Кез-келген саланың қызметкерлері төл және кәсіби мерекелерін ел алдындағы есебі деп біледі. Өзің қалаған кәсіптің жауапкершілігі де осында. Бұл орайда, 95 жылдық торқалы тойын атап отырған «Егемен Қазақстанның» мойнындағы жүк-салмақтың деңгейін әлгі «95» дейтін санмен безбендеп көрсек те болғандай. Әсте жеңіл міндет арқалап отырған жоқ бұл басылым.
Газеттің 1919-ыншы қой жылы, 17 жәді, сәрсенбіде, «Ұшқын» атымен жарық көрген бірінші нөмірінде, «Басқарма» деп қол қойылған оқушыларға арнау мақала жарияланған. Онда: «Ел қамы, ел тілегі үшін «Ұшқынның қойны ашулы, ниеті дұрыс. Білген кісіге «Ұшқын» елдің ақ ниетті, адал тілекті бір баласы, қашанда болса елін ренжітпес, анасының ақ сүтін ақтар», – деп келетін мөлдір сөздер жазылған. Бұл жай ғана сөздер емес еді. Мұны алға қойған мақсат, елге берген серт деңіз. Ел өз үнінің асқақ естілуіне маңдайалды марқасқа ұлдарын жұмылдырды. Мұны мен қазіргі акционерлік қоғамның ұзақ жылдарға президенті Сауытбек Абдрахмановтың толғанысты сөздерімен жеткізгім келеді: «Басылымның тізгінін әр жылдары Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды қазақтың небір жақсысы мен Жайсаңы ұстағанын ойлағанда сол қасиетті жолды жалғастыру бақытын бұйыртқан тағдырыма тәубе деймін…»
Бұл газетте ертелі-кеште жұмыс істеген асыл ағаларымыздың бәрі, ардақты апаларымыздың бәрі, қадірменді тұстастарымыздың, ізетті іні-қарындастарымыздың бәрі шамамен осылай ойлайды, олардың бәрі қазақтың бас басылымында жұмыс істеудің қандайлық мәртебе екендігін сезінген, сезінеді деп сеніммен айта аламыз. Қазақ елінің бас газеті алдағы кезде де өзіне тарих жүктеген қасиетті міндетті – ұлттық рухтың ұстындарының бірі болу міндетін абыроймен атқара береді, әрдайым оқырмандарымен бірге тыныстай береді деп сендіруге болады. Оқырман демекші, газеттің бүгінгі таралымы 200 мыңнан асып отыр. Елімізде мұндай көрсеткішке жеткен газет жоқ. Бұл – халықтың қолдауы, бұл – шығармашылық орданың бақыты.
Халық тағдырымен тарамдас өрбіп, 95-тің төріне шығып отырған, бүгінгі күнімізге «Егемен Қазақстан» болып жетіп отырған Жалпы ұлттық республикалық газет Отан-Ананың «ақ сүтін» ақтай беретіні ақиқат. Оған берілген баға да жоғары. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бес жыл бұрын айтып қойғаны баршаға мәлім. «Егемен Қазақстан» – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы деп ардақтала аталатын бас басылым. Газет жиырмасыншы ғасырдың күнгейіне де, көлеңкесіне де куә бола жүріп, сол кезеңдегі жан жадыратар жетістіктеріміз бен өзекті өртер өкініштерімізді қаламның күшімен өріп, тұтас бір дәуірдің жылнамасын жазып шықты. «Ұшқынның», «Еңбек туының», «Еңбекшіл қазақтың», «Еңбекші қазақтың», «Социалды Қазақстанның», «Социалистік Қазақстанның» беттерінде халқымыздың жасампаздық жұмысының жарқын жеңістері, сол жолдағы қиындықтарды қалай еңсергені, бүгінгі тәуелсіздігімізге тұғыр болған экономикалық қуатымыз бен рухани байлығымызды қалай қалыптастырғаны келісті көрінді.
Тәуелсіздік таңы атқан соң елдің бас газетінің алдына жаңа мемлекет құру ісін жан-жақты көрсету, халқымызды жаңа жағдайда өмір сүруге бейімдеу, нарықтық экономиканы енгізуге, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға көмектесу міндеті қойылды. «Егемен Қазақстан» бұл міндетті абыроймен атқара білді.
Бүгінде «Егемен Қазақстан» нағыз елдіктің мінберіне айналды, өмірдің барлық саласын бірдей қамтитын әмбебап газет, сөзі салмақты, байламдары байыпты, шын мәніндегі бас басылым ретінде орнықты. Алдағы кезде де осылай бола береріне сенемін».
Бұл үлкен құрмет. Мұны ұжым өзіне көрсетілген көмек-қолдаудың нәтижесімен де байланыстырады. Жаңа астанамызға, сол кездегі Ақмолаға алғашқы болып көшкен газеттің бірі – «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы еншісін алып, Көкшетауға көшкен кез. Газет Целиноград ауданының жұпыны әкімшілік ғимаратына қоныстандырылды. Аудан әкімшілігінің басшысы, бүгінгі Сенатор Рашит Әкімовтің: «Мен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанға» өз ордамды босатып бердім», – дейтіні осыдан. Біраз жыл қызығын көрдік.
Әйткенмен, сол бір қиын-қыстау кезеңнің өзінде ғимарат жаңартылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы газеттің 90 жылдығында өзі арнайы келіп, сегіз қабатты заманалық ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау сөзін арнады. Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары тарихында Мемлекет басшысының басылым шаңырағына арнайы келуі бұрын-соңды болған емес. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан тарихында «Егемен Қазақстан» көшесі дейтін көше болған емес. Міне, соның екеуі де болды. Бұл «Егемен Қазақстанға» ғана емес, бүкіл қазақ баспасөзіне көрсетілген құрмет еді.
Осы ретте, газет тойының мерекелік ауанында, Көкшетау мен Ақмола облысының басшылығына, қалың жұртшылыққа өз ризашылығымды білдіру мүмкіндігі туғанын ғанибет санаймын. Бұрын аудандық газеттегі, Қазақстан Жазушылар одағының баспасындағы, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің жетекші бөлімдеріндегі еңбектерім ескерілген болуы керек, 1992 жылдың күзінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметіне орналастым. Бұл аяулы азаматтар Жанайдар Мусин, Әуез Өтеев, Хәкімтай Әміров, Маман Ементаев, Нұрқан Ысқақов, Мәтен Бижановтардың, тарланбоз аға Төлеген Қажыбаевтың, Жабал Ерғалиев, Қорғанбек Аманжолов, Кәрібай Мұсырманов, Балталы Сәрсенбаев, Сайлау Көшкенов сияқты жүйрік журналист әріптестерімнің ұлағатты тілектестігінің арқасы деп білемін. Сондай-ақ, менімен әңгіме сынақ өткізіп, жұмысқа алу жөнінде бұйрық дайындатқанымен оған қол қоюға үлгермеген Шерхан Мұртаза абызға, сол бұйрыққа қол қойған әйгілі Әбіш Кекілбаевқа рахметім шексіз. Жағдайдың бұлай болуы, «Бара бер, ертең келерсің» деген Шерағаңның, сол ертеңінде республикалық телерадио компанияның басшысы болып кетуінен еді.
Шерхан Мұртаза «меншікті тілші «Егеменнің» елдегі құлағы мен көзі» деген сөзімен көп мағынаны, ауыр жауапкершілікті алға тартатын. Мұндайда, яғни, бұл талапқа «көптің бірі» деген бағам жараспайды, «ел қатарлы» деген ұстаным да келіңкіремейді. «Әл-қадарымызша» деген пайымға да әзер-әзер келісуге болатын шығар. Сол «әл-қадарымызға» ширек ғасыр айналып қалған екен. Өз-өзімізге баға беруден аулақпыз. Құралақан отырған да жоқ сияқтымыз. Мәселе елдің амандығында, Тәуелсіздігіміздің тұғырлылығында! «Мәңгілік Елдің» көші түзеліп келеді. Ендеше, жазар жақсылығымыз, жеткізер қуанышымыз көп болсын!
Төл газетіміздің торқалы тойы құтты болсын, ардақты ағайын!
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.
Суреттерде: «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы күндерінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановты облыс әкімі Сергей Кулагин қабылдады; оқырмандармен жүздесу сәті.