«Көкшетау» мәдениет сарайында Тәуелсіздік күніне арналып өткізілген салтанатты шарада облыс әкімі Сергей Кулагин жиналысқа қатысушылар мен барша ақмолалықтарды қасиетті мерекемен құттықтап сөз сөйлеп, Елбасы Жарлығымен мемлекет наградаларына ие болған жерлестерімізге орден-медальдар мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарын тапсырды.
Салтанатты жиналысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек, облыс әкімінің орынбасарлары, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық департаменттер, басқармалар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, саяси партиялардың, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара «Қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіз Қазақстанның жылнамасы» атты бейнероликпен басталды. Онда Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығынан бүгінгі егемендік дәуіріне дейінгі еліміздің қол жеткізген жетістіктерінің бір парасы көрініс тапты. Бейнероликте Ұлы жұт, саяси қуғын-сүргін мен үдере жер аударту кезеңдері, алашордашылар идеясы мен сол ұлы мемлекеттік идеяға біріккен қайраткер тұлғалардың есімдері аталды. Әрине, азаттыққа деген бұлқыныс – Желтоқсан көтерілісі де аталмай қалған жоқ. Бейнематериалдың негізгі арқауы тәуелсіздік алғаннан кейінгі қол жеткізген табыстарымызға арналды.
Салтанатты жиын барысында сөйлеген сөзінде өңір басшысы тәуелсіз Қазақстанның осынау аз уақыт ішінде бағындырған белестеріне жан-жақты тоқталды. Ол осыдан 23 жыл бұрын жалпыхалықтық сайлауда қазақстандықтар өз Президенті етіп сайлаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінде елімізді өзгелер танитын, танып қана қоймай, баршасы санасатын тұғырлы мемлекетке айналдырғанын ерекше атап өтті. Еліміздің бас сәулетшісі, әрі құрылысшысы Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекетімізді өркендетудегі орны орасан. Сол себепті де, өңір басшысы «Қазақстан» деген ұғыммен қатар аталатын Тұңғыш Президент күні мерекесінің Тәуелсіздік күнінің қарсаңында тойлануы үлкен тарихи мәнге ие екенін айтты. Тікелей Президенттің бастамасымен қолға алынған өнеркәсіптік әлеуетті арттыру бағытындағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен Индустрияландыру картасының да елдегі жұмыссыздықты жоюда теңдессіз жоба болғаны рас. Талай қазақстандық түлектің арманына қанат бітірген «Болашақ» та ілкімді бас-
тама. Бүгінде Қазақстан әлемнің 120 елімен демократиялық байланыстарды өрбітіп, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Кедендік Одақ, Еуропалық Одақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ сияқты беделді ұйымдармен мемлекет мүддесі жолында тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Осы орайда, егемен елдің еңсесін тіктеп кетуіне ақмолалықтардың да қосқан үлесін орасан деуге болады. Өңірімізден шыққан спортшылар мен өнер адамдары, дарынды да білімді жастар жаһандық додаларда көк Туымызды көкке желбіретіп жүр. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен тәуелсіз қазақ еліне Олимпиаданың тұңғыш алтынын сыйлаған Ақмола облысының құрметті азаматы Владимир Смирнов бұл тізімнің басында тұр.
–Халқымыздың сан ғасырлық арманы саналған егемендік жолында Керей мен Жәнібек, хан Абылай, Кенесары Қасымұлы сияқты талай боздақ құрбан болды. Гүлденіп келе жатқан тәуелсіз елде күн кешіп жатқан біз – бақытты ұрпақпыз. Ендігі мақсатымыз – 2050 жылға дейін елімізді әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосу. Ол үшін әрине, біздің бірлікті сақтап, берекені молайтуымыз, татулықты ту етіп, тек тыныштық пен тұтастыққа ұмтылуымыз маңызды,–деді сөзін түйіндей келе, облыс әкімі.
Сергей Кулагин осы салтанатты шара барысында 31 ақмолалықты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Оның ішінде Елбасы Жарлығымен «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарына ие болған жерлестеріміз бар. Салтанатты шара аясында «Тәуелсіз елімді жырлаймын» атты көркемсурет туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, зергерлер Айжан Әбдубайыт пен Естай Даубайдың авторлық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Ендеше, біз де өз тарапымыздан барша ақмолалықтарды осы егемендік мейрамымен құттықтай отыра, тәуелсіздігіміз тұғырлы да ғұмырлы болғай деген тілек айтамыз.