдығына орай, 1980 жылы шыққан екі томдық таңдамалысына кіргенін де көрген едім. Жалпы алғанда, бұл өңірді неше түрлі тастар өлкесі, тіл бітіп сайрай жөнелгелі тұрған сұлу да сырлы тастар өлкесі деу керек шығар. Сондықтан да, бұл жердің тастарын Көкшетаудың ақын ұлы Еркеш Ибраһим тебірене жырға қосса, қазіргі белгілі ақын ініміз Қорғанбек Аманжол оның «Шошала тасына» тіл бітірді.
Көктеректен өтіп, Зерендіге беттесең, тіл бітіп сайрай жөнелгелі тұрған тау-тастың неше түрлі тамашасын көріп, қиял құсың шарықтап кеткенін байқамай да қаласың. Айтпақшы, осы Көктеректен төмен едәуір қашықтықта, дәлірек айтсақ, Қарашілік пен Қызылегістің екі ортасында «Ақ  көт» сайы деп аталатын бір тамаша жер бер. Оны сай деп айтуға да келіңкіремейді. Қарашіліктен шығып Қызылегіске бет алатын тұстағы еңкіштеу келген жалпақ жазықтың бітер жері осы. Алысырақтан көз тастасаң, әлгі «Ақ көт» сайының Қызылегіс жағы да, Қарашілік жағы да білінбей көтеріле беретін қыраң алқап. Осы қыраң  жердің  жоғарыда айтылған екі ауыл жағынан да көктемде еріп аққан қар суы «Ақ көт» сайының тұсына жиналып, жаздың жартысы ауғанша жалтырап жатады. Сол қар  суының ылғалы сіңген бұл маңайдың жері сонадайдан көз тартып көкпеңбек болып тұрады. Егер ешкім әдейілеп шауып алмаса, не қарақұрым көп мал жапыра жайылып өтпесе, көкмайсасы қурамаған, нәрі мен сәнін жоғалтпаған қалпында қысқы қардың астына түседі. Қалың қардың астында бусанып жатқан «Ақ көт» сайының әлгі көкмайсасы көктем туа тағы да көкпеңбек қалпымен жадырай жайнап алдыңнан шығады. Сонда бұл жерді, яғни, «Ақ көт» сайын қыс маусымына көк қалпында шығарып салып, көктемде тағы да сол көк қалпында қарсы алғандай әсерде боласың. Осыған байланысты бір ғажайып аңыз бар. Сонау ерте-ертеде қасиетті Асан қайғы бабамыз «Жер-ұйықты» іздеп жүріп, осы «Ақ көт» сайына келген екен дейді. Сонда мәңгі көгеріп жататын осынау жұмақ жерді көріп: «Малын жұтатпайтын, азаматын арықтатып жұқартпайтын, ішіне де, сыртына да дарыған берекесі ешқашан ортайып, олқы  түспейтін жер асылы екенсің, алдыма өңгеріп ала кетер едім, әттең, атымның сауырына сыймайсың ғой» – деп өкініпті.
Туған  жердің  түтіні  тартып, Зерендіге де келіп қалыппыз. Өзімнің туған жерім болғанымен, Зерендіде мен ұзақ тұра алған жоқпын. 1959 жылы осы ауданның «Социалистік жол» – «Социалистический путь» деген газетіне қызметке тұрып, тәп-тәуір қызмет істеп жатқан едік. Никита Хрущевтің құйтырқы саясаты үстемдік алып, аудан жабылып, тым-тырақай болдық. Дегенмен, газет жұмысының қыры мен сырын бірсыдырғы меңгеріп тастаған екенбіз. Алғашқы редакторымыз Айдархан Темірбаевтың басшылығымен жұмыс істеген күндерімізді әлі күнге ұмытпай, сағынышпен еске аламын. Қарауындағыларға ондай әділ адам сирек кездесетін шығар. Сонымен қатар, әркімге қамқоршы да бола білетін. Сондықтан да болар, оның маңайына сайдың тасындай өңшең мықты қызметкерлер топтаса қалатын. Менімен бірге істеген Баймұрат Азнабаев, Аркадий Вавишин, Александр Смаглий, Мәтен Бижанов, марқұм  Ілияш Мамрин сияқты жігіттердің әрқайсысы бір-бір газетті басқарып кете алатын  мықты қызметкерлер еді. Басқарып кетті де. Баймұрат, мәселен, танымал қаламгер ретінде ширек ғасырдан астам уақыт бойы кейін қайта ашылған осы газеттің редакторы болды. Мәтен, тіпті бертінгі «Бұқпаны» айтпағанда, екі бірдей облыстық газетке редакторлық етті. Өзіміз де одан кейін екі-үш газеттің тізгінін ұстадық емес пе?! Басшымыз А.Темірбаев кейін облыстағы ең ірі Қызылту ауданына редактор болып барып, содан соң партия қызметіне ауысқан еді. Тағы да жоғарылай өсіп, Көкшетау облыстық партия комитетінде ұзақ жыл лауазымды қызмет істеп, құрметті еңбек демалысына шықты. Қазір Көкшетауда тұрады, сол қаланың ардагер ақсақалдарының бірі. Жасы сексен бестен асса да, өзінің биік тұлғасын еңкейтпей, тік ұстай білетін ардақты ағамызбен телефон арқылы болса да жиі хабарласып тұратынымыз бір қуаныш. Журналист болдым, журналистік еңбектің құрметін көрдім десем, бұл – өмір жолымды дұрыс бағытқа түсіріп, тәлім-тәрбие берген ұстазым Айдархан Әбдірахманұлы Темірбаевтың өлшеусіз еңбегінің өтеуі деп есептеймін және ол кісіге лайықты шәкірт бола білгенімді мақтан етемін.
«Жәннаты жер мен көктің сұлу Көкше» – деп Қасым ақын жырлағандай, өз басым әсемдігі, алпыс екі тамырыңды бүлкілдетер, өне бойынды шымырлатып, көңілге түрлі ой салар әсерлілігі жағынан Зерендіден асар жер бар дегенге мүлде сенбес едім. Зеренді,  Көкшетау, Бурабайлармен ауызға жалғаса ілігер жер асылы, тау асылы, су асылы. Үнемі көгере мұнартып тұратын Зеренді жерінде қандай құрғақшылық болса да,  егін шықпады, мал жұтады дегенді сексенге жақындаған осы ғұмырымда естіген емеспін. Қарағайы қаулай өсіп, көгеріп тұратын тауы қандай, ақ қайыңы мен көк шыршасы, басын ие мың бұралған талы мен терегі қандай! Зеренді тауы жағынан тереңіне сүңгіп барып бір жұтсаң, таңдайыңды мұз жұтқандай мұздатып жіберетін көлінің суы қандай! Әуе айналып жерге түскендей ыстық күнде сол Зеренді көлі жағынан салқын самал болып соғып, бойыңа жан рахатын дарыта желпіп өтетін жібек желі қандай! Жерінің сұлулығынан, халқының кең  пейіл, мырза көңіл, жайсаң болып жаратылуынан ба екен, әйтеуір, осы Зеренді ауданына қызықпайтын, онда  қызмет істеп, ел кәдесіне жарауды мәртебе санамайтын тұлға жоқ шығар. Соған орай, Зеренді елін басқарғандар өңшең мәрт мінез мерейлі жандар болғанын кім білмейді. Бұл ауданды бір кезде ілгеріде аты аталған журналист Айдархан Әбдірахманұлының туған ағасы Қазжан Темірбаев, кейін облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып істеген, бірнеше мәрте Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Хасан Бектұрғанов сияқты мемлекет қайраткерлері басқарғаны белгілі. Мен орта мектепті бітіретін 1953 жылы ауданды Қазжан Темірбаев басқарады екен. Орта мектептен соң жоғары оқу орнына түсуді армандап жүрген кезім. Ауыл баласы болғандықтан, әлі қолыма төлқұжат алмаған едім. Соны ескеріп төлқұжат алу мәселесін шешу үшін аудандағы төлқұжат үстеліне (паспортный стол) бардық. Оның бастығы орыс әйелі екен. Орыс тіліне шорқақ мен сияқты ауыл баласының оған өзі не, сөзі не, тәйірі. Сөйлескісі де келмейді. Үйден Қарашілікте оқитын осы Зерендінің тұрғыны  Кеңес Ахатов деген сыныптасымды жөн білесің деп ерте шыққан едім. Соным дұрыс болыпты. Түскі астың кезінде бірінші хатшы Қ.Темірбаевтың үйіне барайық, деп ақыл қосты. «Ол кісіні мен білемін, сондай кішіпейіл, қарапайым адам» – деді. Бардық. Сол үйдегі әпкеміз: «ағаларың қазір келуге  тиіс, тоса тұрыңдар» – деді. Көп ұзамай өзі де келіп қалды. Жүзінен шуақ төгіліп тұратын жайсаң жан екен. Біз мән-жайды түсіндіріп,  паспорт беретін әйелдің кекір мінез көрсеткенін айттық. «Ол неге өйтеді екен?» – деді де қойды. Сонан соң: «Осы үйден шәй ішіп алған соң паспорт столына барыңдар. Арғы жағын көре жатарсыңдар» – деді. Біз айтқан жеріне барсақ, бастық әйел мүлде өзгеріп кетіпті. «Милые мои!» – деп бәйек болды да қалды. Cуретке күні бұрын түсіп, керекті басқа да құжаттарын сайлап алғанбыз. Сұраған қағазын қолына ұстатқан соң төлқұжатым ертеңінде дайын болды.
Қазжан ағамыздан кейін ауданды Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов басқарды. Ол кісі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Алматыға келгенде зеренділік студент жастарды маңайына жинап алатын. Кісілік парасаты асқақ, өмірлік тәжірибесі мол, білім-білігі ұшан-теңіз мұндай ағаларымыздың жанында болып, әңгімесін тыңдаудың өзі біз, жастар үшін үлкен ұлағат, зор мақтаныш еді. Оқуды 1953 жылы және оның алдындағы жылы бітірген сыныптардың оқушылары түгел дерлік дарынды, талаптары таудай ұрпақ болды деп санасам, қателеспейтін шығармын.  Сол жылдары конкурс дегеннің күшті болғанына қарамастан, 1952-1953 жылдары бітірген балалардың көпшілігі оқуға түсіп, жоғары  білім алды, білікті маман, лайықты азамат болып шықты. Солардың  ішінде, мәселен, Баймұрат Азнабаев танымал қаламгер ретінде көрініп,  ұзақ жыл табан аудармастан Зеренді аудандық газетін басқарды. Өсімжан Уәйісов деген жігітіміз Алматының ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, оқымысты агроном болып шықты. Кәмәш Асқапова педагогикалық қыздар институтын бітірген ұлағатты ұстаз болды. Айта берсек, жалғаса береді. Ал, орта мектепті 1952 жылы бітіргендер арасында Ақанов   Сайран, Әбішев Тасболат, Жансейітов, Құсайынов деген жігіттер есте қалыпты. Бәрі де елге тұлға, өмірге тұтқа боларлық аптал азаматтар еді. Қайда екен солар? Өздері біраз жыл сайран салып, керімсал ауасын жұтып, суын ішіп, дәмін татып жүрген қасиетті мекендері Қарашілік ауылын, оның өздері оқыған орта мектебін еске алып жүре ме екен? Бәрі де осы Зеренді ауданының, Зеренді жерінің тумасы еді.
Бұл Зерендіде кім болмады, кім оны қоныс етіп, сайран салмады. Сұлу Көкшені, атақты Абылайға қоныс болған аңыз өлке Бурабайды көзге елестетіп, көңілге  қондырғың келсе, алдымен Зерендіні көр, Зерендіні тамашала, деп үйретуші еді ертеректе ел танып, жер танып есейген ағаларымыз. Көкшенің асқар тауларын, атақты сексен  көлдің санатына жататын көгілдір көлдерін, кең жайылған  орман-тоғайларын, сыңғырлай аққан кәусар сулы бұлақтарын тамашалап, саф ауасын жұтқың келсе, алдымен Зерендіге кел, Зерендіні көр. Сен іздеген Бурабайды да, барғың келген атақты Ақан серінің Айыртауын да, Қоскөлін де, Имантау,  Қасқатауын да, дәл қазір біздің көзімізге түспей тұрған басқа тауын да осы Зерендіден кездестіргендей боласың. Зеренді жер бетінің бар ажарлысы мен әсем сұлулығын, қасиеттісі мен қастерлісін өз бойына жинап алған ба деп қаласың. Зерендіде көз тойып, көңіл толарлық деуге татырлық, ақық деп атауға тұрарлық асыл атаулының бәрі бар. Зеренді бұл Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтар жүріп өткен, солардың көңілін толтырып, қиялын асқақтатқан, кешегі соғыс Батыры Мәліктің арманын ұштаған, бейбіт күн Батыры Баян Жанғаловтың қанатын қатайтқан қасиетті өлке, құт мекен. Асқақтатсақ, Зерендіні асқақтатайық! Ардақтасақ, Зерендіні ардақтайық! 
 
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ,
жазушы-журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар