Өткен бейсенбі күні Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір өтті. Оның барысында Президенттің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттары марапатталды. Осы телекөпірде Степногорск қаласындағы күкірт қышқылы өндірісімен айналысатын зауыттың тұсауы кесілді. Мемлекет басшысы сондай-ақ, Көкшетаудағы «ЕНКИ» кірпіш зауытының еңбек ұжымын құттықтады. Телекөпірге облыс әкімі Сергей Кулагин қатысты.
Телекөпір барысында еліміздің барлық өңірлерімен 30-ға тарта байланыс жүзеге асырылды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар таныстырылып, Индустрияландыру картасындағы ірі жобалар іске қосылды.
Елбасы өз сөзінде соңғы жылдары Қазақстанда 770-тен астам жаңа кәсіпорын ашылып, 75 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгенін атап көрсетті.
Степногорск күкірт қышқылы зауытын іске қосу кезінде кәсіпорын директоры Ерлан Малиев «Жаңа зауытта шикізат өндіретін технология орнатылды. Зауыт жылына 180 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін болады. Өнімді уран шығаратын кәсіпорынға пайдалануға береміз. Сізден зауытты іске қосуға рұқсат сұраймыз» деді. «Кәсіпорынды қызметінің басталуымен құттықтаймын. Бұл кәсіпорын еліміз үшін аса қажетті зауыт. Құрылыс материалдары қашанда керек. Айналаға қарасаңыз, тұрғын үй салу бойынша қандай ауқымды жоспарлар құрып отырғанымызды көресіздер. Күкірт қышқылы Қазақстанның өнеркәсібіне ғана емес, Степногорск қаласындағы тау-кен байыту комбинатына аса қажетті зауыт. Барлықтарыңызды құттықтаймын, қалаларыңызды, қызметкерлердің отбасыларын құттықтаймын. Жеміс тілеймін» деген Президент зауытты қосуға рұқсат берді.
Биылғы жылы «Алтын сапа» жүлдесі үшін 293 компания бақ сынаса, «Парыз» байқауына 584 кәсіпорын өтінім берген болатын. Осылардың ішінен жүзден жүйріктері осы сыйлықтарға қол жеткізді.
Телекөпірде Индустрияландырудың алғашқы қарлығашы, 2010 жылы пайдалануға берілген «ЕНКИ» кірпіш зауытының ұжымы Елбасына осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап берді.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің зауыт қазақстандық кірпіш шығаратын ірі кәсіпорын. Біз қазірдің өзінде 170 миллион дана кірпіш өндірдік. Кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді. Өнімді Қазақстан мен Ресейдің барлық өңірлеріне шығарамыз, әсіресе, шекарада кеденнің болмауы бізге біраз жеңілдіктер туғызып отыр. Қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға қамқорлық жасап отырғаныңыз үшін ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл – халықтың жаңа пәтер алуымен бірге, құрылыс индус-триясын да қарқынды дамыта түседі, – деді осы орайда, зауыттың бас инженері Вадим Бурыкин. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде кірпіштің құрылыс саласындағы маңызын атап көрсете келе, зауыт ұжымын осы жетістіктерімен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі.