Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бәйге - АРҚА АЖАРЫ

Бәйге

(әзіл әңгіме)

Табандатқан бір ай бойы дайындаған жүйрігі қас қылғандай бәйгеден дәл бір күн бұрын сүрініп кетсін. Бұл іштей жаман ырымға балаған. Ана жылы аудандық мәслихатқа депутат боламын деп үміттенген ағасы Қошемет те дәл сайлаудан бір күн бұрын теп-тегіс табалдырықта сүрініп кетіп еді.

Қаншама күш-қуатын жұмсап, малын шашқанымен өтпей қалған. Ең сорақысы сол, жалғыз дауыс та ала алмады ғой. Алпыс үйлі ағайын сайлаудың қорытындысы шықпай жатып, дауысымды саған бердім деп кезек-кезегімен келіп құттықтап шыққан. Нәтижесі әлгі. Содан бері ойға алған істің жүзеге асар шағында сүрініп кетуді жаман ырымға балайтын. Әйтпесе, дайындықта қапы жоқ. Отыз күн бойы бұлшық еттерін бекемдеп, белін бекітіп, азығын өзі жасап алған ережеге сай кестемен ғана там-тұмдап беріп, жаратып еді. Жалғыз өзі шапқанда қасына қара ілестірмейтін жүйрік-тұғын.
Әйтсе де, қол алысып, келісіп қойған соң бәйгені өткізбей болмас. Ерлігіне, азаматтығына сын емес пе? Асылында осы бәйгені ойлап тапқан адам сөз жоқ асқан ақылды болар. Дүниежүзінде қанша бәйгенің бар екендігін, оған кімдердің қатысатындығын бір Алла біледі. Ал, нақ қазақтың жаратылысы үшін бәйге дәлме-дәл келіп тұр. Бәйге деген сөздің өзінің арғы жағында бәсекелестік, бір-бірінен атақ оздыру, абырой асыру деген ұғымдар тығылып жатқан жоқ па. Ал, біздің қазекең өзгеден өзін оздыру үшін не істемейді десейші. Әрі алпыс үйлі Қыстауқамыс ауылында дәл қазір әкетіп бара жатқан шаруа да жоқ. Қорадағы бірер малдың жем-шөбін жинап алған, отыны үюлі. Кешегі кеңес заманындағыдай, таң сәріден қылқылдап, қамшының сабымен терезені тықылдатып бригадир келіп тұрмайды. Қашан тұрасың, қашан жатасың өз еркіңде. Кітап оқиын десең кітапхана жоқ, кино көрейін десең клубты бұзып әкеткелі он сегіз жыл. Жылтиып көршінің үйіне бара берсең, олар да көп жақтыра қоймайды. Енді қалғаны бір-бір жүйрігін баптап, дайындап, жарыстыру. Бәйгесі де көп емес. Өткенде облыс орталығына барғанда естіген Тағылытау ауданында қырғын ас өткен екен. Баяғы Сағынайдың асына пара-пар. Тіпті, одан да жомарттау, бәйгесі молдау болған көрінеді. Аста өткізілген әрқилы жарысқа сегіз Джип тігіпті.
Келісілген уақытта бәйге басталды. Бұл әуел баста жаһан даланы ұлы дүбірге бөлеп, «Сарыарқаны» ойнатып қоймақшы болған. Күйдің өзі құдірет қой, жүйріктеріне дем берер, бұлшық еттеріне күш құяр деген. Тек Есенбай көнбеді. Рэп музыка қоймақшы. Өне бойы дүңк-дүңк, тарс-тұрс дыбыстар «Сарыарқадан» әлдеқайда қуатты, әрі әлденеше сағатқа созылатын бәйгенің өне бойында әуенге ілескен алапат қуат үздіксіз құйылып тұрмақ.
Міне, бәйге де басталды. Кешегі сүрініп кеткенінен көңіліне күдік кіргені болмаса, жүйрігі бабында тәрізді. Алғашқы айналымда қара салдырмады. Есенбай да есі бір кіріп, бір шығып қиқуға қиқу қосып, аттандап отыр. Мынау дүниедегі болып жатқан маңызды мәні бар шаруаның бәрін ұмытқан. Көптен алынбаған, арқар миронос қойдың күзгі жабағысы тәрізді, темір тарақтың тісі батпайтын шашын саусағын салалап сипап қояды. Осы пәтшағардың кеше жазда көлеңке, қыста ық болып  тұрған қорасы да құлап қалған.
– Әй, – деді бұл Есенбайды аш бүйірінен шынтағымен түртіп қап,–сары сиырың енді далада қыстайтын шығар. Бәйгеде басың қалды ма, бәрібір жеңілесің. Жүлдені шаппай аламын. Одан да босқа уақыт өткізгенше қораңды түзеп алсаңшы.
Есенбай Есенбай болғалы қалқайтып қора салған емес. Әкесінен қалған көне дүние. Айналдыра төрт діңгек қағып, төрт діңгекке қайың сырғауылдарды матастыра шегелеп, ішіне сабанның топанын салып, сиырдың жапасымен тығындап, ілдебайлап қойған қора.
– Құласа құлай берсін,–деді Есенбай, – тамыздыққа жақсы. Сары сиырды қайын енеме бере тұрамын. Қызын мен бағып жатырмын ғой. Сиырымды бақпас дейсің бе?..
Көз алдарында көрген адам-ның алпыс екі тамырындағы қанды қайнатып, бастарына шаптырып, бәйге өтіп жатыр. Бәйге дегенде қайран қазақтың қаны ойнамаушы ма еді. Қызықтығы өз алдына бір бөлек, намыс дегенді айтсаңызшы. Қаншама күн дайындаған жүйрігі қара басып қалып қойса, сүйегіне таңба түсті деген сол, әне. Жігерің құм болып ауылдағы өзің сияқты бәйгеқұмарлардың бетіне қарай алмай, бетіңмен жер басып қаласың. Ал, алда-жалда жаратқан ие жар болып, жұлдызың жанды ма, алпыс үйлі Қыстауқамыста сенен мықты жан жоқ.
Той жоқ ауылда. Болуын болады, бірақ, алпыс үйлі ауылда орын болмаған соң, барлығы Өркештауға, аудан орталығына  барып жасайды. Қарап отырсаң, қуанышының өзі ауылдың қотанында емес, өзге жерде екен. Тек қайғысы ғана ортақ. Жаңағыдай жарыста желкенің желбіресе, бата оқырға барып бөсіп отырасың.
Бір-бірімен үзеңгі қағыстыра жарысқан жүйріктердің сүт пісірім уақыт өткен соң ара-жігі ажырай бастады. Мұның қарагері әупірімдеп қара үзіп шыққан. Осы бір бәйгесі көбейгірге көзі түскен сайын айран-асыр болып, таң қалатыны бар. Бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған, аяқтары мынадай жылдамдықпен жосылтқанда қалай шатасып қалмайды екен. Көз алдарында жалпақ жазықтық, жазықтықтың үстіндегі жан алып, жан беріскен аламан бәйге өмірдің өзі сияқты болып көрініп кетеді  кей-кейде. Иә, өмір де біреуді оздырған, біреуді тоздырған бәйге іспеттес қой.
Міне, жүйріктер де мәреге жақындап қалды. Үстінен төне түсіп құтты бір қиқуынан қуат алатындай ащы айғайға бассын келіп. Жүйріктер де жер танабын қуырып, жүйткіп барады.
Кенет әлдене оқыс сарт ете түсті. Күнімен тарақан жарыстырып отырған екеу бір-біріне жалт қарасты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар