Мазмұн мен форма үйлескен, философиялық ойларға негізделген тарихи шығарма бір ғана ұлттың рухани дүниесі болып қалмайды, әлемдік құндылықтың асылдары қатарына қосылады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының өткені мен бүгінгісін, адамшылық табиғаты мен азаматтық тағдырын танытуда Ілияс Есенберлин романдарының орны ерекше екендігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, әсіресе, қазақ елінің дәуірлеу шағы мен
бодандығын, азаттыққа жету жолындағы ерлік күресін, бүгінгі замандағы өрлеу, өркендеу кезеңіндегі жайын диалектикалық тұрғыда айқын көрсеткен, мың жылға созылған өмірін қамти суреттеген туындысы «Көшпенділер» трилогиясы болса, оның ішінде, әсіресе, халықтық, азаматтық рухымыздың құлдырау, құрып кетуге айналған шағындағы болмысты барынша тереңдікпен пайымдаған әрі оны «орыстандыру» саясатының ең бір шарықтап тұрған кезінде жайып салған «Қаһар» романында, сол «орыстандыруға» ашық қарсы шыққан Кенесары мен оның жақтастарының бейнесін шебер бере алған және де олардың қарсыластарының адамдық та азғындық бейнелерін ашқан жазушы шеберлігі мен тәуекелшіл ерлігіне таң қалмасқа болмайды. Әрі соның алдында «Хан Кене» дастаны үшін қиямет қайымға барып оралған адамның, сөз жүзінде ғана «жылымық» туып, іс жүзінде «орыстандырудың» ең бір шарықтап тұрған сәтінде қолға алуы жазушы ерлігі десек қателеспесек керек-ті.
Ұлы Отан соғысының ең бір қиын шағы кеңес әскерлерінің Еділ мен Дон бойына дейін шегініп, Кавказға жеткен кезінде бұрынғы «пролетарлық интернационализм» ұранын ұмытып, халықты «отаншылдыққа» бейімдеу мақсатында бұрын «тап тартысы» деп келген, «тап жаулығы» деген қағидаларды уақытша естен шығарып, әскери басшыларды, елбасы – патша мен хандарды, халық батырларын, билер мен көсемдерді қайта еске алдық. Жауынгерлер жауға қарсы Абылай мен Кенесары есімдерін аруақ тұтып аттанды. Осы серпіліс әдебиетке де ықпал етіп, көптеген шығармалар туды, батырлық жырлар қайта басылды. Отызыншы жылдары жазылып, тиым салынған Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» драмасы тағы да қойыла бастады. 1946 жылы өткен тарихымызға арналған, яғни ХІХ ғасырдың 20-40 жылдар тарихына арналған Е.Бекмахановтың докторлық диссертациясы жарияланды. Тағы басқа да үлкен серпіліс кең қанат жайды. Осы кезде Ілияс Есенберлин «Хан Кене» дастанын жариялаған-ды.
Алайда бұл серпіліс ұзаққа бармады. Орыс халқының ұлт батырлары ардақталған қалпында қалдырылып, басқа ұлттар көсемдерін ұмыттыруға әрекет жасалды, науқаншылдық басталды. Тағы да «ұлтшылдыққа қарсы күрес» деген жаңсақ қағида белең алып, «орыстандыру» күшіне енді. «Жаңа ұлтшылдыққа» қарсы күрес, әсіресе, Қазақстанда қарқынды жүргізілді. Мыңдаған адам айыпталып, тұтқындалды, қуғынға ұшырады. Әрине олардың қатарында ғалымдарымыз бен жазушыларымыз болды. Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және басқа да беделділер айыпталып, қызметтен қуылды, елден шеттелді, ал көпшілігі тұтқындалып, жазаға кесілді. Олардың қатарында Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Сүлейменов, С.Аманжолов, Б.Ысқақов, І.Есенберлин және басқа да мыңдаған адамдар болды.
Әдебиетке басқалардай алдымен ақын ретінде танылып, бірсыпыра ән текстері, лирикалық өлеңдері көпшілік көңілінен шыққан Ілияс Есенберлин қырқыншы жылдардың аяғында төрт-бес поэмаларымен көрінгенде де, қаламгердің «Қыз арманы» (музыкасы Е.Брусиловскийдікі) өлеңі бүкіл елдің сүйікті әніне айналды. Жұртшылық жылы қабылдаған «Айша», «Сұлтан» поэмалары өзі от жолынан өткен сұрапыл соғыс шындығын сөз етсе, ежелден тағдырын терең зерттеп, мақтаныш тұтқан тарихи тұлға – Кенесары Қасымовқа арнап, «Хан Кене» поэмасын жазды. Бұл еліміздегі Сталиндік зұлматтың қазақ зиялыларының басына түскен үшінші кезеңіне дөп келді де халық сүйіспеншілігіне бөленген туынды авторына ұзаққа созылған қасірет те әкелді, ол «еңбек түзеу» лагеріне жіберіліп, ауыр қасірет тартты. Және бір таң қалатын жай, осы бір қаламгер өміріндегі қиын да қасіретті үш жыл (1949 – 1952 ж.ж.) жазушы өмірінен дерек беретін «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан жазушылары. XIX ғ.», «Ақмола облысы» энциклопедияларында көрсетілмеген. Ал, аталған энциклопедиялар еліміз егемендік алған 2005, 2006 жылдары шыққан-ды.
Сол кездегі еліміздің басшысы, Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып 30 жыл қызмет атқарған (1986 жылғы желтоқсанға дейін) Д.А. Қонаевтың көмегімен өз мамандығына оралысымен Ілекең әдебиетке белсене араласып кетті. Алдымен біраз жыл киностудияда қарапайым жұмыс істеген кезеңде ол әдебиетке негізінен прозашы ретінде танылып, алғашқысы «Айқастан» бастап 17 роман жазып қалдырды да, қазақтың «Бальзагы» атанды. Жазушы геологтар өмірінен «Айқас», кеншілер туралы «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», ғылыми ізденістер мен интеллигенция өмірлеріне арналған «Өсиет», «Алтын аттар оянады», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романдарын жазды. Осылардың ішінен екі романға ерекше тоқталған жөн: «Қатерлі өткел» мен «Көлеңкеңмен қорғай жүр».
Жазушының аса күрделі, қилы кезеңдерді суреттеуге арналған «Қатерлі өткел» романының жүгі де ауыр. Бұл күрделі туынды 1967 жылы жарық қөрді. Бұл романда халқымыздың жаңа, өзіне бейтаныс социа-лизм аталған заманға өту дәуіріндегі бел-белестері тұсында тұншыға булыққан қазақ интеллигенциясының өмірі мен «құдай салды – мен көндім» дегендей зұлмат қоғамдық қатынасқа қалыптасуы үлкен тартыс үстінде, күрделі әдеби штрихтармен суреттеледі. Бүгінде біздің елімізде тың игерудің 60 жылдығына арналған шаралар өткізілуде. Расында тың игеру еліміз үшін аса қажет те болатын. Алайда оны жүзеге асыру кезінде орыс отаршылдығы айқын сезілді. Жергілікті халықтың жайы ескерілмей, қажетті-қажетсіз жағдайлар көбейді. Жалған ақпармен, «жаңа жерлерді игерудемізді» растау үшін бұрыннан бар елді мекеннен сәл жырақтау жерден совхоз поселкалары тұрғызылып, сол кездегі қазақ ауылдары «болашағы жоқ» деп танылып, жаппай қазақ мектептері жабылды. «Тың игеруге шақырумен» қазақ даласына келімсектер, қашқан-пысқандар келуімен шектелмей, батыс өлкелерінен сотталғандар да түрмеден босатылып, қазақ жеріне ағытылды. Әрине, олар тек еңбек ету үшін ғана келген жоқ, оңай олжаға кенелу ниетімен де келді, түрлі бұзақылықтар да көбейді. Осылардың өрескел қылықтарын қөзімен көрген ұлы жазушымыз Сәбит Мұқановтың игеру игілігін көрсетуге арналған «Тылдағы толқындар» атты очерк-тер жинағында жалғанды жалпағынан басқан «тың игерушілердің» Солтүстік Қазақстан облысының «Московский» совхозында кісі өліміне дейін барғандығын жазған болатын. Тың игеру кезеңінің келеңсіздіктері Саттар Сейітхазиннің «Мария» поэмасында, Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» повесінде де жазылды. Жылма-жыл мол өнімге құныққандықтан жерді есепсіз жыртудың кесірі КСРО халық суретшісі Қанапия Телжановтың «Атамекен» полотносынан да көрінеді, сол әрекет кесірінен жел эрозиясының апаты Зейін Шашкиннің «Сенім» романында да көтерілген. Ілияс Есенберлин де осы тақырыпқа барып, «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романын да жазды.
Ілекең шығармашылығы бір мақала көлеміне сия бермес. Сондықтан, біз жазушының барша шығармаларын айта алмаған күнде де оның өзі туған облысына, Есіл өңіріне арнаған «Көлеңкеңмен қорғай жүр» атты туындысына аялдаңқырап өткенді жөн көрдік. Осы тұста айта кететін бір деталь – бұл роман 50 жылдардың аяғында «Толқиды Есіл» деген атпен повесть болып жарық көрген болатын. Кейіннен сол туындысына атақ-даңқы жойылған тұста қайта оралып, роман дәрежесіне көтерді. Егер біз романның жүгін талдап саралайтын болсақ, мұнда ең алдымен жаны жеріндей ту-талапайға салынған егістік даладағы жел эрозиясы, оған күрес проблемасы алдымыздан атойлап шыға келеді.
Мұнда әрқайсысы жеке роман жазуды тілейтін күрделі тақырыптар, негізгі кейіпкерлер Хасен, Угрюмов, Меруерт, Губанов, Қазыбай, Рамазандар арқылы өрбіп, солардың іс-әрекеті арқылы шешім табады. Оқиғаның екінші басында табиғаттың дүлей күші қоса әрекет еткен Алшынбек, Қарабай (бұлар романның соңында түзелуге бағытталған сыңайын танытады), қара жүректікке барып қан төккендер жағында жүретін Сұлтан Беков сияқтылар бар.
Республиканың басшысы Асылбек Ахметжанов аз көрінсе де оқырманның көкейіне қонған, тіпті өзінде оқиғаның шиеленіскен түйінін сол кісі ғана шешер деп аса зор үмітпен қарайтын бейне есебінде тұлғалаған.
Ілекеңді барша оқырман тарихи романдары үшін аса зор ілтипатпен қадірлейтін еді. Халқымыздың көнеріп кеткен шежірелерін тірілткеніне разы-тын. Шынында тереңіне шым бата бойлап барып, жеті ғасырлық ұлан-асыр оқиғаны алты кітаппен, көз алдымызға әкеліп беруі жазушының ерлігі деп білген ләзім. Бүгінде қалың оқырманның аузындағы «Көшпенділер», «Алтын орда» атты қос трилогия хақындағы тамсаныс басылған жоқ. Шетелдерге де сол күш-қуатымен тарап кетті.
Осы еңбектердің аталуы да екіге бөлін-генімен өз басым алты кітаптан тұратын тұтас бір кең полотнолы эпопея тәрізді қабылдаймын. Өйткені, бүгінгі таңда тарихи тақырыпқа жазылған теңдесі жоқ бұл туынды – халқымыздың жеті ғасырлық өмірбаяны. Оны көркем туындысымен көрсетіп берген Ілекеңе сүйіспеншілікпен алғысын айтады! Өйткені, ол тарихшы ғалымдардың өзі ажыратып, діттеп көрсете алмаған көне тарихтың көзін ашты, қайнар бұлақтың бітеліп қалған тұмбасын аршығандай азаматтық аса зор еңбегімен танылды. Әрине, жеті ғасырдағы ғажайып оқиғаларды аз ғана кітапқа сыйғызып беру де жазушыдан шеберлікті талап етеді.Тарихтан хабары жоқ жандарға бүкіл кітаптарды оқу қиынға соғатыны да сондықтан. Ал, қазақ халқының өткен шежіресінен аз да болса саңылауы бар жандарға өте қызық, бас алмай оқитын кітап.
Қазақ халқы бастан кешкен ХХ ғасырдың алмағайып, аласапыран белдеулерінде қоғамдық пікірдегі ой таласы көтерген басты мәселелердің бірі – тарих… Тарих! Ол халықтың кешегісінің де, бүгінгісінің де, тіпті ертеңгісінің де айнасы. 1969 жылы «Көшпенділер» трилогиясының үшінші бөлімі «Қаһар» жазылды да, кейіннен «Алмас қылыш» (1971 ж.), «Жанталас» (1972 ж.) деген бөлімдері баспа бетіне шығарылды. Үш кітапта да қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғалар бұрмаланбай, орынсыз қараланбай нақты фактілер мен халық аузында сақталған шежіре-әңгімелер негізінде нанымды берілген. Үшеуінен де жазушының объективтік көзқарасы байқалады. Шығарма туралы І.Есенберлиннің өзі де: «Өз тарихымызды шаң астынан қайта аршып алайық, хандарымыздың, билеріміздің ел қамын жеген азабын таразылайық деген ниеттен туған, ұлтжанды мінезімнен дүниеге келген тарихи шығармаларым», – дейді.
Трилогияның үшінші бөлімі «Қаһар» романы Кенесары көтерілісінің шынайы беттерін суреттеуге арналған. Романда Кенесары бейнесі, оның өмір сүрген дәуірі, оның айналасындағы адамдардың бәрі реалистік бояумен берілген. Оны ғалым Р.Бердібаевтің сөзінен де аңғаруға болады: «Романның даңқы өрлеп кетуі тек тақырыбының күрделі, оқиғаларының қызықты, кейіпкерлерінің жарқын тұлғалар болуынан ғана емес еді. Бұл шығармада жазушы көркем характер жасау шеберлігі кемел екендігін көрсетті». Жоғарыда айтылғандарды пайымдай келсек, көтерілістің ащы беттері Кенесары бейнесі арқылы, оның айналасындағы адамдар, өрбіген оқиғалар арқылы жазушының өзі көздеген көркемдік, идеялық мақсатына сай тамаша шебер білгірлікпен суреттелгеніне көз жеткіземіз.
Тағы да қоса айтарымыз – Алтын орданы қазаққа телуі. Орыс тарихшылары Алтын орда қазақ жерінде дүниеге келсе де, осынау алып дала сол қуатты мемлекеттің Отаны болса да, бізге сондай ірілікті қимай, оның маңайына жолатпай келеді ғой. Географиялық жағынан да, этникалық жағынан да, төре (чинизид) жағынан да қазақ Алтын орданың тікелей мұрагері болып тұр. Ілекең соны дәлелдеп кетті. Сол үшін де ол тарихтың батыл барлаушысы, оны көркем тілімен қағазға түсіруде батыр жазушы екенін мақтанышпен айтуымыз керек.
Жазушының біз атаған еңбектері орыс халқының тіліне және сол арқылы бұрынғы КСРО-дағы бауырлас халықтар тіліне аударылды. Бірнеше рет шет тілдерге тәржімеленіп таратылды. Туған халқының есінде мәңгі сақталуы да жазушы үшін ең жоғарғы сый-құрмет болса керек! Соның белгісіндей 1994 жылдың қысында Алматы қаласындағы өз жанұясы тұрған үйдің бірінші қабатынан мұражайы ашылды. Сондай мұражай жазушының кіндік қаны тамған Атбасар қаласында да ашылды. Ендігі алда тұрған үлкен белес – осындай дара бітімді суреткердің 100 жылдығын Үкімет, туған өңірі болып кең көлемде лайықты атап өту болса керек.
Аманжол ЕСМАҒҰЛОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Өмірдерек:
Аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлин 1915 жылдың 10 қаңтар күні Атбасар қаласында туған. Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы интернатқа мұғалім болып орналасады. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істейді. Өндірістен қол үзбей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына оқуға түсіп, 1937 жылы Қазақ КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Советтердің алғашқы Төтенше съезіне делегат болып сайланады. 1940 жылы институтты аяқтаған соң Жезқазғанға жұмысқа жіберілді. Сол жылы күзде әскер қатарына шақырылып, Рига әскери-саяси училищесінде оқығаннан кейін, майданға аттанды. 1942 жылы ауыр жараланып госпитальға түсіп, бір жылдан соң елге мүгедек болып оралды. Сөйтіп, 1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы болып қызмет істеді.
Соғыс аяқталарда 1937 жылы «халық жауы» деп атылып кеткен Әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайын енесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында өтеп, сонда жарылыс жұмыстары жөніндегі тау-кен инженері болып бес жыл жұмыс істеді. Айдаудан келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрлігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.
Шығармашылығын алғаш өлеңнен бастап, «Айша» және «Сұлтан» поэмаларын жазған. Кейін прозаға ауысады.
1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1962 жылдан «Қазгослитиздат» баспасында редактор, 1967 жылдан «Жазушы» баспасында директор, 1971 – 1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы сияқты түрлі қызметтер атқарды. 1975 жылдан бастап біржола шығармашылық жұмысқа көшіп, 16 жылда 15 роман жазды.
1962 жылы драматургия жанрында да бақ сынап, қалам тарта бастады. «Таудағы тартыс» пьесасы республикамыздың бірқатар театрларының сахналарында қойылды. 1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарын жазды. Бұл романдар «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді. Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атауымен жарық көрген трилогия орыс тілінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша дүниежүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Осы трилогияның негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильм түсірілді.
Ілияс Есенберлин қазақ әдебиеті тарихында бүгінге дейін ең көп роман жазған жазушы. Көрнекті суреткердің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, сөйтіп, әдебиетке серпін әкеліп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген сүбелі туындылар. Өмірінің соңында жазушы «Алтын Орда» трилогиясын жазғаны да белгілі.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, өзінің шоқтықты шығармаларымен қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ілияс Есенберлин 1983 жылы Алматыда дүние салды. Атақты жерлесіміз «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.