Өткен 2014 жылдың соңы есімі елімізге белгілі көрнекті жазушы-журналист, публицист, жерлесіміз Сарбас Ақтаев үшін есте қаларлық жарқын оқиғаларға толы болды.
Белгілі қалам иесі, көптеген кітаптардың авторы қоңыр күзде өзінің туған жері Көкшетау мен Зерендіде 80 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Бұл қуаныш Алматыда одан әрі жалғасын тауып, Әдебиетшілер үйінде жазушының үлкен мерейтойлық кеші өтті.
Одан бері де абзал жанның қазақ баспасөзіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Рес-публикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі атағы берілді. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірнеше жыл қатарынан бас редактордың орынбасары, ал, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде 17 жыл бойы бас редактордың орынбасары, одан әрі бірінші орынбасары қызметтерін атқарған, көпшілікке танымал республикалық «Халық кеңесі» газетінің негізін қалап, оның тұңғыш бас редакторы болған, республикалық «Ақиқат» журналына жетекшілік еткен Сарбас Ақтаевқа осы атақтың куәлігін Академия президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Файзолла Оразаев тапсырды.
Жерлес қаламгер бұған дейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің де құрметті профессоры атағына ие болған еді. Мерейлі 2014 жылдың соңына таман, Тәуелсіздік күні қарсаңында осының бәріне «Зеренді ауданының құрметті азаматы» атағы да қосылды. Бұл атақ жазушыға осы ауданда туып-өскен қазақтың белгілі тұлғаларын әдебиет пен баспасөз бетінде кеңінен насихаттауына, сөйтіп, өңірдің мәдени және рухани дамуына елеулі үлес қосуына байланысты берілді.
Біз де өз тарапымыздан газетімізбен үнемі шығармашылық байланыста болып келе жатқан қазақ баспасөзінің көрнекті өкілін осы жетістіктерімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық және жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.