Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаны сұлу қарт еді - АРҚА АЖАРЫ

Жаны сұлу қарт еді

Өмір мәңгілік емес! Өтпелі дүниенің талайғы бір өмір кезеңінде өзің білген, тіпті сол білгеніңді қойып, сыр алғы сыйлас болған сәттеріңнің кейіннен келіп, ауыр күрсіне отырып еске түсер сәттері де туады екен. Қазір сол күйді бастан кешіп жүрген жай бар. Бұл өткелді өткен күндеріңнің елесті бір сағымды шағы екен. Сағымды жылдардың сағынышы да бар.  Әсіресе, адам баласы жарық дүниеден озып, көзден ғайып болғаннан кейін, көңіл түпкірінде тек сол адам жайлы әлдебір жақсы әсермен қайталап айта бергің келер әлдебір жайлар ғана қалады екен.  Дүниеден  қайтқан  әр  адам  бір-бір  өмір  болса, енді сол өмір жайлы, кешегі тірі күндерінің тіршілігі жайында айтып, сыр толғау керек.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты
ясында сыйлас та сырлас та, дәмдес те, тілектес те болған мен білетін жарықтық Қайыркен ақсақал мына жарық дүниеде сексеннің алтауынан асып барып,  өмірдің мәңгілік көшіне ілесіп, сапарлап кете барды. Бірақ, көптің жүрегінде қалды. Көңілде қимастық қалды. Тіпті, кей-кейде  тұла бойынан тектіліктің асыл бір қасиеті есіп тұратын осы бір жанмен ертерек біліспеген екенмін деген өкініш те тұратын. Бәрінен де жаны сұлу еді. Қайыркен ақсақалдың сол жан сұлулығы әрдайым нұр шашып тұрар қызыл шырайлы жүзінен де, жаны мен ойының, ниеті мен көңілінің тазалығын таразылап тұрар қос жанарынан да, тұла бойын тік ұстап жүрер сұңғақ біткен бойынан да, айналасын ақырын ғана байыппен бағамдай білер отырысынан да, биязы да жұмсақ үнінен де, өзі риза болған әлдебір жайға балаша мәз болып күле білер риясыз бір күлкісінен де, ойланып айтар жан жадыратар әзілінен де, салиқалы да салмақты сөзінен де, салалы саусақты қос алақанын жайып берер батасынан да, әдемілеп сәнімен қойған шоқша біткен ақ сақалынан да ерекше бір жаратылысты бірден байқауға болушы еді. Бұрынғының ақсақалы еді, жарықтық! Бұрынғының үлкендеріндей бес уақыт намазын қаза қылмай, артық ауыз сөз сөйлемей, жайнамазының үстінде өз бала-шағасы мен өз ұрпақтарының амандық-саулығымен бірге, бүкіл ағайын-туыстарының, дүйім елінің тілеуін тілейтін еді, жарықтық! Өзгеге тілеген қайыр жақсылығы өз алдынан шыққандай болып, жарықтық өзгелерге сабытын салмай, қолға қарамай, сол бір көзі тірісіндегі әдемі қалпымен мәңгілік сапарына да әдемі аттанып кете барды. Тегі, тіршілігінде жаны ізгі болған адам баласын жаратқанның өзі де әдемі алады екен-ау деген ой түйдім.
– Баяғының үлкендері мына кемпірімнің алдында ала көр деп тілеп отырушы еді, сіздің тілеуіңіз қалай? – дедім бірде әзіліміз де, әңгімеміз де жарасты бір дәм үстінде. Ақсақалым ойланып қалды.
– Үндемей қалдыңыз ғой?! – деп  едім, «Кемпірімді қимаймын. Қалай қиып тастап кете аламын?!» – деп жарқылдап бір күлгені де еске түсері бар. Енді ойлап отырсам, өзінің алпыс жыл отасқан және де өз ғұмырларында шәй деспеген, жеті бірдей ұл-қыз тәрбиелеп өсірген жан жары Күлжан анамызды қимағандығы  ақсақалымның өз жүрегіндегі өмірге деген, өзінің жан жарына деген риясыз да шексіз және де ешқашан суымаған сүйіспеншілігі екен-ау!  Бәлкім, Қайыркен ақсақалдың өз жан сұлулығының қайнар көзі сол өзінің жан жарына деген адал сүйіспеншілігі де болар!
Біз әңгіме етіп отырған  Қайыркен  Сәдуақасұлы Хабдулин Көкшенің қос  өркешті  Айыртауымен  ұштасып  жатар Арықбалық өңірінде 1926 жылы дүниеге келіп, мына өмірдің  даңғылы да, бұралаңы да көптеу болған жолымен абыройлы жүріп өтті.  Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл өмірінің қат-қабат шаруасына да ерте араласып, ертерек есейді. Еңбекпен  есейіп қана қоймай, айнала тіршіліктің тылсым сырына жан-дүниесімен тереңірек үңіліп, ой жинақтап өсті. Айнала тіршілік, айналасындағы сол тіршіліктің иелері адам баласының  жайы мен күйі, бейнеті мен берекесі, наласы мен көз жастары, қайғысы мен қуанышы, бәрі-бәрі де солардан ой түйіп өскен  жас Қайыркеннің көкірегінің зерек, көзінің ашық, жан-дүниесінің адами ізгілікке толы болып жетілуіне әсер етпей қоймағаны да бар.
1942-1953 жылдар аралығында Қайыркен Сәдуақасұлы Шучьедегі тау-кен металлургия техникумында оқып, сол кездегі қазақ баласына жаттау болып табылатын кеншілік мамандықты та игерді. «Қаззолото» тресіне қарасты «Бестөбе» руднигінде тау-кен мастері болып еңбек жолын бастады да, жер астында жүріп кен өндірудің қыры мен сырын меңгерді, қарапайым кеншіліктің ауыр да абыройлы еңбегінің дәмін де татты. Өмір көрді. Әуелден туа бітті көкірегі зерек Қайыркен Сәдуақасұлы жоғары білім алуға ұмтылып, сол мақсатына жету үшін  ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны агроном мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап шықты. Сонан кейінгі бар өмірі де, бар саналы ғұмыры да ауыл шаруашылығымен байланысып кете барды. 1961 жылы Көкшетау ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында агроном болып еңбек етіп, Көкше өңірінің астық шаруашылығын дамытуға барынша  үлесін қосты. Бұл кез елуінші жылдары игерілген тыңның ауыл шаруашылығы мамандары алдына күтпеген әрі кездейсоқ түйінді мәселелерді алға тартып жатқан кез еді. Игерілген тың алқаптары егістіктерінің құйқалы да құнарлы қара топырағын жаз бойы жел үрлеп, топырақ эрозиясының зардабы сезіле бастады. Ендігі арада егістікті өңдеудің жаңа әдісі қажет болатын. Жас агроном Қайыркен Хабдулин астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыс жасап, тың аймақтардағы астық шаруашылығын өркендетудің жаңа әдістерін өндіріске батыл енгізе де бастады.
Еңбек зая кеткен жоқ. Қайыркен сынды жоғары білімді әрі істің жайын білетін мамандар Көкше өңірінің астықты өңірге айналуына қол жеткізді. Бүгінгі күні атырабы ақ бидаймен жайқалып тұрар осынау өлкенің бар табысы мен жетістігінде Қайыркен Сәдуақасұлы сынды мамандардың зор үлесі болғандығын айту да парыз.
Жүріс-тұрысы салмақты, айтар сөзі орнықты, білімі білікті Қайыркен Хабдулин сынды маман ауыл шаруашылығына аса қажет болатын. Осы жағдаймен ол 1969 жылы Көксеңгір өңіріндегі сол кездегі Уәлиханов ауданындағы «Комсомол» совхозына бас экономист қызметіне жіберілді. Әуелден зерек бітімді маман бұл саланы да ойдағыдай меңгеріп кетті. Ең бастысы елмен, халықпен тіл табыса жұмыс істеуге келгенде жаны ізгі Қайыркен Сәдуақасұлы өзгелерге өнеге болды. Ұстамдылығымен, ақыл-парасатымен дүйім жұрттың құрметіне бөленді. Ел ағасы атанды. Сол ел ағасы бола жүріп, өзі де абыройлы биіктерге көтерілді.
