«Көкшетау» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси, әлеуметтік журналының бұл кезекті санында бір топ ақын-жазушылардың шығармалары оқырмандарға жол тартып отыр. Соның ішінде Ғалихан Ахметовтың «Үкілі Ыбырай» романының үшінші тарауы өзінің көркемдік сипаты, әйгілі ақын-әнші, композитор туралы ұтымды шешімдерімен оқшау көрінеді. Журналда Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен үндесе түсетін туындының бірі – белгілі ақын Бақытжан Тобаяқовтың «Мәңгілік ел – мұратым» атты өлеңдер топтамасы десек, артық емес.
Қазақтың аса көрнекті ақыны Кәкімбек Салықовтың әдеби мұрасынан алынып жарияланған «Үкілі Ыбырай туралы үзік сыр» естелігі де біртуар бабамыздың өшпес әндерінің бұрын беймәлім болып келген кейбір қырларына терең бойлай түсуімен құнды. Сондай-ақ, Серік Әбеновтың «Жирен айғырдың жорығы» әңгімесі, Баянғали Әлімжановтың «Қорасан қарақшының қолмергені» поэ-масы, Есләмбек Бекбаевтың «Әке» эссесі де қызғылықты оқылады.
Журналдың осы санында Мұрат қажы Ыдырысовтың «Таңғы самал елінде» деген тақырыппен сапарнама өлеңдері, Ахмет Дүйсенбаевтың «Таным» айдарымен «Ғұмырнама немесе мүшелдің ғылыми негізі» зерттеу еңбегі де жарияланып отыр. Ал, Беркімбай Әлжановтың «Ақ таңым, жақсы хабар әкеле бер!..», Абзал Балтабаевтың «Ұлы Абайға» топтама өлеңдері «Елден келген өлең» айдарымен берілген.
Журналдың бұл саны-ның соңғы нүктесін өз шығармаларын орыс тілінде жазатын жерлес қаламгер Тұрғын Сыздықовтың грек еліне сапары туралы жолжазбалары қойып отыр.
Журнал әдеттегідей түрлі-түсті мұқабасымен көркем безендіріліп, сапалы шығарылған. Туған халқымыз бен өңіріміздің әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын «Көкшетау» журналына жаңа 2015 жылға жазылып үлгермеген оқырмандар болса, басылымды жергілікті байланыс бөлімшелері мен редакцияның өзінде жаздырып алуларына болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.