Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Розаның әлем чемпионы атағы бар - АРҚА АЖАРЫ

Розаның әлем чемпионы атағы бар

Біздің облыстық ішкі істер департаментінің аппаратында ер азаматтармен бірге нәзік жанды арулар да абыроймен қызмет етіп келеді. Солардың бірі де бірегейі Роза Искаренова. Ол 2013 жылдың сәуір айында қоян-қолтық ұрыстан Мәскеуде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Қазіргі уақытта облыстық ішкі істер департаментінің жедел әрекет ететін арнайы жасағының инспекторы, полиция лейтенанты.

Қызмет бабымен бөлімге кіріп, өзінің іс қағаздарын ретке келтіріп жатқан аруды көріп, оның жедел әрекет ететін арнайы жасақ құрамында қызмет істейтінін біліп, таң қалдым. Өйткені, мұндай қызметке тек ер адамдар ғана қабылданатынын білетінмін. Сөйтіп, оның қызметімен танысуды алдыма мақсат етіп қойған едім.  
Әке жолын қуып, ішкі істер органдарында қызмет етуді таңдаған біздің кейіпкеріміз бұл күнде спорт майталманы. 1985 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген Роза мен оның сыңары Алла Искареновалар талай спорт додаларының жеңісті тұғырларын бағындырған қайсар арулар екен. Екі қыз қаладағы №14 орта мектепте білім ала жүріп, ауыр атлетика секциясына жазылып, жаттығыпты. Бір жылдан астам уақыт айналысып, қалалық, облыстық спорт сайыстарында жетістіктерге де жетіпті. Степногорск қаласында өткен облыстық байқауда Роза Искаренова жеңімпаз атанған.
– Бұл  ауыр атлетикамен шұғылдана беруге де болушы еді, бірақ 1 жылдай айналысқанда, оның қыз балаға қиын болатынын түсініп, спорттың басқа түріне көшуді хош көрдік. Сөйтіп, сіңілім екеуміз қоян-қолтық ұрысқа ауыстық. Онда да нәтижелер жаман болған жоқ, – дейді Роза.
Шынымен де спорттың бұл түрі бойынша екі қыздың жеткен жетістіктері жеткілікті көрінеді. Жаттықтырушысы Руслан Сүлейменов спорттың бұл түрінің қыр-сырын Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасының жаттығу залында үйретіпті. Содан кейін облыстық ІІД-нің «Динамо» спорт залына ауысқаннан бері Самат Кабдуллин де өзінің бар білгенін үйреткен. Түрлі сайыстарға қатысып, жеңіс тұғырын бағындырған ару 2002 жылы қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионы атаныпты. Онымен шектеліп қоймай, кикбоксинг пен бокс сияқты спорт түрлерін игеріпті, десе де басты назары спорттың осы түрінде болыпты. 2004 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде қыздар арасында ережесіз ұрыстан өткен әлем чемпионатына қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Екі жылдай Алматыда тұрып, оңтүстік астананың төрінде жаттығыпты. 2006 жылдан бастап ішкі істер органдарына, яғни Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасының тылмен қамтамасыз ету бөлімінің ғимараттарды күзету тобының инспекторы болып орналасыпты. Онда бір жылдай жұмыс істеді. Қызметіне жауапкершілік танытты. Пысықтығына риза болған басшылар оны әуелде криминалдық полиция бөліміне, одан соң  облыстық ішкі істер департаментіне ауыстырыпты. Қайда жүрсе де спортты жанына серік еткен.
Қазіргі уақытта жедел әрекет ететін арнайы жасақ құрамында қызмет етуде. 2013 жылы сәуір айында қоян-қолтық ұрыстан Ресей Федерациясында өткен әлем чемпионатына қатысып, барлық қарсыластарының мысын басып, жеңіс тұғырының ең биік сатысын бағындырды. Одан кейін қазан айында қыздар арасында Атырауда өткен Қазақстан кубогы бәсекесінде де олжа салып, Азия кубогына қатысуға жолдаманы иеленді.
–  Роза Искаренова бізбен бірге ер адамдар ұжымында қызмет етсе де, нәзіктікке бой алдырып, осалдық танытқан емес. Қызмет бабындағы әскери-жауынгерлік дайындықтарда да бізбен бірге қатарласып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Өр тұлғалы Әлия мен Мәншүктей батыр қыздардың сіңілісі ғой. Оның қызметтегі және спорттағы жетістіктеріне қуанамыз, – дейді қызметтес әріптесі, полиция капитаны Қанат Тәшімов.
Арлан мен Арман есімді екі ұлдың анасы Розаның алға қойған басты мақсаты сол екеуін өсіріп, оқытып, азамат ету.
– Мен алыс сапарларға шыққан кезде балапандарым анамның тәрбиесінде қалады. Ата-анама көп рахмет. Әрбір жеңісім солардың еңбегі. Қазір үлкен ұлым балабақшадағы каратэ секциясына қатысады, алдағы уақытта жүзуге барады. Бірақ, балаларыма спортқа бар, заңгерлікке бар деуден аулақпын, таңдаған мамандықтарына барады, – дейді спортшы.
Отбасында аяулы ана, қызметте абыройлы әріптес, спортта атақты, достарының арасында қарапайым Розаға тек қана әйел бақытын тілейміз. Алдағы жарыстарда да биік тұғырдан көріне бергей.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар