Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аспа бесік елді әбігерге салып қойды - АРҚА АЖАРЫ

Аспа бесік елді әбігерге салып қойды

Осы жақында ғана күшіне енген «Жол қозғалысы туралы» жаңа заңнаманың кейбір баптары жұрттың орынды ренішін тудырғаны бұқаралық ақпарат құралдарында баса жазылуда.

Онда он екі жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы орындықтарды қолдану әлі ерте екендігі жөнінде пікірлер білдірілген. Жұрттың мазасын алып, пікірталас тудырған бұл мәселе Парламентте қайта көтерілді. Төменгі палата депутаттары «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген өзгерістерді  әзірге алып тастауды, сөйтіп, оны кезең-кезеңмен енгізу  жөнінде ұсыныс айтты.
Үкімет басшысының атына жолданған бұл ұсыныста жоғарыда аталған ереженің «шикі» тұстары баса атап көрсетіледі. Атап айтсақ, заң қабылданғаннан бері аспа бесіктерге деген тапшылық орын алып, бұл тауардың нарықтағы бағасы күрт өсіп кеткен жайы бар.  Тіпті, Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов: «Ішкі істер министрлігінің заң жобасын әзірлеуші комитеті мәселені терең зерттемеген, бұл тікелей жемқорлық көріністеріне әкеліп соғады» деп атап  көрсетті.
Бір жағынан біз қандай заң қабылдасақ та, алдымен халықаралық тәжірибелерге жүгінеміз. Олай болса,  Бельгия мен Данияда балаларға арналған аспа бесіктерді 3 жасқа дейін қолданатынын, ал, кейбір елдерде мұндай арнайы орындықтарды пайдалану міндетті емес екендігін жаңалық енгізуге әуес министрліктің жауапты тұлғалары біле ме екен?! Парламенттегілер ше? Осы заң жобасын қарау кезінде  қазіргідей белсенділікті ешкімнің көрсетпегені таңқалдырады. Қашан халық әбден реніш білдіріп, ашу-ыза тудырғанда ғана осылай бір жаққа шығу керек пе, әлде.
Біз осы мәселемен облыстық ішкі істер департаментінің Әкімшілік полициясы басқармасына хабарласқанымызда,  ондағылар Парламент депутаттарының бұл ұсынысына қатысты нақтылы шешім шығарылмағанын жеткізді. Заңдағы бұл ережені бір жылға шегеру арнайы қаулымен жүзеге асады. Сондықтан, жол полициясы инспекторлары заң күшіне енгелі бері жол қозғалысы ережесінің бұл талабын орындамаған жүргізушілерге айыппұл салуға асығар емес. Бұл түсінікті де, себебі, қазіргі автоорындықтардың саудадағы нарқы ауылдағы ағайынның ескі-құсқы көлігінің бағасына жетіп қалды. Сонда әлгіндей аспа бесіктер қымбат болғасын, ауылдағы ағайын көліктен түсіп, ат шанаға отырғаннан басқа амалы жоқтың кебін кигені ме?!
Бәлкім, үкіметтегілер депутаттардың жанайқайына құлақ аспаса да, елдегі ағайынның зары мен мұңын естіп, ойланар дейміз. Онсыз да қиын-қыстау шақта адамдарды әбігерге салған министрліктегілер енді бұл жол ережесі бабын бір жылға шегере ме, жоқ па?  Мүмкін күнделікті өмірімізбен үйлеспей жатқан бұл ережені мүлде алып тастар. Бұған үкіметтегілер не дер екен?!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар