Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік толғауы: елдің толық қолдауы - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік толғауы: елдің толық қолдауы

Көңіл терезесін кеңейткен толғам

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жарқын мерекесі – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында халқымызға «Тәуелсіздік толғауын» жолдады.

Елбасының: «Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге қарыздармыз», – деген ерекше мән мен мағынаға толы толғамы бүгінгі күннің өмір ұранына айналуға тиісті. Өйткені, біз бұл күндерге оңай жеткен жоқпыз. Ел тағдырында белең-бұралаң белес-тер көп болды. Әйткенмен, ұлттық рух, ұлттық идеология ешқашан бәсеңдеген емес. Осы ретте халқым деп туған Нұрсұлтан Әбішұлының сан қырлы еңбегіне, көшбасшылық қабілетіне тәнті болуымыз керек. Бұл ізгі ұмтылыстардың қуаты халықтың Елбасын жаппай қолдауында еді. Осының арқасында жаймашуақ тіршілік кешіп, аталар аманатын, өзіміздің биік ой-армандарымызды жүзеге асырып отырмыз. Бала-шағамызды тәрбиелеп, немере-шөберелеріміздің болашағына нық сеніммен күн кешудеміз.
Егемендік республикамыздың көпұлтты халқына еркіндік, бостандық әкелді. Біздің ұлы кемемізді халқымыздың ардақты перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы дәуір сындарында шайқалтпай, түпкі бағытымыздан адастырмай алға бастап келеді. Табыс-жетістіктерімізді әлем көріп отыр. Бірақ, Елбасы «толдық-болдық» демей, үнемі ілгерілеуіміз керектігіне үндеуде. Ауызбіршілігі, ынтымағы жарасқан, мақсаты ортақ халқымыз «Мәңгілік Елдің» есігін қаға бастады. Амандық болса, оған жететін күн де алыс емес.
«Тәуелсіздік толғауын» тыңдағанда түйген ойлар көп. Жақсы ойлар жетегінде болайық. Азаттығымызды ардақтай білейік, ағайын!

Өмірбек БӘЙКЕНОВ,
еңбек ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Достығымыз – ырысымыз

Тәуелсіздік күні – еліміз үшін аса маңызды мереке. Жылдан-жылға еліміздің еңсесі тіктеліп, әлем елдері алдында беделі биіктеген сайын бұл күннің де мерекелік рухы асқақтап, әрбір қазақстандық азамат үшін айрықша атаулы күнге айналып отыр.

Мәселен, кешегі мереке күндері көшелердегі халықтың көтеріңкі көңіл-күйі, бұл күнге деген ерекше дайындығы айрықша сезілді. Ал, мұның астарында халықтың Тәуелсіздікті қастерлеген, дәріптеген құрметі жатыр. Негізінен мұндай мерекелік күндер ел халқын патриоттыққа, елжандылыққа біріктіреді. Мысалы, алдағы жылы да бізді бірнеше маңызды, атаулы күндер күтіп тұр. Айталық, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығының аталып өтілуі – түп-тұғырында Тәуелсіздігімізбен үндескен айрықша оқиғалар болмақ.
Біз тәуелсіз болған жағдайда ғана мұндай мемлекеттік мерекелер жайлы, ауызбіршілік туралы айта аламыз, тіпті, экономикалық өсім, саясат, мәдениет туралы да егемендіктің арқасында ғана әңгімелеп жүрміз. Еліміздің бүгінде алға қойған мақсаты, бағдары айқын. Ол – «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Елбасы бекітіп берген – «Нұрлы Жол» бағдарламасы. Бұл Жолдаулардың түпкі астарында «Мәңгілік Ел» жалпыхалықтық өмір философиясы бар. Бұл – Қазақстанды дамыған, өркениетті қоғамға апарар дара даңғыл.
Біздің ел алға қойған міндеттерді толығымен еңсеріп келеді. Көздеген биіктерді бағындырып, талай жетістіктерге жеттік. Ал, мұның бәрі Елбасының мықты Көшбасшылық қасиетінің арқасында екенін атап өткеніміз жөн. Әрине, мемлекеттің өркендеуі үшін, оның Тәуелсіздігі берік болуы үшін қоғамдағы ауызбіршілік өте маңызды. Бірлік бар жерде, тірлік бар. Оны қазіргі әлемдік жағдай дәлелдеуде.
«Береке, қайда барасың?» дегенде «Бірлікке барамын» деген екен. Шынымен де, елдің ырысты болуы береке-бірліктің арқасында. Ал, осыны Елбасы ертеректен-ақ басымдыққа алып, сонау алмағайып 1995 жылдардың өзінде елдегі барлық этностардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Ал, бұл институттың қазіргі күні елімізде орнаған бейбітшілікке қосқан үлесі зор деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан біздің елге қызығушылық танытып, үлгі алушылар көп.
Тәуелсіздік мерекесіне орай әрбір азаматымызға денсаулық, әрбір үйге береке-бақыт тілеймін. Қазақстан деген үлкен отбасымыз аман болсын. Аспанымыз ашық болып, береке-бірлігіміз үнемі жарасым таба берсін. Сүйікті Отанымыз – Қазақстанымыз бұдан да әрі қарай көркейе берсін.

Аскер ПИРИЕВ,
«Ахыска» түрік мәдени орталығы» қоғамдық
бірлестігінің жетекшісі.

(«Егемен Қазақстан»,
19 желтоқсан, 2014 жыл).

Білімді жастар – ел тірегі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында бабаларымыздың сан ғасырлық арманына қол жеткізген бүгінгі ұрпақтың осы  бақытты мәңгі қолда ұстап қалуы үшін қажетті рухани тұтастық идеясын жариялады.

Тәуелсіздік толғауында қазақстандықтардың бірлігін бекем ету үшін қажетті негізгі факторлар атап көрсетілген.  Сондай-ақ, Ұлт Көшбасшысы халыққа қарата айтқан терең мазмұндағы бұл сөздерінде  еліміздің тағдыры мен болашағының ертеңгі күні қалай болатындығы тек біздің өзімізге ғана байланысты деген ойды айтады. Иә, расында да, мемлекеттілігіміз тұғырлы, әрі ғұмырлы болуы үшін ең алдымен, өзіміздің оның болашағын жарқын етуге күш салуымыз маңызды. Бұл жолды да көреген Көшбасшымыз көрсетіп беріп отыр.
«Тәуелсіздік дегеніміз – жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі», − дей келе, Президент тағы да жастарға сенім арта сөйледі. Мен өзім білім беру саласында еңбек етіп жүрген азаматша болғандықтан, оны өзіме, өзім басшылық жасап отырған білім ошағының барлық ұстаздары мен оқушыларына қаратыла айтылған сөз деп ұқтым. Бүгінде 600-ден астам шәкірт білім алып жатқан оқу ордамыз  өңірдегі  орта мектептердің  үздік бестігіне кіреді.  Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын түрлі зияткерлік сайыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері. Дегенмен, біз бағындырған бұл белестерімізге тоқмейілсуден аулақпыз. Әлі де білім атты асқар таудың биік-биік шыңдарын бағындыра беру ниетіндеміз.  Ол үшін әрине, бұдан да өсе, жетіле түсуді, еліміздің ертеңгі келешегін кемел етер мақсатшыл, еңбекқор жастарды тәрбиелеуге күш салуды көздеп отырмыз.
Облыстық мәслихат депутаты ретінде де, жалпы, Отанымның патриоты ретінде де мен елімінің  болашағының жарқын болғанын қалаймын.  Осы ұлы мұратқа тек сөзбен емес, өз ісіммен де үлес қоссам ба деймін. Ендеше, алдағы уақытта да өз жұмысым, қоғамдық қызметім арқылы  шама-шарқымша осы үдеден шығуға талпына  беретін боламын.

Бақыт МОЛДАЖАНОВА,
Ерейментау қаласындағы №3 орта мектептің директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар