Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ішетін суымыз таза болса дейміз - АРҚА АЖАРЫ

Ішетін суымыз таза болса дейміз

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті «Көкшетау-Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инвестициялық міндеттерін орындау және субъектілерге жөндеу жұмыстарын жүргізу барысы жөнінде баспасөз турын ұйымдастырды.

Алдымен, Бұқпа тауының төбесінде орналасқан телемұнара маңындағы кәсіпорынның су тазалағыш станциясын аралап көрдік. Мұнда су қоймасынан сорылатын су құммен тазаланатын көрінеді. Әрине, бұл судың сапасы қазіргі кезде қала тұрғындарының көңілінен шығып отырған жоқ. Осы орайда, бұл маңда ауыз су тазалайтын жаңа станция салынуда. Нысанға су тазалайтын қондырғылар таңдап, сатып алу үшін конкурс өткізілуде. Біз үш контейнер ішінде орналасқан әрбіреуі сағатына 3 текше метр су тазалайтын қондырғылардың жұмыс үрдісімен таныстық. «Көкшетау-Су арнасы» кәсіпорнының бас директоры Зейнұр Әлібековтың айтуынша, биылғы жылы ауыз суды тазалайтын кешендерде пилоттық сынау жұмыстары басталыпты. Бұдан алынған мәліметтер Шағалалы су қоймасының суын модульдік мембрандық сүзгішпен тазалауға мүмкіндік береді. Әр түрлі су сүзгіштерінің пилоттық сынағына Алматы қаласының «Мембрандық технология, СА», астаналық «Мұнай-экология компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Мәскеу қаласының «Палл корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі қоғамы қатысуда. Жобаның міндеті тазалаудың нақты үрдісін қамтамасыз ету үшін технологиялық және пайдалану өлшемдерін және су қоймасындағы су сапасының ауысымдық өзгеруін есепке алып, тазаланған судың сапасын анықтау болып отыр. Мұндай қондырғының жұмысы кезінде судың сапасы, ауыз суға пайдаланылатын судың көлемі және тазаланған суға кететін шығын анықталады. Сынақтың нәтижесі, тазаланған 1 текше метр суға кеткен шығынды анықтауға мүмкіндік беріп, мембрандық тазалау технологиясын таңдау кезінде жұмыс тобының шешіміне ықпал етпекші. Тазаланған судың сапасын бақылауды үш тәуелсіз зертхана жүргізеді. Суды зерттеу тұтынушылар құқын қорғау басқармасымен келісіліп, кестеге сәйкес көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады. Қондырғы тасымалдаушыны судың сапасы мен шығыны бойынша сынақтың нәтижесі негізінде Көкшетау қаласының әкімдігі бекіткен жұмыс тобы таңдайды.
Осы саланың байырғы маманы Ғалым Омаровтың айтуынша, кеңес заманында бұл технологиялар жөнінде сөз де қозғалмаған көрінеді. Мембрандық технология Қазақстанның түкпір-түкпірінде он жылдан бері қолданылып келеді. Бұған қызмет көрсететін сервистік орталықтар да бар.
Конкурстан өткен компанияның технологиясы жаңа салынып жатқан су тазартатын станцияда қолданылатын болады. Бүгінгі таңда Көкшетау қаласы тәулігіне 21 мың текше метр ауыз су тұтынады. Оның 17 мың текше метрі Шағалалы су қоймасынан алынып, 6 сүзгіші бар бұрынғы су тазартқыш станциясынан берілуде. Қалған ауыз су Сергеев су қоймасынан және жер астынан алынады.
Бұдан кейін «Көкшетау-Су арнасы» ЖШС-нің диспетчерлік қызметінің бөлімшесінде болып, жұмыс барысымен таныстық. Мұнда тәулік бойы ауыз су және кәріз жүйелерінің мәселесі бойынша қала тұрғындарының өтінімі қабылданады. Биылғы жылы телефон шалу бойынша тіркеу және бейне бақылау жүргізілетін болыпты. Оның қорытындысы күн са-
йын өтетін лездемеде айтылатын көрінеді. Демалыс пен мереке күндері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. «Жайлау» шағын ауданын және Краснояр селосы мен Станция кентін сумен қамтамасыз ететін су сорғыш станциясының жұмысы ұялы телефон байланысы арқылы басқарылады. Диспетчер компьютерден су құбыры жүйесінің қысымын көріп, автоматты түрде реттеп отыратын көрінеді. Сондай-ақ, компьютерден апатты жағдай, кәсіпорындағы арнайы автокөліктердің қозғалысы бақыланып, электр қуаты мен су шығыны есепке алынады. Бұл жүйе уақыт, жанар-жағар май мен электр қуатын үнемдеуге ықпалын тигізуде. Су сорғыш станциялары электр пештерімен жылытылғандықтан, қыс айларында пайдаланылатын электр қуатының көрсеткіші арта түсуде.
Өткен жылы кәсіпорын жердің астыңғы қабатын көлденең қазу әдісімен 0,216 шақырым су құбыры жүйесін тартыпты. Бұл әдіспен көшенің абаттандырылуы мен асфальт жамылғысы бұзылмайтын көрінеді. Сондай-ақ, 10,92 шақырым су құбырлары мен кәріз жүйелері ауыстырылыпты. Ондаған арнайы техникалар, оның ішінде су есептегіш аспаптар сатып алыныпты. Сөйтіп, кәсіпорынның өткен жылғы инвестициялық бағдарламасы 100 пайызға орындалыпты.
Биыл жердің астыңғы қабатын көлденең қазу әдісімен 6,63 шақырым су және кәріз құбырлары тартылып, 9,92 шақырым жүйе ауыстырылыпты. Манипулятор кранын сатып алуға 11 миллион теңге көзделіп отыр. 2014 жылы жүйенің лицензиялық қолжетімділігі үшін Office 365 М бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі барлық компьютерлерде орнатылды. Сондай-ақ, әкімшілік ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кабинеттерге жаңа жиһаздар қойылған. Осының бәрі кәсіпорын жұмысының алға басып отырғанын дәлелдей түседі.
Суретте: кәсіпорын директоры Зейнұр Әлібеков журналистерді өз жұмыстарымен таныстыруда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар