Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданда екі әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Аудан орталығындағы Жастар орталығы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының «Жұмыспен қамтуды инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жүзеге асыру» бағыты аясында іске қосылды. Аталмыш жоба 2014 жылдың мамыр айында қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде, 20 жұмыс орны ашылса, оның 13-і жұмыспен қамту орталығы арқылы іске асырылды.
Жаңадан ашылған Жастар орталығында аудандық кітапхана, жастардың ресурстық орталығы, жаттығу залы орналасқан. Қысқаша айтқанда, мұнда жастардың мазмұнды дем алуларына, спортпен айналысуларына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, мұнда заман талаптарына сай қажетті қондырғылардың бәрі де бар.
Орталықтың ашылу салтанатынан соң осы арада Виталий Сергеев пен Анастасия Фетисованың некесі қиылып, жас жұбайлар осында өткізілген алғашқы салтанатты шараның кейіпкерлері болды.
–Бүгін ашылып отырған Жастар орталығы ауданымыздағы жастардың бос уақыттарын мазмұнды да, сапалы өткізулеріне мүмкіндік береді деп сенемін, – деді орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жомарт Нүркенов. – Әзірге орталық ғимараттың екі қабаты жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта астыңғы қабаты да толық жөндеуден өткізіліп, іске қосылады.
Сол күні Ижевск ауылында мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында 120 орындық «Есілжай» бала бақшасы ашылды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер тәрбие алатын бұл мекеме құрылысына 103 миллион 451 мың теңге қаржы жұмсалған. Осы бала бақшаның ашылуына орай,
ауылда қосымша 20 жұмыс орны пайда болғандығы да жұмыспен қамту мәселесін оң шешуге ықпал етеді.
Сонымен Тәуелсіздік күніне орай, ауданда екі бірдей әлеуметтік нысан пайдаланылуға беріліп, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Алдағы уақытта мұнда әлі де талай қажетті нысан бой көтеруге тиіс. Оған мүмкіндік те ынта да жеткілікті.
Аршалы ауданы.
Облыс көлемінде Тәуелсіздік күні құрметіне бұдан басқа да мерекелік тартулар көп болды. Атап айтқанда, әрбір аудан мен қалада алды үш-төрт, кемі бір-екі әлеуметтік және өндірістік нысандар іске қосылып, игі жаңалықтардан көңіл жадырады. Тұтастай алғанда, осы күндері пайдалануға берілген 25 нысанның қатарында Степногорск қаласындағы «Казатомпром» бірлескен кәсіпорнының жаңа өндіріс ошағын, Есіл ауданындағы «Алтын дән» акционерлік қоғамының астық терминалын, Бурабай, Жақсы аудандарындағы дәрігерлік амбулатория-ларды, Жарқайың ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, Ақкөл ауданындағы құс фабрикасын, Сандықтау ауданындағы «Дарина» сауда үйін, тағы басқа да нысандарды атап өтуге болады.