Аудан әкімі Қали Рахметов, өмірлері Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық қаһармандықтан сыр шертетін, бүгінде қатарлары сиреп, көненің көзіне айналған ардагерлерді үйлеріне барып, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады және Елбасы сыйлығын тапсырды.
Есіл қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Василий Иванович Епишко, Михаил Павлович Тимофеев, Иван Яхрович Околитенко, Григорий Сидорович Серов, Николай Михайлович Серебряков, Виктор Иванович Феофанов, Ғомар Кәрімұлы сияқты қариялардың әрқайсысы Елбасының мерекелік құттықтауын зор тебіреніспен қолдарына алды.
Әкім ардагерлерге жүрекжарды жылы лебізін айтып, құттықтау сөзінде қаһарман қарияларымызды құрметтеу, олардың сонау сұрапыл соғыста таныта білген ерлік істерін мәңгі дәріптеу, оны әркез өскелең ұрпақ санасына жеткізу кейінгілердің перзенттік парызы екендігін жеткізді. Өңір басшысы қарттарды жаңа жылдық сый-сияпатымен және бір қуантып, ардагерлерге күнделікті қажетті азық-түліктер салынған пакеттер мен 25 мың теңге көлемінде ақша салынған конверттерді тарту етті. Ауданның шалғай өңірлерінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Анна Андреевна Скрипкина, Алексей Антонович Черкашиндер де осындай жоғары құрметке ие болды.
Ел Президентінің құттықтауы мен аудан басшысының сыйлығын қабыл алып, билік өкілдерінің ізгілік ілтипатына разы болған ардагерлер, өз кезегінде Мемлекет басшысының Жаңа жыл қарсаңында жасаған қамқорлығына алғыстарын білдірді.
Қаракөз БЕКЖАНОВА.
Есіл ауданы.