болып келе жатқан Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні –
Мәуліт мерекесі Төңкеріс ауылында ерекше аталып өтті
Бұл шараға көп адам жиналды. Төңкерістің тұрғындарын айтпағанда, көршілес Астрахан, Егіндікөл аудандарының имамдары, Целиноград ауданының бірнеше ауылдық аймақтарының әкімдері де қатысты.
Максимовка аймағында осымен бірнеше жыл қатарынан өтіп жатқан Мәуліт тойы жыл санап әр қырынан өз сәнімен көрініп келеді. Ауыл имамы Бекболат қажы Хасенұлы өзінің еңбекқорлық қасиеттерін көптен бері елге жақсы танытуда. Оның ісі мен сөзі адамзат қоғамына қазіргі кезде ерекше қажет боп тұрған күрделі істер: тәрбие, діни таным мен адалдық жөнінен көптеген игі мәселелерді шешуге көмектесуде.
Таза дәстүрдегі діни уағыздар, дұрыс сауат ашу – мешіттің күнделікті жұмысына айналды десек, артық айтпаған болар едік.
Мәуліт тойына арнайы қатысқан облысымыздың бас имамы Қанат Қыдырмин жұрт алдында Аллаһтың адамзат арасындағы елшісі Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасаған ізгілікті істері, үйреткен мінез-құлықтары, көрсеткен өнегелері жайлы сырға тұнған тамаша деректі әңгімелерді жұртқа паш етті. Қайырымдылық болмаған жерде береке де болмайды деген сөз көпшілікті ойландырған сияқты. Адамның жүрегі неғұрлым жылы, әрі нұрлы болса, оның өмірдегі сапары да ұзақ болатыны даусыз, әрі дәлелді іс. Қиянатшыл кісінің мінін Аллаһ тағала қайтсе де көзі тірісінде мойындатады. Қазақ даласында еліне қорған, халқына қамқор болған талай-талай абзал азаматтар болған. Олар жетімін жылатпаған, жесірін кемсітпеген. Соған дәлел – ұлан-ғайыр жерді қорғап қалған кешегі батырлардың, хан-сұлтандардың өнегелі ерлік істері.
Шықбермес Шығайбайлар жұртқа мазақ болумен қатар, өзінің ізбасар ұрпақтарынан да көз жазып қалған. Тамыры үзілді деген осы болар.
Ұлағатты ұлық сөзді Мұхаммедтің өміріне байланысты көп айтқан Қанат Қоянбекұлы жұртшылықты ауызбіршілікке, ынтымақтастық пен сабырға да шақырды. Елбасының саясатын, «Нұрлы жол» Жолдауын қолдау – әрбір қазақстандықтың асыл парызы екендігін астын сызып тұрып айтты. Мәулітте ауыл имамы Бекболат қажы әр ұлттың тұрмыстан қағажу көріп жүрген ұл-қыздарына сыйлық жасап, 20 отбасыға азық-түлік салынған торсықтай қалталарды табыстады. Оның әрбіріне 8 келі ет, жарты келіден шай, тәттілер мен тоқаштар салынған екен. Асқа ауылдың, сондай-ақ, «Астана-Екатеринбург» тасжолының бойында орналасқан елді мекендерден көп кісі жиылды. Ең бастысы сол, Мәулітті өткізуге Төңкеріс мешітіне «Қадам» ЖШС-нің директоры Ыдырыс Асанұлы бір семіз ірі қара, жайнамазды кілем сыйласа, Төңкерістің ардақты ақсақалы Жақсылық қажы, астаналық азамат Қайрат және Жәркен есімді жігіт бір-бір қойдан байлапты.
Мұсылмандардың алқалы жиы-нында Максимовка, Новоишимка ауыл-дарының әкімдері Совет Жұмабаев пен Омархан Кішкенинов ықыласқа толы сөздерін айтып, өзінің ынталы ісімен ел көңіліне жол таба білген ауыл имамына шексіз ризашылықтарын білдірді. Сондай ризалықтарын салтанатты тойға жиналған көп адамдар да айтуды ұмытқан жоқ.
Төңкерістің мектеп ұжымы мен шәкірттері әзірлеген мәдени іс қонақтардың көңілін серпілткені анық. Шын ниетпен берілген аста адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға салауат айтылып, құран оқылды.
Жанат ТҮГЕЛБАЙ.
Целиноград ауданы.