«Көкшетау» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси, әлеуметтік журналының кезекті саны жарық көрді.
Әдеттегідей, мұқабасы түрлі-түсті суреттермен әсем безендіріліп шығарылған журнал жерлес жазушы Ғалихан Ахметовтың жаңа туындысы – «Үкілі Ыбырай» романының жалғасымен ашылады. Журналда сондай-ақ, поэзия жанрына да үлкен орын берілген. Ақындар Ерболат Баятұлы, Серік Жетпісқалиев, Марат Бөкіұлы, Владимир Гундаревтің өлеңдері осыны аңғартады.
Журнал жариялаған әңгімелерден биыл 60 жасқа толған жазушы Өмірзақ Мұқаевтың «Социализмнің» соңғы тұяғы» трагикомедиясын, моңғол жазушысы Хоролын Зандарбайдидің «Жалғыздық сергелдеңі» туындысын оқи аласыздар. Журналдың осы санында берілген белгілі қаламгер Жабал Ерғалиевтің қазақтың аяулы бір перзенті Мырзатай Жолдасбеков туралы «Ақ ниетті асыл ой мен асыл сөз», танымал ғалым Бақтияр Смановтың Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай «Үлкен өмір ұшқыны» эсселері, тарихшы Қадыржан Әбуевтің «Науан Хазірет – тарихи тұлға» танымдық мақаласы да журнал жүгін көтеріп тұрған дүниелер. Жазушы Жылқыбай Жағыпарұлының новеллалары, Ауданбай қажы Ахметжанұлының «Ойтүрткі» айдарымен берілген шығармасы, әдебиеттанушы ғалым Рәшит Әл-Каренидің Ақан сері туралы ой-толғамдары да оқырман ойынан шығатынына сенім мол.