Жақында еліміздің бетке ұстар бір азаматының теледидар арқылы келтірген мысалының куәсі болған едік. Жас та болса үлкен өнер иесі атанып, әлемдік дәрежеде керемет табыстарға қол жеткізе алған бұл азамат өзінің шеберлігінің шыңдалу жолдары мен дарындылығының арқасында әлемге танымал болуы себептеріне тоқтала келе, шет елде мыңдаған өнерсүйгіш қауымның алдына алғаш шығар алдында қатты қобалжығанын, тіпті, сахнаға шығуға тайсалып, өнерін көрсетуден бас тартуға барып қала жаздағанын толғана айтып отырды.
Міне, сол уақытта оның өзін-өзі қолына алып, жүрексінбей бөтен жұрттың алдына шығуына себеп болған оқиғаға ерекше тоқталды. Сөйтсе, конкурсты ұйымдастырушылар еуропалықтардың Қазақстанға деген ерекше ықыластарын ескере отыра, Қазақ елі өкілі сахнаға шығар алдында біздің еліміз туралы түсірілген қысқа метражды деректі фильмнен үзінділер көрсеткен екен.
– Отанымнан кеше ғана аттанып, шетелдіктер алдында тұрған мен, –деп еске алды біздің азамат, – сол жерде ғана өзім күнделікті көз алдымнан өткізіп, куә болып жатқан еліміздің жетістіктеріне мүлдем басқаша көзбен қарадым. Кеше ғана бос жатқан дала деп саналған аймақта бой түзеген көріністерді көріп, ерекше бір сезімге бөленгенім соншалықты, қобалжығанымды ұмытып, елімнің намысын қорғау керектігін қатты түсініп, қолымнан келген бар күшімді сала отыра жеңіске жеттім.
Иә, осыдан бұрынғы кездері шетелдік тарихнамада жабайы атанып, қолдарынан түйе айдаудан басқа ештеңе келмейді деп жүрген, тарихи сахнада белгісіз болып келген Қазақ елі бүгінде әлемге танымал беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздік алған жиырма жылдан сәл асатын уақытта Ұлы қазақ даласында бастама алып, іске асқан шаралардың маңыздылығы тек біздің еліміз үшін ғана емес, әлемнің барша бейбітсүйгіш өкілдері үшін де өте қажетті екендігін түсінген әлемнің Қазақстанға деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.
Осыны ескерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Хабар» агенттігінің тілшісімен сұхбатында қазақ халқы үшін киелі саналатын Ұлытауды жай қаламай, осы кездесуді халықаралық қатынастардың шиеленісіп, әлемнің барлық халықтарының басына экономикалық тұрғыдан ауыртпалық төніп тұрған жағдайда жаңа тұрғыдан пікіралмасу алаңы ретінде қалағаны белгілі. Бір жағынан қазақ ұлтының тарихына тереңінен көз тастап отырған Елбасы, кешегі мен бүгінгіні салыстыра отыра, еліміздің қазіргі күндердегі жетістіктерінің барлығын тұғырлы егемендік пен тәуелсіздік тұрғысында түсіндіруіне үлкен мән берген. Ал ең негізгісі, Қазақ елінің жемісті еңбегінің көз көрер нәтижелері тек Қазақстан үшін емес, әлемге үлгі тұтатын жайлар екендігін Тұңғыш Президентіміз төмендегі сөздерімен жеткізген:
«… Қазақстанның болашағы жарқын деп санаймын. Себебі, біз ешбір елге тиісіп көрген халық емеспіз. Ешбір елге жау емеспіз… Осылай төңірегіміз бейбіт, өзіміз бейбіт, ішіміз бүтін, бірлігіміз берік болса, ұтылмаймыз. Қазақтың бірлігі – мына көпұлтты халықтың бірлігі».
Қазақ халқы әрқашанда ұлы сөзге тоқтай білген.
Н.Ә. Назарбаев осыны да ескеріп отыр. Белгілі ғалым, академик Салық Зимановтың пікірінше, қазақ халқының тарихында ел арасындағы таласты шеше алудың оннан аса жолдары классикалық дәрежеде сақталған.
Осылайша ата-бабаларымыздан мәңгілікке қалған даналық пен ұлылықты негізге ала отырып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемде алғашқы рет бейбітшілікке қол жеткізудің нақты қадамдары ретінде қолындағы ең қуатты күш – ядролық қару-жарақтан бас тартты. Елдер мен халықтар арасындағы бір-біріне деген алауыздықты жою үшін қарулы да қатерлі күш емес, тек сенім мен
диалог керек деген ойды іс жүзінде көрсете білді.
Зерттеушілердің атап көрсетуінше, тек Ресейдегі самодержавиялық үстемдігі кезінде (XVII ғасырдың соңынан бастап ХХ ғасырдың алғашқы жиырмасыншы жылдарына дейін) қазақ даласында төрт жүзден аса наразылық қозғалыстар орын алып, олардың алдындағы негізгі мақсаты нақты егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізу болған. Ұлттың наразылығын ескеріп, талаптарын ескерудің орнына патша үкіметі көтерісшілерге қарсы арнаулы әскери күштер жіберіп, көтеріліске қатынасушыларды қатаң жазалағаны да тарихтан белгілі. Ондағы мақсаты қазақ жерінің шексіз байлығына көз жеткізген империя өкілдері, бара-бара амалын та-
уып, Ресей империясының құрамына қосып алған қазақ жерін қолдан шығармау, саяси тұрғыдағы егемендіктің белгісі – хандық форматтағы мемлекеттілікке жол бермеу қажеттілігін әбден түсінген.
Терең талдауды талап ететін тарихта орын алған екінші көрініс те бар. Ол – он бес ұлттық мемлекеттің халқының санасына қатты әсер еткен кеңестік дәуір. 1917 жылдан кейінгі саяси оқиғалардан соң Ресей империясының басында тұрған монархиялық билік жойылып, оның орнына келген кеңестік билік бір жағынан ұлттық мемлекеттердің саяси аренаға келгенін мойындағандай болғанымен, шындығына келгенде Кеңес Одағы құрамына енген мемлекеттердің, соның ішінде әсіресе, Қазақ мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін заңды түрде мойындаған жоқ. Соның бір мысалын Қазақстандағы қалыптасқан өнеркәсіп орындары мен өнеркәсіп өнімдеріне биліктің орталықта, яғни, Мәскеуде орналасқан басқару органдарының тікелей бақылауында болуы. Осылайша ең бақытты қоғам деп жарияланған заманда қазақ халқы өз пешенесіне бұйырған жер асты, жер үсті байлықтарынан алас-
татылды, ендігі жерде Қазақстанға байланысты бар мәселелер орталықтан шешіліп жатты. Және ол шешімдер басқаның бәріне бірдей болып көрінгенімен, қазаққа келгенде мүлдем басқаша болып шығып жатты. Міне, сондықтан да, тың далада мыңнан аса совхоздар мен колхоздардың пайда болып, карта бетіне түсуіне дейін 28 миллион гектардан астам жердің астан-кестен болуы, 1979 жылы Орталық Комитеттің Целиноград облысында Неміс автономиясын құру туралы қабылдаған шешіміне байланысты наразылықтың өршуі, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мен 1990 жылғы Семей-Невада қозғалысының құрылуының соңында ұлттың егемендігі мен тәуелсіздігіне орталық биліктің тікелей араласуының тым шектен шығып кеткендігінің айғағы екендігі даусыз.
Қазақ елі үшін ең сәулетті де бақытты кезең – 1990 жылдар деп санайды сараптамашылар. Бұнымен келіспеу де орынсыз болар. 1990 жылы «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның», 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының қабылдануы бүгін міне, жиырма үшінші рет тойланбақшы болып отырған ұлы мереке – Тәуелсіздік күнінің бастамасы болып, азаматтардың шын мәнісінде еркін өмір сүріп, еркін еңбек етуіне кеңінен жол ашты.
Тәуелсіздік бізге осынысымен қымбат. Алайда, осы бір жанға өте жылы леп беретін сөздің арқасында тек жетістіктерімізге масаттанып отыра беру, бұл ұғымның мәнін де, сәнін де дұрыс түсінбегеніміз болуы да әбден мүмкін. Олай дейтініміз, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өзінің кезекті Жолдауын «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп атауында терең түсінік бар. Мемлекет басшысы өзінің бір ойында Қазақстан ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақтың иесі екендігін айта келе, тағы да ұлттың бойындағы «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағидаға назар аударған болатын. Бұл дегеніміз Тәуелсіздіктің арқасында бүгінгі қол жеткізген табыстарымыздың тек бір-ақ күнгі көрсеткіштері емес. Бұл шын мәнісінде, қазіргі қоғам иелерінің ертеңгі «Мәңгілік елдің» шежіресіне қосып отырған үлесі екендігін, олай болатын болса, біз Тәуелсіздікті ештеңеге айырбастамайтынымызды, керісінше оны бар күш-жігермен қорғайтынымызды айтқан еді қасиетті Ұлытаудың басында Елбасымыз.
«Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыздың мемлекеттілігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатындығын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты өзегі – бірлік-берекесі».
Олай болатын болса, ертеңгі «Мәңгілік Елдің» шын мәнісіндегі берік тұғыры – Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!
Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты
директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Астана.