Көкше өңірінің сол кездегі Көксеңгір өңіріндегі шаруашылықтардың мәселелерін шешу оңай болмайтын. Мал, соның ішінде қой мен жылқы өсіруге бейімделген өңір шаруашылықтары негізінен, шығынды болып жататын. Табиғаты жағынан және шалғай орналасуынан көптеген түйткілді мәселелер жиірек туындап тұратын. Сондай жағдайдың бәрінде де Қайыркен  Хабдулин  бас  экономист  ретінде шаруашылықтың есеп-қисабын түгендеп, неғұрлым тиімді жұмыс істеу жүйесін қалыптастыра алды. Бұл іскерлік пен білімділік еді.
Жылдар көшінің керуенімен ілескен уақыттың бір орында тұрмасы да бар. Уақытпен бірге адам да өзгереді. Қайыркен Сәдуақасұлы сол жылжымалы уақыттың уысында қалып қоймай, өзі туып-өскен Айыртау өңіріне аңсарының  ауа бергені де болды. Сәтін салып Дәуқара ауылының негізінде жаңадан құрыла бастаған «Қазақстан» мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне  бас экономистік  қызметке ауыстырылды. Бұл жерде де  өзіне тән іскерлікпен тиесілі жұмысын орнына қоя білді. Жаңадан қалыптаса бастаған шаруашылықтың белді бір маманы ретінде тағы да елдің абыройына бөленді. Ауыл ажарланып сала берді. Жаңа үйлер салынды. Халықтың да еңсесі көтеріліп, Дәуқараның дәулеті шалқып жүре берді. Бұл елде  Қайыркен  Сәдуақасұлынан  із  қалды. Ел адамдарының арасында жақсы да абыройлы аты қалды.
1987 жылы жасы зейнеткерлікке жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққан күні кешеге дейінгі өмір кезеңінің, өзінің бар саналы ғұмырының жақсылығын көріп өткендей күй кешті. Көкшетау  қаласына көшіп келіп, жан жары  Күлжан екеуі өздері ер жеткізген,  ұяға  қондырған  ұлдарының, қияға қондырған  қыздарының, солардан өсіп-өнген ұрпақтарының ортасында алаңсыз өмір сүрді. Өмір өтпелі болса, сол өтпелі өмірден озып жүре берген Қайыркен Сәдуақасұлының соңында тамырын тереңге жайған ұрпақтары  қалды. Алып бәйтеректің саясында өсіп-жетілген сол ұрпақтары да елі үшін қалтқысыз қызмет етуде.
Сексеннің алтауынан асып өмірден озған Қайыркен ақсақал әдемі өмір сүрді,  әдемі қартайды!  Осы адамның әдемі қарттығына қызығуға да болар  еді. Қазақта «қазына болып қартаю және қазымыр болып қартаю» сияқты қартаюдың екі жолы бар деуші еді. Біздің Қайыркен ақсақалымыз  қазына  болып  қартайды. Өзінің тұла бойын да, ойын да, ниетін де таза ұстады.  Күнбе-күнгі күйкі тіршілікке араласқан жоқ. Бейсауат сөйлеуді білмейтін. Бес уақыт намазын оқып, одан қалды, түрлі әдеби кітаптар мен күнбе-күнгі  газет-журналдарды оқып, елдің өмірін толық біліп, хабардар болып отыратын. Және де сол елінің тілеушісі болып, әрдайым халқының жақсылығы мен амандығының жайын сөз ететін-ді.
– Сендер жақсы жұмыс істеп жатырсыңдар. Елдің қамын Елбасымен бірге ойласып жүрсіңдер, солай болыңдар әрдайым, – деген Қайыркен ақсақалдың осы бір риза көңілінің бір ауыз ақыл сөзі көкейімде әрдайым жаңғырып тұрары да бар.
Әріден сөз тарта сөйлесе қалсаңыз,  ескілікті әңгімені айтуға келгенде шешендігі де, әзіл қоссаң, әзілге жүйріктігі және де риясыз бір таза күлкісі де Қайыркен ақсақалдың бітімі бөлек жан екендігін айғақтап тұрушы еді. Сол сәтте осы бір қарияның баладайын балғын жүзі нұрланып сала беретін. Ол сол бір ақ жарқын көңілімен, жарқын жүзімен, сабырлы қалпымен, әлдебір тектілікке қоса, әлдебір салдықтың қасиеті де байқалатын.
Өмір мәңгілік емес! Киелі Көкшетаудың қасиетті топырағы жеңіл, жаныңыз жұмақта болсын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар