Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетаудағы жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысының барысымен танысып, нысанды тезірек аяқтаудың мүмкіндіктерін саралады.
Ең алдымен, өңір басшысы ғимараттың сыртқы көріністеріне назар аударды. Бұл жұмысты қолға алған «Полина-2009» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Садиг Нурулаев мешіттің сыртқы келбетін көркемдеуді аяздың қатты болуына байланысты көктем айында ғана жалғастыратынын айтты.
– Ғимаратты толықтай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, асхана, жуынатын бөлмелердің гигиеналық талаптарға сай болуы басты шарттардың бірі. Әр жұмысты қабылдап алатын бақылаушылар тағайындалатын болса, онда мердігерлердің жауапкершілігі арта түсетіні сөзсіз. Құрылысқа салынған халықтың қаржысын орынды жұмсауымыз керек. Сондықтан, құрылысты секция бо-йынша қабылдап, жұмыстың сапасына көңіл бөлу қажет, – деді Сергей Кулагин. Облыс әкімі жаңа мешіт 2015 жылдың жазында пайдалануға берілетінін жеткізді. Бұл үшін құрылыс жұмыстарын бәсеңсітпей, ұсақ-түйек дүниелердің өзі де басты назарда болуын тиісті басшыларға шегелеп тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.