Өз Отанының тағдырына жауапкершілік сезіммен қарайтын, еліміздің біртұтас халқын құрайтын барлық қазақстандықтар үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ең басты мереке.
Елбасымыздың көреген басшылығының арқасында экономикамыз жан – жақты дамып, әлеуметтік сала нығайып, демократиялық жаңғырулар жүзеге асып жатыр.
Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген оң өзгерістеріміз жетерлік. Біз де осы мерейлі мерекеге мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыру жолындағы нақты іспен, жаңа жетістіктерімізбен жетіп отырмыз. Өз басым 1965 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, еңбек жолымды «Каменский» кеңшарында бас агроном болудан бастадым. Кейін кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің хатшысы, аудан әкімі қызметтерін абыроймен атқардым. Еңбегім елеусіз қалған жоқ, Еңбек Қызыл Ту және екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталдым. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Веселый селосынан 385 гектар жер алып, «Елім» шаруа қожалығын, кейін еңбегіміз өрге басып, «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Содан бері 12641 гектар егістік алқаптан дәнді және майлы дақылдар өнімін жинап алып жүрміз. Мамандығым агроном болғандықтан, егістік алқаптарының күтіміне көп көңіл бөлемін. Қазіргі заманғы озық технологияны қолданып, астықтың сапалы өсуіне жағдай жасаймыз. Жыл сайын 3 мың гектар жерді жыртып, 4,5 мың гектар алқапты өңдейміз. Өзіміздің материалдық-техникалық базамыз нығая түсуде. Серіктестікте механикаландырылған қырман, сыйымдылығы 12 мың тонналық астық сақтайтын қойма, машина-трактор шеберханасы, бірқатар егіс кешені, шетел комбайндары мен агрегаттары, автокөліктер мен тракторлар бар. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысамыз. Бізде әр түрлі екпе шөптер де өсіріледі. Бүгінгі таңда 500 жылқы, 1000 қой бағылады. 450 бас ірі қара малды етке өткіздік. «Свободный» ЖШС-нің репродуктор шаруашылығынан 150 бас бұзау сатып алуды көздеп отырмыз. Астана мен Көкшетау қаласында өтетін ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде ет,ұн мен картоп сатуды дәстүрге айналдырдық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді қолға алдық. Өз наубайханамыз бар.
Жыл сайын 1 миллион теңге көлемінде орта мектеп пен медициналық мекемелерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға, қарттар мен мүгедектерге материалдық көмек көрсетеміз. Лайықты еңбекақы мен кәсіпорында жасалған жақсы жағдайдың арқасында 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың отын-шөбі серіктестіктің мойнында. Сондай-ақ, 500 пай иесіне жемшөп үлестіріледі. Жалпы, жерлестерімнің көңілінен шығуға тырысамын. Бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыстар көп. Соған жетуге жазсын.
Амангелді ОРАЗАЛИН,
«Байдалы» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры.
Сандықтау ауданы.