Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңір мәдениетінің әлеуеті жоғары - АРҚА АЖАРЫ

Өңір мәдениетінің әлеуеті жоғары

Өткен жылды бірқатар жетістіктермен шығарып салған облыстық мәдениет басқармасының алдында биыл да іргелі міндеттердің тұрғаны анық. Өйткені, тұтастай еліміз сияқты, 2015 жыл ақмолалықтар үшін де бірнеше мерейтойлар тоғысатын жыл. Осы орайда, біз басқарма басшысы Сәуле Бөрібаевамен жолығып, әңгімеге тартқан едік. 

–Киелі Көкше, Ақмола өңірлері ән мен жырдың алтын бесігі екендігі ежелден белгілі жай. Мәдениет саласына жаңадан тағайындалған басшы ретінде алдағы іс-жоспарларыңыз  туралы не айтар едіңіз?
–Көкшетаудың ғажайып табиғатымен жақсы таныспын. Табиғаты ғана емес, үш жүздің басын қосқан Абылайдың ерлігі мен өрлігі, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақтай дара тұлғалардың дауылпаз үні де жүрек тербейді. Сондықтан, қызмет бабымен Көкшетауға келіп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалғаныма қуаныштымын. «Сырт көз – сыншы» дегендей, әрбір адамның өзіндік ойы, өзіндік пікірі болады. Бірақ, мен облыстың мәдени өмірі кемшіліктер мен қиындықтарға толы дей алмаймын. Бұл сала оң қарқынмен дамуда. Рас, атқаратын шаруа да аз емес.
–Сіздің бұл жауабыңызға қарағанда екі-үш айдың ішінде саланың тынысын  бекем сезінген тәріздісіз. Жаңа жылдың жоспарымен бөліспес бұрын ескі жылды қорытындылап алсақ.
– Бұған дейін де білім, мәдениет салаларында ұзақ жылдар бойы қызмет атқардым. Мен үшін бұл саланың орны бір бөлек. Жалпы, менің өнерге деген көңілім таза.
2014 жыл еліміз үшін жаман болған жоқ. Саяси өмірде де, өнерде де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз аз емес. Біздің Ақмола облысы үшін де жыл жемісті болды. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметі бойынша облыс түрлі деңгейдегі мәдени нысандармен қамтамасыз етілуде Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарынан кейін үшінші орында тұр. Соңғы үш жылда облыстың мәдени ұйымдары мен мекемелері 11 жаңа нысанмен толыға түсті. Елді мекендердің мәдени нысандармен қамтылу жайы да біршама тәуір. Сондай-ақ, бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы облыстың 11 музейінде 2 мыңнан аса іс-шара өткізілді. 2014 жылдың жарқын сәттерінің бірі Қазақстанның, сондай-ақ, шет ел әртістерінің қатысуымен өткен «Көкшетау – тал бесігім» атты музыкалық фестиваль деуге болады. Балуан Шолақ, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан серінің әндерін орындаушылар арасында өткен байқау да ерекше қолдау тапты. Халық ақыны Көкен Шәкеевтің 90 жылдығына орай, белгілі айтыс ақындарының қатысуымен «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» атты аймақтық айтыс өткізілді. Облыстық халық шығармашылығы көркемөнерпаздарының «Ақмола жұлдыздары» байқауы да жоғары деңгейде өткізілді. Облыстың мәдени өміріндегі тың жаңалық – этноауылдың ұйымдастырылуы десем, артық айтқандық емес. Біздің жезтаңдай әншілеріміз бен шығармашылық ұжымдарымыз халықаралық, республикалық байқауларда жақсы өнер көрсетіп, мерейімізді үстем етті. Жалпы, мәдениет саласында 3191 адам еңбек етіп жатса, оның жартысынан көбі өнер адамдары.
–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Ассамблеясының 20 жылдығы тойланады. Сонымен бірге, бұл жыл біздің даңқты жерлестеріміздің де мерейтойлары өтетін жыл.
–Қой жылы шынында да, біз үшін ерекше жыл болмақшы. Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, бұл шаралардың барлығы өнер саласының қызметкерлерінсіз өтпейтіні анық. Сондықтан, біз кез-келген мәдени шараны жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз.  Бәріміз бір кісідей атсалыссақ, өңірдің ғана емес, еліміздің де абыройын асқақтатамыз. Сондай-ақ, 2015 жылы көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин мен көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойлары да атап өтілетін болады. Осы мерейтойлар шеңберінде бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл шаралардың мәні мен маңызы ерекше, ауқымы кең. Кез-келген іс сапалы болуы керек. Ал, бұл үшін дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет. Мәлік Ғабдуллин, Ілияс Есенберлиндей ел үшін туған есіл ерлердің ғасырлық тойын барынша сән-салтанатымен өткізу – бізге жүктелген абыройлы міндет. М.Ғабдуллиннің 100 жылдығы қарсаңында Мәлік Ғабдуллин музейіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, салтанатты шараға батырдың  ұрпақтары мен Мәскеу қаласы ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысады деп жос-парлануда. Ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық ақындар айтысы, облыстық мүшәйра, «Қобыланды батыр» эпосы бойынша жыршылар байқауы ұйымдастырылмақшы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ғалымның эпистолярлық бай мұрасына арналған көптомдық жарық көреді. Облыс орталығындағы «Даңқ» аллеясында Мәлік батырдың еңселі ескерткіші де бой көтермек. Ал, Ілияс Есенберлиннің мерейтойы қарсаңында жазушының туған жері Атбасар қаласындағы музейді күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінді. Мерейтой театрландырылған көрініспен ашылып, «Есенберлин оқулары», кітап көрмелері ұйымдастырылады. Жазушының шығармаларының желісі бойынша көп сериялы көркем фильм жарыққа шықпақшы.
Жалпы, ақмолалықтар өнердің киесін білетін, қадірін түсінетін халық екенін айтып өткім келеді. Оған Атбасарда жұмыс бабымен болғанымда анық көз жеткіздім. Жерлестері Ілияс Есенберлиннің мерейтойын қалай атап өтетіндеріне алаңдаулы. Дана халықтың осы бір жан толғаныстарының арқасында мұндай тұлғалардың есімі мәңгі ұмытылмайды деп айта аламын. Атаулы мерекелерден бөлек, биылғы жылдың екінші жартыжылдығында халықаралық музейлер фестивалін өткізу ойда бар. Біздің музейлердің оған деңгейі де, дәрежесі де сай. Тарихи жәдігерлеріміз жетерлік. Бұл шарада қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өтіп, шеберлік сыныптары ұйымдастырылатын болады.
–Мемлекет басшысы өткен қараша айында Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы тұжырымдамаға қысқаша тоқтала кетсеңіз. Сондай-ақ, біздің облыста оның қалай орындалатыны  туралы да айта кетсеңіз?
–Мәдениет саласында «Мәдени мұрадан» кейін ірі жобалардың болмағаны рас.  Ал, бұл тұжырымдама аталмыш саланың қарқынды дамуына оң әсерін тигізбекші. Облыстағы әрбір мәдени мекемеде бұл тұжырымдама жан-жақты талқыланды. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Бұл маңызды құжатта саланың түйінді мәселелері, мәдени саясат пен оны қаржыландыру модельдері көрсетілген. Мәдени саясаттың жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары, басым бағыттары жан-жақты талқыланған. Оның қағидаттары мен тәсілдерін іске асыру 2015-2019 және 2020-2030 жылдар болып екі аралығын қамтиды. Біз, 2015-2019 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс шаруаны өз  арамызда талқылап, негізгі ұсынымдарды қарастырдық.
– Осы орайда, алдағы уақытта негізінен, қандай мәселелерді қолға алу керек деп ойлайсыз?
– Облыс мәдениет мекемелерінде өз ісінің білікті мамандары жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Облыстық қазақ, орыс драма театрларында тамаша спектакльдер қойылуда. Мысалы, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері қойған «Жан шырылы», «Құштарлық трамвайы», орыс театрының «Алые паруса» секілді қойылымдарын ерекше атап өткім келеді. Ал, музейлерімізде жәдігерлер саны жетерлік. Отырған ғимараттары да жақсы.  Атап өтетін бір мәселе, облыс орталығында жасөспірімдер мен балаларға арналған кітапхана жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта осы мәселелерді шешуге ерекше назар аударатын боламыз.
– Жаңа 2015 жылдан нендей сәттіліктер күтесіз?
–Жаңа жылда жоспарланып отырған барлық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтетініне зор сеніммен қараймын. Мәдениет, өнер халыққа өте керек  сала. Барынша ойдағыдай дамып, өнерлі өлке деген атымызға сай жемісті  жұмыс атқарсақ деймін. Сөз соңында әрбір отбасында жақсылық, бақ-береке орнығуына тілектеспін.

Сұхбатты жүргізген Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар