Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Түс – көркем туынды - АРҚА АЖАРЫ

Түс – көркем туынды

Қандай күштің әсері екенін кім білсін, мен үшін жас кезімнен түстің алатын орны ерекше. Бұдан 20-15 жыл бұрын жазылып қойған кейбір түс мазмұндарынан қазір айрықша белгі аңғарамын.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы

Әкеміз қатты сырқаттанып жүргенде түсімде біздің үйдің қорасы ашық-тесік, жан-жақтан гуілдеген үскірік жел, боран соғып үйдің іші азынап тұр. Енді бірде түн, аяқ киімім саз, аяғымды алып жүре алмаймын. Іштей жамандыққа қимайсың, әрине, жазылып кетер деп үміттенесің. Тағы да түс: әке-шешем, бауырларым жаутаң-жаутаң қарай береді, әкем маған ренжігендей сыңай танытады. Сол түстен кейін жауырын тұсым ашылып-жабылғандай әсерде жүрдім. Әріптестеріме ештеңе айтпай дереу демалыс сұрап, ауылға аттандым. Мен барғаннан жеті сағаттан кейін әкеміз көз жұмды, бір күн де төсек тартып жатпапты. Қайтарында ештеңе айта алмады, үнсіз құшақтап, пәлен күн бойы тынымсыз қаға дірілдеген арқама қолы тигенде, жауырыным орнына түскендей болды.
Сонда деймін-ау, өкпелегендей белгі бергені, тезірек жет деген бұйрық па, соңғы көрген түс пен қайтқан мезгілінің арасы енді есептесем 12 күн екен. Екі ортадағы үнсіз байланыс, алыстағы тұңғышын қалайда көруге асықты, пәлен мыңдаған шақырым араны бөлгенімен, ықыласы, ниеті бәрібір жетіп тұр-ау. Алла тағаланың әмірі ғой бәрі. Осындайда мынадай пікір ұялайды, техника мен ғылымның арқасында ғана жеттік дейтін телеграф, телефон, радио, теледидар, тағы да басқа байланыс, көрініс, бейне таңғажайыптары жан иелері арасындағы тілсіз тылсымнан, өзара жалғаса берер үздіксіз қарым-қатынастан өз көшірмелерін алса керек. Сәт сайын бір-бірімен мың-миллиондаған хабар алмасатын туысқандар, ғашықтар, достар бұған пәлендей мән де бермейді. Бұл дұрыс па, бұрыс па, ажырату қиын.
Жанашырыңның шарқ ұра іздегені қай жерде де қандай түрде болсын жететін тәрізді, әсіресе, түс арқылы.
Қарапайым ғана мысал: ауылдағы анаңды көресің, бірақ, ол сені танымайтындай қасыңнан өте шығады, аяулы сіңліңнің дауысын естисің, әлдекімге айқайлап сөйлейді, төңірек толы танымайтын адамдар. Бұл нені аңғартады деп ұйқыдан мазасызданып ояндың. Дереу хабарласатындай, телефоның да істен шығып қалды. Жұмыстан сұранып, бұзылған тоңазытқышты жөндеуге әкетеміз деп уәде еткендерді тосасың. Әлгі түсіңді ұмытып та кеттің. Ертеңіне ауылдан қайта-қайта сіңліңнің хабарласқанын естисің. Бір күн бұрын түсіңде көрген бауырың… Алда-жалда ден қойсаң, бәлкім алыстағы хабарды дереу қабылдауың да мүмкін. Әттең, біз ұдайы асығамыз, мынау құйындай ұйтқыған беймаза тірліктің қым-қуыт астарында тұншығамыз да жүреміз. Не өзімізге, не өзгеге қол ұшын беруге дәрмен жоқ. Әйтпесе, түс тәңірдің нағыз сыйы, ішкі дүниенің, сезім, түйсік әлемінің өнімі емес пе. Бас-аяғы жұмыр, тұтас бір шығарма және мұның өзі қандай да нақтылықты білдіреді. Көз бен көңілді қатар қуанышқа бөлейтін туындыны талдап-тамашалағаныңдай қарасаң, түстің айтары көп. Ол құлақ құрышын қандырар ән, күй, жанар сүріндірер бояу үндестігі, сан алуан ойға жетелер ертегі, әңгіме, хикаяттарға ұқсайды. Сондықтан да, көрген түсіңе жүрдім-бардым қарай алмайсың. Түс – көркем де терең, философиялық, танымдық маңызы зор туынды іспеттес. Өз құрылымы, өз жүйесі, кейіпкерлері бар. Соның бәрі қосылып, бағыттайды, жөн сілтейді, тіпті қажетінде тәлім-тәрбие де береді. Нендей қателік жасағанымызды, не істеу керектігін көптеген түстеріміз дәл айқындайды. Егер назар салсақ, қауіп-қатерден де сақтандырады. Шым-шытырық оқиғаны талдағаныңдай, қиын жұмбақты шешкеніңдей, көрген түсіңді барлап-зерттеу оңай емес.
Кішкентай кезімізде абысын-ажындарына кейде тамсана, кейде қобалжи айтып отыратын әйелдердің түстері енді зерделесем шынында көркем шығармадай естіледі екен. «Ұлы атамыз Әбдірахман түс жоритын, – дейді анамыз, – адамдар көп келетін, ұзақ әңгімелесетін, ең соңында дұға оқып, шығарып салатыны есімде». Кішігірім театр ма дерсің, көз алдыңа елестеткенде. Түске қастерлей қарағаны ғой, бабаларымыздың, дұға қылып, тәңірге жалбарынғандарынан сақтанғаны да, нендей де түсті жақсылыққа бағыштағаны да байқалады. Өкінішке орай, біз қалт еткен титтей қимыл-әркеттеріміздің әрқайсысына арналар өз дұғасы, түстің де мән-мазмұнына орай өз дұғасы, өз кілті болатынын күні бүгінге шейін ескермек түгілі, мүлдем білген де жоқпыз. Әлем аясындағының бәрінің де өз ережесі, формуласы түрлі-түрлі құбылыстың сырын айқындауға көмектессе керек.
Көркемдік, танымдық астары қалың туындыны тез оқып-талдай алмайтындарындай, адамдар өз түстерін жеңіл-желпі ажырата қоймайды. Түс көрген кезде біздің санамыз әдеттегідей беталды алып қашпайды, қиялға титтей ерік берілмейді. «Өтіп жатқан» жайттар жөнінде ешкіммен сыр бөліспейсің, бажайлап-бағалауға, таңғалып-тамсануға дәрменсізсің. Жападан-жалғыздық, тек қана әрекет, нақтылық. Түс көру барысында адамның психикасы үшін «болды» мен «боладының», шындық пен елестің арасында титтей де айырмашылық жоқ, бүкіл өткен-кеткені, ертеңі сыртқы әлемнің әуен-әсеріндей, аса мәнді оқиға, іс ретінде жаңғырып шыға келеді. Әрбір есте сақталған түс біздің тек қана физикалық сипатта емес, өміріміздің белгілі бір бөлшегі мүлдем оқыс ендіктерде өтетінін дәлелдейді. Және соған қызыға, үңіле қарайтынымыз анық қой. Түнгі ғажайып иелерімен тікелей байланысқа апаратын біздің шынайы да жеке әлеміміз – түс көру барысында әрқайсымыз-ақ шебер ұстаға айналамыз. Дүние есігін ашқаннан жер қойнына бөленгенге шейін әрбір түнді біз құпия құшағында өткіземіз. Ішкі сарайымыздан әр түн-тылсым сайын өріліп-өрбитін аса күрделі иірімдерді толқып-тебірене мойындаймыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар