Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үлгілі елді мекен - АРҚА АЖАРЫ

Үлгілі елді мекен

Жылдың соңғы айы Родина ауылдық округінің тұрғындары үшін жағымды жаңалықтарымен есте қалып отыр.

Мемлекеттік мерекелер өз алдына. Мұның басқа да өзіндік себебі бар. Жылда көктем туысымен Родина ауылының тұрғындары ешқандай ескертусіз-ақ көгалдандыру жұмыстарын қолға алып, басқалардан бұрын үйлерінің маңын, елді мекендерін мұнтаздай ғып тазалауды әдетке айналдырған.

Ал, «Родина» агрофирмасының» бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович Сауэр болса, ежелгі дәстүр бойынша осы бір игі істі ынталандыру жолдарын қарастырады. Биыл да солай болды.  Байқау қорытындысы бойынша Родина елді мекенінің тұрғындары А.Баньщиков бірінші, В.Кравчук және А.Орленко екінші, үшінші жүлделі орындарға ие болды. Оларға тиісінше 50 мың және 30 мың теңгенің, сондай-ақ, 20 мың теңгенің көлемінде  ақшалай сыйлықтары тапсырылды. Зеленый Гай селосында осындай 30 мың теңге сыйлыққа  А.Язаджи қол жеткізді. Садовый селосында да 20 мың теңге ақшалай сыйлықты Ю.Слепцов жеңіп алды.
Шаруашылық басшылары бұдан басқа да байқау шарттарын қарастыра келе «Көгалдандыру ісінің белсендісі» аталымы бойынша  В.Вилков, Н.Михель, Н.Ковалев сияқты жекеменшік үй иелеріне 10 мың теңгеден ақшалай сыйлық ұсынды. Сол сияқты, «Таза аула», «Гүлдер әсемдігі», «Эстетикалық үлгідегі үй» конкурстары бойынша  да көтермелеу сыйақылары мол қарастырылған екен. Комиссияның шешімі бойынша  жеңімпаздар санатына енгендердің бәрі өздеріне тиесілі сыйлықтарын алып, мерейлері бір көтеріліп қалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында қойылатын талаптар Родина ауылдық округінде  барынша ыждаһаттылықпен жүзеге асырылып келе жатқандығын кім болсын, бірден аңғарады. Жел электрстансасы, қайра жаңартылған бала бақша, сүт зауыты, асыл тұқымды сауын сиырлар табыны, жаңадан салынып жатқан астық қабылдау кәсіпорны, шағын хайуанаттар паркі, ойын атракциондары, теп-тегіс автокөлік жолдары соның бірден-бір айғағы дер едік.
Иван Сауэр ұжым мүшелерінің тұрмыстық жағдайын да  күні бұрын ойластыратын сирек, көзіқарақты басшылардың бірегейі. Олай дейтініміз, ауылға жаңа мамандарды тартып, соларға арнап, 8 жаңа үйдің құрылысын аяқтады. Сөйтіп, «Жастар» шағын ауданы пайдалануға берілді. Бұл үйлердің кілтіне  жас мөлшері 29-ға дейінгі жастар қол жеткізді.  Осылайша ол шаруашылық жастарын ерекше бір қуанышқа бөлей білді.
«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына өз үлесін қосқан шаруашылық осылайша С.Городецкий, В.Пигасов, Б.Сағындықов, А.Нұрғалиева, С.Рупшис, С.Листков, Ю.Кузнецов пен Ю.Бергке жас маман ретінде тамаша үйлер салып берді. Құрылысы 4 ай ішінде аяқталған әр баспананың көлемі 155 шаршы метр. Ал әрбіреуінің өзіндік құны 13 миллион теңгеге жуық.
Бір ескеретін жәйт, Родина ауылындағы барлық үйлер тек бір орталықтан жылытылады. Мұнда мұржаларынан түтін шығып жатқан үйлерді атымен көрмейсіз. Аталмыш шаруашылық 2015 жылы тағы да осындай 20 үй салуды нақты іс-жоспарына енгізіпті.
Мереке қарсаңындағы қорытынды жиналыста тиісті мемлекеттік бағдарламаларды уақытында әрі сапалы орындаған құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары ұжымдарына да арнайы сыйлықтар тапсырылды. Бұған «жақсыдан шарапат» дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ.

Жанат  ТҮГЕЛБАЕВ,
штаттан тыс тілші.
Целиноград ауданы.
Суреттерде: мына тамаша үй енді жас маман Виктор Бергке тиесілі; шаруашылықтың «Жастар» шағын ауданындағы жаңа үйлер.
Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар