Бұл күнде ауданда 1,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген.
Кәсіпкерліктің ең басты даму бағыттарының бірі бизнес саласы болып табылады. Сондықтан, ауданда инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын ашуда ілгерілеушілік басым. Соның ішінде, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні қарсаңында ашылған «Шаңырақ» қонақ үй кешені мен «Денсаулық К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәріханаларын айтуға болады.
Сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуы үшін индустриалды-инновациялық дамуды жеделдету бағдарламасының көмегі зор. Аталмыш бағдарлама аясында ағымдағы жылы «Полимер-Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде полиэтилен өнімдерін шығаратын цех іске қосылды. Индустрияландыру картасының аясында өнеркәсіп саласына қосымша төрт жоба енгізілді. Мәселен, «Центропласт НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий пішінін өндіретін және «Казглютен и Ко» кәсіпорнының тұқымды тереңдете өңдеу зауыттарының құрылысын атап өткен жөн. Жобаның жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайды. Оған қоса, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мүмкіндігі кеңейіп, 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Көптеген нысандардың қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Шортанды кентіндегі жеке тұрғын үй құрылысы да жақсы қарқын алуда. Жыл сайын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жүйесі кеңейіп, химия, физика кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Шортанды ауданы.