Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Иван үйреніп алды - АРҚА АЖАРЫ

Иван үйреніп алды

Көкшетау қаласының тумасы Иван  интернационалды отбасында өскен бала. Әкесі орыс, ал, анасы  неміс ұлтының өкілі. Үй ішіндегілер  тек ресми тілде сөйлейтіндігіне қарамастан, ол өз зеректігінің арқасында қазақ тілін тез меңгеріп алған көрінеді.

− Ауладағы балалармен ойнағанда орысша сөйлесетінбіз, отбасымыздағы қарым-қатынас тілі де осы тіл еді. Оның үстіне, өзім орыс сыныбына барамын. Бастапқыда тілді бұлай тез арада меңгеріп кетем деп ойлаған емеспін. Бірақ, Гүлнәр Аманжолқызы мен Қалима Айтмұқанқызы сияқты ұстаздарымның арқасында аз уақыттың ішінде қазақшаға судай болып шыға келдім, − дейді Иван Леонтьев.
Осы ұстаздардың санаға құйған білімін алғырлықпен қабылдай білген өршіл жас Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан оқыған үзінділердің өзіне қатты әсер еткенін айтады. Жалпы, кітап оқуды жаны сүйетін ол фантастика жанрындағы, космос туралы шығармаларды көп оқиды. Осы тұста Иван бізге бұл тұрғыдағы мемлекеттік тілде жазылған әдебиеттер санының аздығын өкінішпен жеткізді. Алайда, мұндай кітап жоқ екен деп, қу шөппен ауыз сүртіп отырған жоқ. Айта бастаса, талайды сөзден сүріндіруге жарар нақылдарды жатқа біледі. Біз одан достық, татулық жайлы мақал-мәтел сұрағанымызда, ол «Ел бірлігі – ел теңдігі», «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ», «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын», «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Бірлігі бар елдің іргесі сөгілмейді» деп әңгіменің тиегін ағыта жөнелді.
Қазірдің өзінде техниканың құлағында ойнайтын оның арманы  бағдарламашы болу көрінеді. Өзі көзге томаға-тұйық, біртоға, жуас көрінгенімен, ол көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, талай сайыстардан қанжығасын майлап қайтыпты. Жайдарман ойындары бір бөлек, нағыз білім мен білік сынға түсетін байқауларда да бозбала жігіт алдыңғы шептен көрінгендігіне оның мына жеңісті сәттері дәлел бола алады. Мәселен, Иван қазақ тілі мен әдебиетінен қалалық олимпиадаларда, сондай-ақ, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл – парасат» атты  сайыстарында топ жарып, асқан абыройға бөленді. Біз қазақша сөйлегенін әрдайым мақтаныш санайтын осындай азаматтардың ел ішінде көбейе беруіне тілектеспіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар