Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сырма көше береді... - АРҚА АЖАРЫ

Сырма көше береді…

Шетінде ескі ауылдың, бала күнім,
Жайлаймын жер мен көктің аралығын.
Ойнаймын құрбылармен қиқуласып,
Қорғанды қардан  үйген  жарады үнім.

Далада кеше ғана тырна қонған,
Сырғиды қарды сипап, сырма боран.
Барады өткен іздің  бәрін көміп,
Қарайды оған бей-жай мына жалған.

Ақ селеуден сырласын табатындай,
Ақ қайыңға оралып қонатындай.
Сумаңдайды құмдағы ақ жыландай,
Суылдайды құстардың қанатындай.

Сырма биі сылқылдап бір тынбайды,
Саябырсып кейде сәл, тың тыңдайды.
Ала қашып жөнелсе ақша қарды,
Сынығындай шынының жылтырайды.
 
Сылқым судай сыңқылдап сай-салада,
Сылаңдайды сұлудай айдалада.
Адырлардан  үптеген ұлпа қарды,
Сыйлайды екен апарып қай балаға?!

Ақ сырмамен сырларым дала кезіп,
Сырғанайды жай таппай  жаннан безіп.
Сыңсиды кеп сыздатып сай-сүйекті,
Суырады өзекті, сананы езіп.

 Нені іздейді тынымсыз  бұлтты күнде,
Қайда бармақ, артады жүкті кімге? 
Жетер жері бар ма екен еркін желдің,
Не табады жеткенде түп-түбінде?!

Қимай-қимай қонғанда күн ұяға,
Бұлыңғыр күйге енеді дүния да.
Үдей түсіп екпіні адуынның,
Ақ құйрығын айға атып, құлия ма?!

Байыз таппай жалғандық жарасымда,
Балғын ойым байланып борасынға.
Бұлдыраңдап  қуады толған айды,
Бұлаңдаған бұйра бұлт арасында.

Жеткізбейді жұмбақ ай, тұңғиық көк,
Сырма боран сарнайды: «Тым биіктеп.
Қарағым-ау, қайтесің, маған орал,
Көкжиектің түбіне сүңгиік!» – деп.

Орал маған дегенде боран маған,
Орай-борай ойымды орап алған…
Қайда менің сол бір  кез,  балаң күйім,
Қармен бірге  қайтадан оралмаған!?

Ойым қайда ақ боран ала қашқан,
Ойын қайда құрбымен араласқан…
Сусып аққан уақыттай  тұрақ таппай,
Сырма көше береді… қалады аспан!
Баянғали  Әлімжанов. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар