Қазір заман тыныш, той көп. Ылайым тойдан айырмасын. Жалпы, қазақ тойшыл халықпыз ғой, нәресте туғанда тал бесіктен басталатын той жер бесікке жеткенше жалғасады. Жер бесікке жөнелтудің өзі тойдан кем емес. Бары да, жоғы да қос-қостан жылқы союға міндетті сияқты, дастарханды жеміспен қайыстырып қою өз алдына, бұрын өңіміз түгілі түсімізде көрмеген банан дейсің бе, киви дейсің бе, неше түрін сықап толтырып қояды.
Жаназа емес, тойға келгендей боласың. Осының бәрін ішіп жеудің орнына «ханталапай» жасап, қылдай қылып пакетке бөліп, салып алуды да ерсі көрмейтін болдық. Тап бір үйлерінде тамақ жоқ, аш отырған сияқты, базардан қайтқандай бір-бір пакет, тіпті қос-қостан ұстап шығады. Осы бір ашқарақ пейілден қорқамын. Қайда бара жатырмыз? Осындай ерсі қылықты тиып басу айтатын не бір адуынды бәйбіше, не сөзі өтімді бір ақсақалдың болмауы қынжылтады. (Қай ауылдікі екенін білмедім) Бір ауылдың имамдары мен ақсақалдары қаза шыққан үйді тойға айналдырмай, өткен ғасырдағыдай шайға бауырсақ, май, қант-кәмпит қана салуға бастама көтерді деп естіп едік, оны орындамақ түгілі тыңдаған да жан болған жоқ. Осының бәрі шариғат бойынша да, адами тұрғыда да ысырап екенін біле тұра бірінен-бірі асырып, бәсекеге айналдырып алды. Бұл енді кеңінен толғайтын бөлек әңгіме.
Ал, енді қазіргі кездегі үйлену тойларына келетін болсақ «жоқтың артын ашатын да, кредит алып банкіні байытатын» да осы тойлар болып алды. Және кредит алып той тойлайтын да өзіміздің қаракөздер екені жасырын емес. Тойды ауылда жасауды ар көретін жағдайға жеттік. Шамасы келетіні де, келмейтіні де тойды қалада өткізетін үрдіс белең алып барады. Тойханада той өткізудің өзі қып-қызыл шығын. Отыратын орынға төлегеннен бөлек дәмханаға қажеттінің бәрін өзің сатып әперуің керек. Ыдыс жуатын фейриден бастап қол сүртетін орамал, салфетка, дәретхананың қағазынан бастап қол жуатын сұйық сабынын, тіпті тіс шұқығышқа дейін өзің сатып әпересің. Ет пісіретін отынға дейін апарып беруің керек. Тіпті, өзі жасалып тұрған жастар отыратын жерге «оформлениеге» есімдерін өзгерткені үшін ғана 15 мың теңге төлейсің. Асаба мен музыкантқа төлейтінің бір төбе. Қысқасы, той иесі аяқ басқан сайын ақша төлеу керек. Сонда тойхананы жалға бергенде осы аталған заттар өзінде болуы керек емес пе?! Некені заңдастырып, неке куәлігін алуды мәдениет үйінде өткізгенің үшін үш мың теңге төлесең, сол мәдениет үйінде жұмыс жасайтын музыкант бір музыка ойнап бергені үшін үш мың теңге алады. Бұл не деген бассыздық, сонда әркім ойына келгенін істеу керек пе, олар бұл бағаны қайдан алған, ол ақша қайда түседі, әлде капиталист болған түріміз осы ма?!
Той туралы көтерілетін тағы бір мәселе, ақ босағаны жаңа түсіп жатқан келіндердің пәктігімен адал болып аттауы дер едім. Әйтпесе, той өтпей жатып 3-4 айдан соң босанып жатады, бұған халықтың да еті өліп барады, тап солай болуы керек сияқты, жәй бір қой қоздапты деген әңгіме айтылғандай самарқау қоя салады.
Бұл қоғам, ұлт болып қолға алатын мәселе. «Қызға қырық үйден тиым» дегенді ұмытып бара жатқандаймыз. Ертеде қызды бүкіл ауыл болып аялап, ауыл болып тәрбиелеген. Көлденең көк аттыға жетектетпек түгілі, көз қырын салса сақтандырып, сақтап қалуға тырысқан. Бөтен еркекпен оңашалануға тиым салған. Даналық пен адалдыққа тұнып тұрған осындай халық педагогикасы қыздың арын сақтауға көп септігін тигізді.
Қазіргі заман ағымына байланысты дейміз бе, «азаматтық неке» деп аталатын некесіз тұру деген шықты. Орысшасы «сожитель» деп аталатын адамгершілікке де, шариғатқа да жатпайтын жаман қылық мына қоғамды жегі құрттай іштен ірітіп барады. Шариғат заңы бойынша некесіз тұру зинақорлық болып есептеледі. Бірақ, осынау заңсыз қылық мысықтабандап қоғамды дендеп білдіртпей жайлап барады. Осыған тосқауыл қоятын заң шығару керек сияқты. Әйтпесе, батыстың адамгершіліктен аздыратын жиіркенішті қылықтары жасы бар, жасамысы бар, мына қоғамды аздыруда.
Бағзы заманнан бері Қарттар үйі тұрмақ, түрме дегеннің не екенін білмеген қаймана қазақты мынау жаһандану деген тажал бірте-бірте өзінің бауырына тартып барады. Түрмеге қамамай-ақ, тентек-телісін тезге салып түзеп алатын, жесірін қаңғыртпайтын, жетімін жылатпайтын, ғасырдан-ғасырға жалғасып келген салт-дәстүрімізді сақтап қалсақ, аты құлаққа түрпідей тұрпайы естілетін қарттар үйінде қаракөздеріміз болмас еді-ау.
Әйтпесе «ел аман, жұрт тынышта» балалары болмаса да ағайын-туыстары бар адамды күші кетіп, қайраты тая бастаған шағында көздерін жәудіретіп, жетімсіретіп қарттар үйіне беру не деген сұмдық?!. Оны айтасыз қазір ауылы аралас, қойы қоралас болып отырып бір-біріміздің үйімізге барып, араласуды да қойдық емес пе!? Қайран, біздің аналар-ай, салма пісірсе де жанұямен ғана ішпей, «шақырып кел, салма ішіп кетсін» – деп бізді көрші-қолаңға жүгіртіп жіберетін. Қазір салма түгілі соғымға шақыру да қалып бара жатқаны жасырын емес. Бұрындары соғым сойған күні шақыра қоймаса, «бүктеп алып қалай шыдап отыр?» – деп күстаналайтын.
«Заманына қарай адамы» дегендей мына заман сияқты қоғам да қатайып бара жатқандай. Кімге қалай екенін қайдам, өзіме бұрынғы адамдардың ниеті түзу, пейілі кең болып көрінеді. Ар ұяттан бастап бәрі сатылатын мына заманнан баз кешіп кетпей қалай жүргенімізді түсінбеймін . Мына көрші отырған түрікмендерге қарап риза боласың, өздерінің ата-бабадан бері келе жатқан салт-дәстүрін сақтауға мемлекеттік дәрежеде қатты мән берілген. Телеарналары біздердегідей адамды аздыратын шетелдердің шалдыр-шатпағын бермейді, өз халқының ұлағатын бойларына дарытатын, отансүйгіштік тәрбиені дәріптейтін бағдарламаларды ғана береді. Қыздарының ар-намысын жоғары қойғандықтары соншалықты, шетелдіктерге тұрмысқа шыққысы келетіндерге де заң бойынша арнайы бап бар (жалпы, онда шетелдіктерге бей-берекет тұрмысқа шығуға тиым салынған).
Ал, бізде бұқаралық ақпарат құралдарын Ресей мен шетелдіктер жаулап алған, сондықтан, сананы улайтын ақпарат майданы жүріп жатыр десек те болады. Интернет желісі мен телеарналар жастарымызды жаман әдеттер мен теріс қылықтарға итермелеп, психологиясына әсер етіп, қатыгездікке баулуда. Оған елімізде болып жатқан неше түрлі жантүршігерлік оқиғалар куә. Осы бағдарламаларды бақылап, тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Тек Ресейдің өзінен ғана 500-ге жуық газет-журнал келетін көрінеді, расында да, көптеген дүңгіршектерде қазақ газет-журналы сатылмайтынын көріп жүрген жоқпыз ба? Ежелден айтылып жүрген мақалдың мазмұнын өзгертіп айтатын болсақ, «ұрпақ тәрбиелеймін десең бесігіңді ғана емес, бұқаралық ақпарат құралыңды түзе» дейтіннің кері келіп-ақ тұр. Өскелең ұрпақты үлкендерге құрмет көрсетуге, адамгершілікке баулитын, салт-дәстүрімізді бойларына сіңіре білетін ақпарат көздері қазіргі таңда өзінен-өзі сұранып-ақ тұр…
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ,
штаттан тыс тілшіміз.
Макинск қаласы,
Бұланды ауданы.