Менің ұғымымда өз Отанын сүйген әрбір адам бірлік пен берекенің сақталуына жауапкершілікте болады. Ал, туған жерге деген махаббат ең алдымен, оның тарихына құрметпен қараудан басталады.
Мен өзім әлем тарихындағы ең жойқын қақтығыс – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украинаның Житомир облысы Прутовка елді мекенінде дүниеге келгенмін. Сол ауылда өстім, жетілдім. Кейін тың игеруге Қазақстанға аттандық. Мұнда келгенде, тракторшы мамандығына оқыған едім. Өз есебім бойынша шамамен жетпіс гектардай алқапты тыңайтуға қатыстым. Мен өзімнің Көкшетау – Қызылорда тас жолын төсеуге атсалысқанымды да мақтан тұтамын. Сол жол салушылар бригадасында көлік жүргізушісі болдым.
Ал, колхоз жұмысына араласа жүріп, саясатқа бет бұра бастадым. Сол тұстағы Чкалов ауданы Шляхленина колхозында біраз еңбек еттім. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы, кейін облыстық комсомол комитетіне шақырылып, ұйымдастыру бөліміне басшылық жасадым.
Табан аудармастан он екі жыл басшылық жасаған туризм басқармасының, ондағы ұжым мен жора-жолдастарымның орны мен үшін ерекше. Себебі, ол кезде біз бар күш-жігерімізді облыстағы туризм секторын өркендетуге жұмсаған едік. Менің бір риза болатыным, сол ұжым мақсатты істің алға бастайтынын, межеге тек жұдырық болып жұмылып жетуге болатынын жақсы түсінді. Арамыздан қыл өтпеген сол бір татулық, сол идеялық тұтастық бізді өзіміз ұдайы ең соңғы шептен көрінетін Бүкілодақтық социалистік жарыстарда алдыңғы орыннан бір-ақ шығарды. Одақтағы туризм саласының үздігі атанғанымызда қолымызға «Көкшетау» қонақ үйі мен жиырма пәтердің кілті тиді. Сондағы қызметкерлердің қуанышын көрсеңіз. Үйсіз-күйсіз жүргеніміз баспана алып, мәре-сәре болдық.
Оның бәрінен бұрын өңірдегі туризм саласының Одақ көлемінде мойындалғанын, көкшеліктердің мақтанышына айналғанымызды айтсаңызшы. Тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысқаным, еліміздегі туризмді өркендетуге қосқан үлесім үшін берілген медальдарға, тәуелсіздік жылдарында алған түрлі үкіметтік марапаттарға қарап отырып, қазір сол бір жылдарды қимастықпен еске аламын. Ол кездегі адамдар еңбекқор еді ғой.
Қызмет өз алдына, менің өмірімнің бар мәні, жан серігім, досым – кітап, қалам мен қағаз. Ойға түйгенімді, көрген-білгенімді түртіп қойғанды ұнатамын. Абай атамыз айтпақшы, біреу болмаса, біреу қажетсініп жатар дегендей. Сол жылдар бойы жинаған дүниелерім жиырма прозалық, бір поэзиялық жинаққа арқау болды. Осы кезге дейін басылым беттерінде қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерге қатысты жүз елуден астам мақалам жарық көріпті. Шығармаларымның негізгі өзегі – тарих пен өлкетану саласы десем, артық айтқандық емес. Өзімнің бар жастық шағым, жалын ғұмырым өткен аймақтың өткенін білу, одан қалды, қазбалай зерттеп, өзгелерге де таныту – менің үлкен бір азаматтық парызым болса керек.
Осы тарихқа үңіле келе, өзіме беймәлім болған біраз жайттың бетін аштым. Қазақ топырағы – тағылымға, өнегеге толы киелі топырақ. Осынау ұлан-ғайыр өлкедегі Ақмоланың орны әрине, өзінше бір әңгімеге арқау боларлықтай. Мен өз ғұмырымның он сегіз жылын Көкшенің тарихын зерттеуге арнадым. Бұл да менің елге, жерге деген сүйіспеншілігімді айғақтаса керек. Жалпы, мынау достық, татулық дегеннің өзі мен үшін – осы. Яғни, өскен ортаңның өткеніне тағзым, бүгінгісіне шүкіршілік пен келешегіне артылар зор үміт. Президентіміз ұдайы біздің жалғыз ғана Отанымыздың барын, оның тәуелсіз Қазақстан екенін еске салып отырады. Менің ойымша, сонау кеңестік кезден ұлттар достығының ғажап зертханасына айналған еліміздегі татулықтың тамыры тереңде жатыр. Егемендік жағдайында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бауырластығымызды бекіте, берік ете түскендей. Бұл айтып отырғаным ұран емес. Өзімнің тарихи Отаным мен кешегі бейбіт тұрмыс кешкен мемлекеттерде болып жатқан бүгінгі жағдайды көргеннен кейін туған ой ғой.
Поляк, еврей, неміс, молдавандармен көрші тұрдық. Кейін әскерде де қарамағымдағы өзбек, татар, қырғыз, басқа да славян ұлттарының өкілдеріне командир болдым. Тату-тәтті болып Отан алдындағы борышымызды адал өтедік.
Кішкентай немерем аулада ойнап жүріп, күнде бір қазақша сөз үйреніп келетін. Содан оның қазақша сөйлеуге деген ықыласын байқап, ынталандыру үшін тәттілер алып беретінмін. Сөйтіп, мектепке барғанша ол тілді меңгеріп алды. Өз басым Қазақстанның болашағы қазақ тілінде деп есептегендіктен, мұндай ықыласты құп көретін адаммын. Сондықтан да шығармашылық адамы ретінде де, жалпы, қарапайым азамат ретінде де мен үшін елімізде бейбітшілік пен келісімнің болуы аса маңызды. Біз сонда ғана сәбилер таңғы ұйқыдан алаңсыз оянады, тек сонда ғана күн шұғыла шашып, ерекше нұрға боялады, дамудың даңғыл жолына түскен азат еліміз өркендей беретін болады. Ал, біз тек достықты ту еткен мықты мемлекеттің бүгінгі толағай табыстары мен келешекке деген зор үмітін жырға қосып жүре берейік.
Виктор ТЕРЕЩУК,
жазушы-публицист,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі.