«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен өткізілген филиал саяси кеңесінің отырысында өңірімізде «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуы қарастырылды.
Саяси кеңес мүшелері, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалдары төрағасының бірінші орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысқан жиында алдымен, Ақмола облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов, партияның Аршалы, Ерейментау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлары Роза Федорова, Сара Дүйсембаева «Белсенді қызмет үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ, партияның жеті аталымы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Жақсы, Бурабай, Ақкөл, Шортанды, Егіндікөл, Атбасар, Ерейментау, Жарқайың, Сандықтау, Есіл аудандық партия филиалдары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Күн тәртібіне орай «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды Тұғырнамасы аясында облыс бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Ақмола облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дмитрий Петько өз баяндамасында 2011-2013 жылдар аралығында ауылдық жерлерде «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 10,4 миллиард теңге бөлініп, 43 нысан қайта жаңғыртылғанын, 16 нысан күрделі жөндеуден өткізілгенін, 30 жобалық құжат қайта қаралғанын жеткізді.
– Өңіріміздің 80 пайыз елді мекенін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ауылдарда 19 жаңа нысан іске қосылуы қажет. Ағымдағы жылы 16 нысанды іске қосу көзделіп отыр. Жыл соңына дейін суды тасымалдау 5 пайызға азайып, халықтың орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуі 57,3 пайызға жететін болады.
Су құбыры жүйелерінің 126,4 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілген. 49,6 мыңдай адам тұратын елді мекендердің ауыз сумен қамтамасыз етілу жағдайы жақсартылған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің жағдайы жыл өткен сайын дұрысталып келеді Осылайша Шортанды, Аршалы, Есіл, Ақкөл аудандары ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал, Еңбекшілдер ауданында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жақсартуды тілейді, – деді Дмитрий Петько. Сала басшысының хабарламасына партияның облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың көңілі онша толмағандығын аңғардық.
Облыстық энергетика және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Александр Мартыненко өз саласында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімдеді.
Атбасар аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қорлан Тәжденова сөз сөйлеп, аудан көлемінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамтамасыз ететін үш нысан іске қосылғанын, 35 елді мекеннің 21-і ауыз сумен қамтамасыз етілгенін, 10 ауыл құдық пен су құбырларын пайдаланып отырса, 4 ауылға су тартылып жатқанын, жалпы, өңірде сапалы сумен бес мыңнан аса тұрғын қамтамасыз етілгендігін атап өтті.
Сондай-ақ, 2013 жылы республикалық бюджеттің орындалуы бойынша Ақмола облыстық тексеру комиссиясы салалық бағдарламалық құжаттар, соның ішінде Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Жарқайың, Жақсы, Зеренді аудандарында «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуына бақылау жүргізген көрінеді. Ол жөнінде облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мереке Мұстафин хабардар етті. Шараны қорытындылаған партия төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуы тиісті органдардың назарында болатынын, әрі жаңа жылдың басында облыс әкімдігінде қаралатының жеткізді.
Суретте: «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Бекмағамбетов партия ардагері Ч.Әбутәліповке төсбелгі тапсыруда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.