Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург, Ақмола облыстық «Арқа ажары», қалалық «Көкшетау» газеттерінің бұрынғы бас редакторы, елімізге танымал тұлға Жабал Ерғалиев Тәуелсіздік күніне орай, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа қосқан елеулі үлесі үшін Елбасы Жарлығымен Отанымыздың жоғары наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл жақсы хабарды біздер, қаламдас әріптестері де ортақ қуанышымыз деп білеміз.
Көп жылдардан бері абзал азаматтың саналы өмірінің әрбір кезеңі туған халқы мен еліне аянбай қызмет етудің шынайы үлгісі болып келеді. Кезінде «Арқа ажарының» көрікті Көкше өңіріндегі көш-керуенінің де өміршең болуына сіңірген еңбегі бір төбе. Күні кеше ғана өз қаражатына туған ауылына мешіт салдыруы да екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен азаматтық іс екендігі белгілі.
Олай болса, құрметті Жабал Ерғалиұлы, жоғары наградаңыз құтты болсын! Әрдайым деніңіз сау, отбасыңызда тек қана қызық-қуаныш болып, Парламент қабырғасындағы заң шығарушылық қызметіңіз бен қаламгерлік ізденісіңіз жаңа толайым жетістіктермен еселене түссін. Қашанда зор биіктерден көрініп, ел сенімін ойдағыдай ақтай беріңіз!
Ізгі ниетпен, «Арқа ажары» газеті редакциясының қызметкерлері.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қорғалжын аудандық мәслихатының шешімімен өңірдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене атсалысқаны үшін осы елдің тумасы, қадірлі әріптесіміз, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы мен Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Бәдуан Имашұлы Имашқа «Қорғалжын ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
«Арқа ажары» газетінде 40 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етіп, әдеби қызметкерден басшылық лауазымға дейінгі шығармашылық жолдан өткен қаламгер ағамызды шын жүректен осы қуанышымен құттықтап, деніне саулық, отбасының амандығы мен өмірдің бар қызық-қуанышын тілейміз. Еңбегіңіздің лайықты бағасын беріп жатқан жерлестеріңіздің сый-құрметі мен сенімі жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, әрдайым биік белестерден көретін болайық!
Ізгі ниетпен, «Арқа ажары» газетінің ұжымы.