Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бәрі де күн көрістің амалы... - АРҚА АЖАРЫ

Бәрі де күн көрістің амалы…

Көкшетаудың орталық базары. Ығы-жығы халық. Базардың ішінде де, сыртында да сауда жүріп жатыр. Бұл маңға күнде ала сөмкесін сүйретіп, бір қарт ана келеді. Шаршап-шалдыққан, қағажу көрген егде жастағы әйел адамның жанарынан мұңның табын сезесіз. Шамасы, қатыгездік танытқан тағдырына өкпелі.

Әр адам бір-бір әлем. Өзіндік сыры, құпиясы бар. Әр пенденің тағдыры да әртүрлі, бірі тоңып, бірі тойып секіреді. Енді бірі көшеде ала сөмке сүйреуге мәжбүр. Бірде сенбі күні үйге қажетті керек-жарағымды сатып алуға орталық базарға  бардым. Әркім өз шаруасымен жүр. Әйтеуір қайнаған қызу тіршілік. Көшедегі заңсыз саудаға да көзіміз әбден үйреніп қалған. 
Ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын жерден өтіп бара жатқанымда, келеңсіз бір көріністі байқадым. Бұл жерде көбінесе сүт, май, айран, қаймақ, ірімшік, қымыз секілді өнімдер сатылады. Көз тоқтатып қарасаңыз, сатушылардың бәрі де орта жасқа келіп қалғандар, қалаға жақын ауылдардың тұрғындары. Бәрі бірдей мұғалім, дәрігер, не кәсіпкер емес қой. Ал, олар тұтынушыларының көңілін табу үшін барлық жағдайды жасайды. Қажет болса, өнімнің дәмін татып көруге де рұқсат.
Сатушының бірі сатып алушыға  құтының, яғни, баклашканың қақпағына құйылған сүтті ұсынды. Шамасы, сүттің дәмі ұнамаған болуы керек, әлгі «клиент» сырт айналып жүре берді. Қарап отырсаңыз, күніне қаншама адам сол құтының аузынан дәм татады. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, мұндайда тазалықтың сақталғаны жөн. Бір өкініштісі, ол жағын ешкім де елеп-ескермейтін секілді. Ал, шыбын-шіркей уақыты қаптайтын жаз айларында қауіптің тіпті, күшейетіні сөзсіз.
Жалпы, ешқандай санитарлық талаптарды сақтамайтын көше саудагерлерінің өнімдері таза, әрі қауіпсіз екеніне ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан, бұл мәселеге жеңіл-желпі қараған дұрыс емес. Ол жерде сатушылар орындарына жарна төлеп, күн сайын өнімнің сапасын  арнайы сараптамадан өткізіп тұрады екен. Десек те, әр бұрышта өнімдерін саудалап отырғандардың арнайы рұқсат қағаздары, жеке медициналық кітапшаларының бары-жоғы, медициналық тексерістен және флюорографиядан өткен-өтпегендері де белгісіз.
– Қолдың ірімшігі мен қаймағын қанша аңсасам да, көшедегі саудагерлердің өнімдерін алуға тартыншақтай беремін. Өйткені, көшедегі сауда орындары санитарлық талапқа сай емес. Бірақ, бұл үшін сатушыларға кінә артудан аулақпын. Олар осы кәсіппен күн көруде, – дейді қала тұрғыны Гүлмира Темірқызы.
Сатушыларды сөзге тартпақ болғанымызда, олар сөйлесуден бас тартты. Жыл он екі ай бойы аптап ыстық пен аязға, жауын мен шашынға, боранға қарамастан, сауда-саттықпен айналысатын әйелдер біреудің бір ауыз артық сөзін көтермейтінін де түсінуге болады.
– Кешіріңіз, бұл қай жақтың өнімдері?
– Өз ауылымыздан ғой.
– Сүттің литрі қанша тұрады?
– 130 теңге. Қаймақ, ірімшік, май да бар, алыңыз.
– Ал, сіздің санитарлық кітапшаңызды көруге бола ма?
Менсіз де жүйкесі жұқарған сатушы сол жерде маған «алсаң ал, алмасаң қой» деп күңк етті.
Көшедегі заңсыз саудаға қашан нүкте қойылары белгісіз. Қойылмайтын да шығар. Құқық қорғау қызметкерлері де сатушылармен арпалысып-ақ жүр. Бас жарылып, көз шықпаса да, жаға жыртысудан шаршағанға ұқсайды. Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінің мамандарымен хабарласқанымызда, олар көбіне саудагерлерге ескерту жасалатынын алға тартты. Өткен жылы 200-ден астам адамға хаттама толтырылыпты.
Заңсыз көше саудасына қатысты осы мақаланы дайындау барысында бірқатар мекемелерге хабарласып, жауапты тұлғалардан мәселенің мәнісін білмек болдық. Бұл сауалымызға Көкшетау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы құлықсыздық танытты. Ондағылар мұны қала, аудан мен ауыл әкімдерінің құзырындағы мәселе дейді. Егер көшеде сатылатын азық-түлік өнімдерінен жұқпалы аурулар тараса, не болады? Бұл жауапкершілікті тек әкімдердің  мойнына артып қою жарамас.
Заңсыз сауданы ауыздықтау үшін орталық базар ғимаратынан арнайы орын да  қарастырылған. Алайда, қысқа жіп күрмеуге келер емес. Орынды жалға алу құны тым қымбат. Бір орын айына шамамен, 30-40 мың теңге тұрады. Сатушылардың оны қалтасы көтермейді. Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбек Кенжеболатовпен сөйлескенімізде қалалық әкімшілік полиция бөлімімен бірлесіп рейдтердің ұйымдастырылатынын айтады.
–Мұндай саудагерлер базардағы Гагарин көшесінің бойында жабдықталған арнайы сауда орнында тұр. Күн сайын салықтарын төлейді. Ал, басқа орындарда көше саудасы қарастырылмаған. Дегенмен, ондайға баратындар кездесіп қалады. Қанша рет әкімшілік жауапкершілікке тартылса да өз дегендерін істейді. Базарға жақын маңдағы тұрғындардан да осыған байланысты арыз-шағымдар жиі түседі. Заңсыз сауда жасайтындары өз алдына, қоғамдық жерде тәртіп бұзып, ішімдік ішетіндері тағы бар, – дейді ол.
Иә, қиындығы мол мына нарық заманында әркімге де күн көрісін айырып, бала-шағасын жеткізу керек. Жыл он екі ай далада тұрып сауда жасайтын қыз-келіншек, әйелдерді де түсінуге болады. Олардың ішінде  өмір жүгін қара нардай көтеріп, бір үй, бір әулеттің асыраушысы, арқа сүйер тірегі болып отырғандар да баршылық. Біздің мақсатымыз заман осындайға мәжбүр еткен оларды кінәлау емес. Сауда-саттықтың талапқа сай ұйымдастырылса, базардағы сауда мәдениеті де жоғарылай түседі ғой деген ой.  Ал бұл ой-шұңғылын зерттеп, тиісті орындар бірлесіп қолға алатын шара…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар