Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жастық шағы мен саясат әлеміне басқан алғашқы қадамын қамтитын «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші фильмі жарыққа шыққаны белгілі. «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау» фильмдерінің логикалық жалғасы ретінде түсірілген «Тығырықтан жол тапқан» атты кинотуындыға барша қазақстандықтар жылы пікір білдіруде. Осы орайда, жас ұрпаққа үлгі боларлық, тәрбиелік маңызы зор көркем картина жайында «Арқа ажары» газетінің редакциясында Ақмола облыстық соты ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибаділов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ардагер ұстазы Таңсық Жұрын, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі директорының орынбасары Гүлнәр Қадырәлиева және Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархадбек Қанафиннің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылған еді.
Алдымен, редакцияға шақырылған қонақтарымыздың бәрі «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмін «Синема Әлем» кинотеатрында болып өткен тұсаукесер көрсетілімдерден қызыға тамашалап, көріп шыққан екен. Сондықтан, ә дегеннен әрқайсының осы туындыдан алған әсерлерінің мол екендігі аңғарылды. Соған орай, алғашқы сөз де сол әсерді тағы бір ойға оралтып, тебірене ортаға салудан басталды.
Мейрам ҒИБАДІЛОВ:
– Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмді айрықша тебіреніспен көрдім. Кинокартина шын мәнінде көрермен қауымға адам айтқысыз патриоттық әсер ғажап тебіреніс беретіндігі даусыз. Осының алдында «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Теміртау» деп аталатын бөлімдерін де көрген болатынмын. Алғашқы фильмдердің логикалық жалғасы сәтті түсіріліпті. Шиыршық атқан оқиғасы, сол замандағы дәуір лебі бізді еліктіре, ынтықтыра түсті.
Фильм жайлы пікір айтқанда, алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 1970 жылдардың басындағы от жалында шыңдалған, құрыштай пісіп жетілген қажыр-қайратқа толы еңбек жолы, саясат атты тұңғиық әлемге алғаш қадам басқан сәттері әдемі суреттеліпті. Фильмнің режиссері Рүстем Әбдірәшев бір адамның өмірі арқылы сол уақыттағы жалпақ жұрттың, тұтас ұлттың тағдыр-талайын көрсете алған. Ал, енді осы фильмнің көрерменге берері не деген сауалға жауап беріп көретін болсақ, алдымен, тәлім-тәрбиелік мәні зор. Шынын айту керек қазір еңбек адамдары, қарапайым адамдардың маңдайынан терін сорғалатып жүріп сіңірген еңбегі, қосқан үлесі оншалықты насихаттала бермейді. Ал, қарапайым болат қорытушыдан Қазақстан тәрізді кең-байтақ, қойнауы қазынаға толы республика басшысына дейін өскендігі кейінгі ұрпақтың санасына еңбек қадірін, оның қаншалықты мәртебелі екендігін шегелеп сіңіреді десем еш артықтығы болмас.
Таңсық ЖҰРЫН:
– Иә, сіз дұрыс айтасыз. 2011 жылдан бері түсіріліп келе жатқан «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрерменге өзіндік ой салғаны ақиқат.
1960-1969 жылдардағы Қарағанды металлургия комбинатында шойын құюшылықтан бастаған еңбек жолы, 1972-1979 жылдардағы Теміртау Магниткасында өткен өмір мектептері көрерменнің еңсесін көтеріп, өмірге деген құштарлық сезімін оятары сөзсіз. Елбасының өмірдерегіне көз жіберсек, жеке басы мен қоғамдық істердегі көшбасшылық тегеурінді ұйымдастырушылық қабілетіне қайран қаласың, кейінгі басшыларға сара жолды нұсқап тұрғандай.
Ағаш тамырынан нәр алады, ал адамның алтын тамыры – діңгегі – ата-анасы. Қос бәйтерегі Әбіш әке мен Әлжан анадан нәр алып, қияға қанат қаққан оның бала кезінде-ақ жан жүрегіне ұлылық ұялаған еді. Адамның адам болып қалыптасуы үшін оның болмысында төрт тағанның болуы шарт екен. Алғашқысы, ата-анаға деген махаббат. Ата-ана десе толқымайтын жүрек, тебіренбейтін жан жоқ. Әкесі – жүрегі, анасы – тірегі. Екіншісі, өмірге деген құштарлық, еңбекке құмарлық, отансүйгіштік, білімділік, талапшылдық, берік ұстаным. Үшіншісі – сабырлылық. Зауыттағы алауыздық, кадрлардың тұрақтамауы, Партияның Орталық Комитетінің басылымы «Правда» газетіне жолдаған мақаласынан күткен нәтиже мен шешім, осының барлығы Елбасының бойында қорғасындай сабырлықтың бар екенінің айқын бір дәлелі. Төртінші таған – қоғамға пайдалы еңбек етіп, кейінгіге өз ісімен үлгі-өнеге болу. Елбасы қай салада еңбек етсе де ісіне берілген, адал басшы. Бір күндікті ғана ойламайды. Нақты іс, жанды әрекетімен ғана танылған. Халықтың ілтипатына бөленген кемеңгер тұлға. Бұл фильм ұлттық идеология мен патриоттыққа нұсқайтын тағылымды тәрбие беретін, намысыңды қайрайтын, құндылығы өлшеусіз көркем туынды. Көрермен жүрегінен орын алып, жан дүниесімен үндестік тапқан фильмді оқу орындарында арнайы көрсетіп, талдау қажет.
Фархадбек ҚАНАФИН:
– «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау» фильмдерінің заңды логикалық жалғасы «Тығырықтан жол тапқан» туындысында да әлеуметтік ахуал, сол кезеңдегі саясат, адамзат мәселелері тайға таңба басқандай, ешбір боямасыз анық суреттелген. Жалпы, мен бұл туындыны көргенде режиссер Рүстем Әбдірәшев үшін шын қуандым. Рүстем шығармашылық отбасынан шыққан, яғни, танымал жазушы Жарасқан Әбдірәшевтің ұлы ғой. Фильмнен оның өзіндік қолтаңбасы анық көрініп тұр. Неге десеңіз, ол қандай кино түсірсе де, жауапкершілікпен, ізденушілікпен келеді, сол бір тарихи кезеңдегі саясатты, әл-ахуалды айна қатесіз суреттеп береді. Оның «Сталинге сыйлық» деген тарихи киносында да сол кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдай мен адамдық образы нақты түсірілген. Оның фильмдері кең ауқымды тарихи эпикалық кезеңдерді қамтиды.
Елбасы туралы кино қарапайым жұмысшыдан үлкен қайраткерлік дәрежесіне дейін көтерілген азаматтық шынайы тағдыры көркем көріністермен бейнеленген. Бұл жастар, ата-ана, студенттер қауымына жақсы естелік.
Екі мың градуста от шарпыған домна пешінің қасында үстіне плащ қана киіп, көсеумен жұмыс істегенде ыстық жалын бетті қариды. Оған кез-келген жұмысшы шыдас бере қоймаған. Нұрсұлтан Әбішұлының ұстамдылық, сабырлылық қасиеттері осы шарпыған оттың жанында ұзақ тұрып, жұмыс істеген кезде қалыптасты. Екі мың градус ыстықта жұмыс істегеннен кейін жұмысшылар себелектің астында тұрып, мұздай сумен жарты сағат жуынып, суық су ішеді екен. Украинада жүргенде ұстазы оған: «Темірді сезіну керек, сен қып-қызыл болып қызып тұрған темірді сезінгенде ғана оны белгілі бір қалыпқа келтіре аласың» деген екен. Бұл жұмысқа барлығы бірдей шыдай бермеген. Өзіндік түйсігі бар, темірдің қасиетін сезіне білетін адам ғана оны өзіне қажетті қалыпқа келтірген.
Жалпы туынды кең тыныста түсірілген. Ешбір боямасыз партиялық бюрократизм жүйесі, әкімшілдік-әміршілдік басқарушылық, сол кездегі жағдай шынайы суреттелген. Мемлекет басшысының сол уақыттағы ерен еңбегін, жанкештілігін әдемі келтірген. Елбасының Қарағандыда, яғни, Арқа төсінде еңбек етіп, кейін астананы Астанаға көшіруінің өзінде үлкен үйлесім бары анық.
Гүлнәр ҚАДЫРӘЛИЕВА:
–Қалай айтсақ та, Мемлекет басшысы туралы «Тығырықтан жол тапқан» деп аталатын фильм жастар арасында зор қызығушылық туғызды. Шынтуайтында Елбасының үлкен саясатқа басқан алғашқы қадамы, туған жері, ата-анасы, жастық шағы жайындағы көріністерді ой елегінен өткізіп, жан-дүниең тебіренбей көру мүмкін емес. Біздің жастар дәл мұндай сұрапыл еңбекті көз алдына елестете алмас еді. Елбасының бойындағы табандылық пен тегеуірінділік, салмақтылық пен сарабдалдық қызуы екі мың градус шамасындағы домна пештің жанында қалыптасуы мүмкін-ау. Демек, біздің жастарымыз да бойкүйездікке салынбай, өмір жолдарында кездесетін қандай қиындық болмасын жеңе білуге тырысу керек. Сол қиындықтарды жеңсең ғана алдыңнан бақыттың нұр шұғылалы жолы ашылады.
Фильмнің тәлім-тәрбиелік маңызы өте зор. Осындай көрген жанның көңілінде көп ой тудыратын көркем туынды керек-ақ еді. Кино өнерінің тамаша бір туындысы деп айтуға болады. Жас толқынның бойындағы отансүйгіштік қасиетті жетілдіріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білуге ұғындыратын тұстарын да айта кеткен ләзім. Тағы бір біз үшін жан жадыратарлық қуаныш басты рөлде жерлесіміз Нұрлан Әлімжановтың ойнауы болды. Сондай-ақ, Ресейдің кино тарландары Валентин Гафт, Евгений Стычкин, Евгений Сидихин және Владимир Стекловтар тамаша ойнап шықты. Ал, фильмді қойған кинорежиссер Рүстем Әбдірәшевтің кең тынысты киноэпопеяны тұтас бір дәуірдің көрінісі, тынысы ретінде сомдауы айрықша сәтті шықты. Сөз арасында, қоюшы оператор Талғат Тайшановтың да еңбегін екпін түсіре айта кеткен ләзім. Осылайша, шығармашылық тұрғыдан бір-бірімен іскерлік қарым-қатынас жасаған топтың көрермендерге тартқан сыйы өте қомақты. Бұл ғасыр шежіресі, еңбек жыры. Жалғыз Елбасымыздың ғана басынан өткен тағдыр соқпағы емес, сол қоғамдағы тыныс-тіршілік, қалыптасқан жағдай.
Таңсық ЖҰРЫН:
–Шынын айтқанда, кинотуындыдан әр көрермен өзіндік ой-түйсігіне қарай қабылдап, шыңырау ойдың шырқауында тебірене тербеледі. Себебі, онда отбасы, ата-анасы, ұрпағын елестетеді.
Мен не тындырдым? Кейінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық не қалдырдым деген ойлар фильмді тамашалау барысында менің ойымды мазалап қоймады.
Елбасының көрегендігі, алғыр сөзі, ақылдылығы, қай кезде болсын тыңдаушысын тыңдата білуі, шешендігі, кейінгі ұрпаққа, тіпті кімге де болсын өнеге. Өзіне ғана тән сөйлеу мәдениетін жоғары оқу орындардағы лекция сабақтарында пайдалану қажет деп ойлаймын. Мәселен, шешендік өнер сабағында фильмнің үзінділерін пайдаланатын болса, студенттер қауымы Елбасының сөйлеу мәнерін, мәдениетін үйренер еді. Баяғыда бір данагөйден бір адам: «Мен қандай адаммын» деп сұрапты, сонда дана: «Ең алдымен мен сізбен сөйлесейін, сосын қандай адам екеніңізді айтайын» депті. Мәселен, кейбір адамдар жақсы жазғанымен, дұрыстап сөйлей алмайды, ал кейбіреулері керісінше. Біздің Елбасының ораторлық қасиетін, данагөйлігін, көрегендігін барша ел, әлем мойындап отыр.
Тағы бірде бір данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» деп сұраған екен. Сонда данышпан: «Дүниеде көп адамды бақытты еткен адам ғана бақытты» деп жауап беріпті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы ел мүддесі үшін туған азамат. Тіпті, Елбасының киноға түсіп жатқан актерлермен кездесіп, өзінің қалай түскені дұрыс болатыны жайында ақылдасып, пікірлескені оның азаматтығын, кішіпейілділігін көрсетеді.
Фильмнен «нағыз отансүйгіштік дақпырт сөздерден емес, нақты істерден және жауапты қадамдардан көрінеді» деген Елбасының халқына жолдаған салиқалы ойының айшығын көзбен көріп, құлақпен естіп, санамызда бойлап, ұрпағымызға үлгі-өнеге етуді мақсат тұттық. Туындының соңында «мен қандай анамын?» деген ой мені де мазалады.
Киноны тамашалап отырып, өзімнің ғұмырымның кейбір тұстарын көз алдымнан бір өткізіп алдым. Немерелеріме, міне біз осылай жұмыс істедік, біздің жас кезіміз осылай өтті десек, бір ертегідей таңдана тамашалайды.
Бүгін осында бәріміздің басымызды ортақ мүдде қосып отыр. Ол – фильмнен алған құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізу.
Мейрам ҒИБАДІЛОВ:
– Фильмді көріп, толқып, тебіреніп, тұңғиық ойдың, тамаша сезімнің құшағына бөленіп отырып, ата-ананы қалай құрметтеуге болатынын түйсінуге болады. Ал, туған жерге деген кіршіксіз, мөлдір махаббат, өлшеусіз құштарлық оның бағын жандыруға, бақытын үстем етуге деген перзенттік талпыныс өз алдына бөлек әңгіме. Әркімде өскен ортасын, кіндік қаны тамған қасиетті топырақты дәл Елбасыдай сүйіп, дәл Елбасындай қадірлейтін болсақ, егеменді еліміз гүл бағына айналып, көсегеміздің көгеретіндігі даусыз.
Фильмді көріп отырғанда біз тәрізді аға буынның көз алдына өздерінің өткен өмірлері, сол бір еңбек көрігі тынымсыз қайнап жататын шақ оралғандығы анық. Иә, біз жастық шағымызды осылай өткердік. Ол уақытта шалғайдағы ауылда да, қалада да жанкешті еңбек үлкен мәртебеге ие еді. Біз мектеп оқушысы болып жүргенде-ақ мал бағып, қырманда жұмыс істеп, адал еңбектің дәмін таттық. Сол арқылы үлкендерге қолғабыс көрсеттік. Картинадағы ерен еңбектің көрінісі өте дәл берілген. Сонысымен де қымбат, сонысымен де біздің жанымызға жақын.
Егемен еліміз болашаққа нұрлы жолмен бас-
тап бара жатқан Елбасының көрегендігін, сарабдал саясаткер екендігін жақсы біледі. Ал, фильм барысында саяси қайраткер ғана емес, адами болмысын танып, білдік. Нұрсұлтан Назарбаевтың әншілігі, домбырашылығы, саяткерлігі тәрізді қасиеттерін ашу арқылы көрермен жүрегіне ұлттық құндылыққа деген құмарлықты арттырады. Фильмді көріп отырған әр адамның бойында Елбасына деген сүйіспеншіліктері артып, мақтаныш сезімі пайда болады. Менің ойымша, бұл фильмді әр отбасы, әр адам көруге тиісті.
Гүлнәр ҚАДЫРӘЛИЕВА:
–Жас көрермендер Елбасының комбинат жұмысшыларына, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына жаны ашып, «Правда» газетінде мәселе көтеруіне ерекше тәнті болды. Ал, егде буын өкілдері дәл сол уақытта Орталық Партия Комитетінің органы «Правда» газетінде мұндай мақала жариялау, мәселені ашық айту көзсіз ерлік деп есептер еді. Мұндай қадам тек елін сүйген жанның ғана қолынан келмек. Онда да басын бәйгеге тіге отырып, әрекет жасайды.
Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің оқытушылары мен білім алушылары арасында тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы мәдени өміріміздің мәйекті шыңы болып есептелетін осы бір оқиғаға жан-жақты, тұшымды пікір білдіріліп кеңінен насихатталды. Өйткені, бұл фильмнің жастар тәрбиесіне тигізер әсері өте мол.
Фархадбек ҚАНАФИН:
–Мемлекет басшысының зауыттағы жұмысшыларға деген әділдік қарым-қатынасына киноны тамашалау барысында тәнті боласың. Дарынды актер Нұрлан Әлімжановтың да еңбегі ерекше. Ол өзінің алғырлығын танытты.
Таңсық ЖҰРЫН:
–Дұрыс айтасың. Жерлесіміз Нұрлан Әлімжанов Елбасының образын жап-жақсы, тартымды ойнап берді. Бұл киноэпопея оның өмір мектебі, шыңдалу шыңы, бағындырған биігі десем қаталеспейтін шығармын. Осы бір жауапты міндетті абыроймен атқарды.
Фархадбек ҚАНАФИН:
–Америка Құрама Штаттарында жақсы дәстүр бар, олар өз президенттерін әрқашан құрметтейді. Талай көшбасшылар өмірден озды. Біздің Нұрсұлтан Әбішұлының Юлий Цезарь, Наполеон Бонапарт, Джордж Вашингтон сияқты тарихи орны ерекше тұлға екендігі даусыз.
Жалпы осы киноэпопеяның «Тығырықтан жол тапқан» атты бөлімін халықаралық жоба десек те артық емес. Біздің қазақстандық актерлер Ресейдің тіс қаққан актерлерімен иық тіресе ойнады. Рүстемнің шеберлігін мойындады. Ресейлік актер Александр Рапопорт өз елдерінде кино түсіргенде, режиссер, актер мен оператор бәрі жан-жаққа тартып, түсірілім залында айқай-шу болатынын, бұл ретте Рүстемнің бәрін бір жерде, бір бағытта ұстағанына таң қалып, онымен жұмыс істеуге әрқашан да дайын екендігін, әлі де алдағы уақытта киноға түсуге шақырғанда, қуана келетіндігін жеткізді. Бұдан біз кино өнерінің алға дамығандығын көреміз.
Түйін:
Дөңгелек үстел мәжілісіне қатысушылар осылайша «Тығырықтан жол тапқан» фильмі жайында өздерінің толғамды ой-пікірлерін ортаға салды. Оның барысында тағы да бір айқын көз жеткен мәселе, кинотуындының асқан шеберлікпен, өте жоғары деңгейде түсірілуі. Әсіресе, бас-ты кейіпкер – Елбасының бейнесі жан-жақты ашылып, сәтті сомдалуымен өз көрерменін тәнті етеді. Сол кезде-ақ саяси аренадағы қабілет-қарымымен ерекше көзге түскен бүгінгі Мемлекет басшысының бойындағы кішіпейілділік, алғырлық, өзіне жүктелген міндетке жан-тәнімен атсалысушылық, қоғам мүддесіне жанашырлық сияқты қасиеттер экранда ешбір кем-кетіксіз, шынайы көрініс тауып, әр адамды өзіне тартады да отырады. Міне, фильмнің осы және басқа да маңызды тұстары туралы салиқалы пікір қосқан дөңгелек үстелге қатысушылардың жылы лебіздерін киноны тамашалаған өзге де көрермендердің ортақ ой-пікірі деп қабылдасақ, артықтығы жоқ сияқты. Ендеше, халқымызға, әсіресе, жастарға жақсы ой салып, үлгі-өнеге бола түсерлік осындай тартымды туындылар киноэкраннан жиірек көріне берсе екен деген тілек елдің де тілегі екендігі айқын.
Дөңгелек үстелді жүргізгендер:
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ырысалды ШАМШИЕВА.