Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сағадат батыр шыққан ақкөлдіктер мерейі - АРҚА АЖАРЫ

Сағадат батыр шыққан ақкөлдіктер мерейі

Облысымызда жалпыұлттық акция аясында Елбасының Жаңа жылдық сыйлығын алғалы отырған 223 соғыс және еңбек ардагерінің бірқатары  Ақкөл ауданының аға ұрпақ өкілдері. Оларға бұл сый-сияпатты аудан әкімі Теміржан Едігенов табыс етіп, майдангерлердің бәріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. 

Елбасының Жаңа жылдық сыйлығын алған ардагерлердің арасында  Николай Герасимович Какуткин де бар. Ол осы  ауданның Мало-Александровка селосында дүниеге келіпті. 1944 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Уфа қаласының іргесіндегі Алкино станциясының жұмысшы ротасының құрамына алынады. Соғыс аяқталар тұста, яғни, 1945 жылы Қиыр Шығысқа жіберіледі. Забайкалье майданының 91 атқыштар дивизиясының құрамында  Моңғолияны, Маньчжурияны, Солтүстік Қытайды азат етіп, Порт-Артурға дейін жетеді. 1951 жылы сәуір айында елге оралған соң, Краснобор лесхозында орманшы, ағаш шебері, трактор паркінің бақылаушысы болып жұмыс істейді. 1954 жылы Қызылтопырақ орман шаруашылығына қоныс аударып, ағаш шебері болады. Кеңес орта мектебінде балаларға еңбек пәнінен сабақ береді.
Николай Герасимович екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысының орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков», «Астананың 10 жылдығы», тағы басқа медальдарымен марапатталған. Зайыбы Елена Анисимовнамен отбасын құрып, үш бала тәрбиелеп өсірген.
Ал, Иван Иванович Носик Ақмола облысына қарасты бұрынғы Макинка ауданының Богдановка селосында 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылы қыркүйек айында Қызыл әскер қатарына алынады. Ярославль қаласында 204 атқыштар полкінің  мергендер батальонының ротасына қабылданады. 18 жастағы сарбаз Мәскеуді жаудан азат етуде өжеттік көрсетеді.  Соғыс аяқталған соң майдангер еліне оралып Комсомол механикалық-жөндеу зауытында тапжылмай 20 жыл бойы жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Ол екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысының орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков», «Украинаны азат еткеніне 60 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Төрт ұл өсіріп, немере, шөберенің қуанышына бөленуде.
Тағы бір көзі тірі аудан тумасы Михаил Афанасьевич Костенко болса, 1942 жылы тамыз айында бұрынғы Макинка аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылады. Ол Забайкалье әскери округінде қызметін өтеп, 1945 жылдың тамыз айында милитаристік Жапония соғыс жариялағаннан кейін Кеңес Одағының маршалы Р.Я.Малиновский басшылық ететін Забайкалье майданының құрамында Маньчжурия бағытындағы ұрыстарға қатысады. Бірнеше әскери марапаттардың иесі, әрі немере, шөберелерінің сүйікті атасы. 
Савелий Иософович  Берзан да Елбасының  сыйлығына қатты қуанды. Майдангер қарт Мемлекет басшысының өзгелермен бірге өзін де елегеніне шын риза. Ол 1926 жылдың  16 шілдесінде  Молдавияның Гольроповский ауданы Дороцкий  ауылында дүниеге келген. Отбасын 1928 жылы Оралдың Пермь облысына жер аударады. 1943 жылы қыркүйек айында Қызыл әскер қатарына  шақырылып,  Смоленск түбіндегі, одан кейін  Минск маңындағы ұрыстарға қатысады. 3-інші Беларусь майданының 17-ші атқыштар дивизиясының  автоматшысы Березино өзенінен өту кезінде  қолынан ауыр жарақат алды. Ал, госпитальде емделіп шыққаннан кейін Пермь облысы Красновишерск қаласына қайтып оралды.
Майдангердің соғыстан кейінгі тағдыры  қазақ жерінде жалғасын тапты. Ол майдандағы ерлігі үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.  Зайыбы  Валентина Нефедовна екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагер Ақкөл қаласында тұрады.
Аудан әкімі отставкадағы подполковник, Ақкөл ауданының құрметті азаматы Николай Тимофеевич Гугучкиннің шаңырағында да болып, соғыс және еңбек ардагеріне Елбасы атынан тиісті сый-сияпатын тапсырды.  Майдангер 1943 жылы майданға өз еркімен соғысқа аттанып, Ташкент жалпы әскери училищесін бітіреді.  Зұлым жаудан Венгрияны, Австрия мен Чехославакияны азат етуге  қатысып, Брно қаласында Ұлы Жеңісті қарсы алады.  Бірақ, жуық арада елге оралудың сәті түспей,  1950 жылға дейін әскер қатарында болады.
Соғыстан кейін ардагер партия-совет қызметтерінде болып, ауданның дамуына елеулі үлесін қосты.Ұлы Жеңістің 60 және 65 жылдығына орай Астана, Мәскеу қалаларында ұйымдастырылған  Жеңіс Парадына қатысты. Бұл күнде оның омырауында Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігінің белгісіндей, үшінші дәрежелі «Даңқ», екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордендерімен қатар, көптеген медальдар жарқырайды.
 Осы ауданда тұратын Николай Андреевич Волчихинның да  жауынгерлік  жолы осал емес. 1942 жылдың желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Челябинскідегі мергендер мектебіне оқуға жіберіледі. Ол 2-інші Беларусь майданында фашистік Германияға қарсы әскери ұрыстарға қатысты. Кейін 30-ыншы әуе десанты дивизиясында қызмет етіп, Украина қалаларын жаудан азат етті. Корсун-Шевченко маңындағы  ұрыстардың бірінде сол аяғынан жарақат алып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін Славутич қаласындағы кавалериялық училищеге оқуға жіберілді. Сөйтіп, 3-інші кавалериялық корпус құрамында Шығыс Пруссия үшін болған ұрыстарға қатысты. Ал, Жеңісті Эльба өзенінің бойында қарсы алды. Көптеген наградалардың иесі. Зайыбы Мария Васильевнамен бір қыз өсіріп, немере, шөбере тәрбиелеп отыр.
Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне теңестірілген Махмет  Варисұлы Ахметжанов та Елбасы сыйлығынан шет қалған жоқ. Ол Ақмола облысының бұрынғы Сталин ауданындағы «Өрнек» колхозынан 1952 жылдың қазанында әскерге шақырылып, 1955 жылы әуе-десант училищесін бітіріп, лейтенант шенін алады. Одан әрі Кеңес Одағының Қарулы Күштері қатарында Венгриядағы контрреволюциялық бүлікті басуға қатысады.
1967 жылы әскер қатарына қайта шақырылып, әрі қарай азаматтық борышын атқарды. Ал, 1970 жылы елге оралып  Урюпинский орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.  Капитан шеніндегі Махмет Ахметжанов ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
Аудан әкімі Теміржан Едігенов өзі Елбасы сыйлығын табыс еткен осы және тағы басқа майдангерлердің бәріне зор денсаулық, мол бақыт тіледі. Ал, аға ұрпақ өкілдері өз кезегінде жаңа жыл қарсаңында көріп жатқан құрметтері үшін Мемлекет басшысына шексіз ризашылықтарын білдірді.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар