Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көп мәселелер қамтылды - АРҚА АЖАРЫ

Көп мәселелер қамтылды

Елбасының тапсырмасына орай аудан әкімі Жомарт Нұркенов ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру кездесулеріне қатысып, алда тұрған келелі міндеттерге орай нақтылы тапсырмалар жүктеді.   

Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол–болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көп ойлардың  түйінделгені сөзсіз. Алдымыздағы даңғыл жолдың кешегі ата-бабаларымыздың бастаған сара жолының дара бағыты екендігін тарихына үңіліп, ел болып бірігіп, ынтымақ пен берекеде жылдың мерейлі тойларын атап өте отырып, халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуды мақсат етеді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қағиданы жадына мықты ұстанған Елбасы кәсібін бастаймын деген әрбір азаматқа барынша қолдау мен көмек бергізетін бағдарламаларын да ұсынып жатыр. Ижев селолық округінің әкімі де, Арнасай, Жібек жолы ауылдық округтерінің әкімдері де есептік кездесулерінде округтегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға жан-жақты тоқталды. Ижев тұрғындарының алдында округ әкімі Ж.Ахимов есеп берді. Аудандық мәслихат депутаты К.Үстенбеков, Ижев орта мектебі директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары В.Желтоноженко тұшымды ойларын ортаға салып, әкімнің жұмысына оң баға берді. Ауданның құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Ибрагим Жанғоразов салиқалы пікірін алға тосып, өзі басқарып отырған «Ижев» өндірістік кооперативінің қазіргі таңдағы мүмкіндіктерінің зор екенін, өйткені, мұнда күн сайын 4,5 тонна сүт  сауылып, 500 мың жұмыртқа ел игіліне ұсынылатынын айтып өтті. Астық жинауда ижевтік тұрғындар өңірде алдыңғылардың қатарынан үнемі көріне алды. Өткен аптада аудан орталығында 50 орындық заманауи дәмхана ашылып, халықты тағы да қуанышқа кенелтті.  Аудан бюджетіне қомақты  түсім де осы орыннан түсіп жатыр. Қосымша 60 жұмыс орны да ашылды. Жерлестерінің еселі еңбектерін ризашылықпен атап өткен кооператив басшысы Елбасының Жолдауын әрбір тұрғын дұрыс түсініп, жан-жақты талдап, елдің жарқын болашағы үшін барынша үлестерін қосу керектігін айтты. 
Аудан әкімі Жомарт Нұркенов есеп беру кездесуіне қатысып, тұрғындар тарапынан туындаған сан алуан мазмұндағы сауалдарға тұшымды жауап қайтарды. Ижев селосының фельдшері Р.Якупова ғаламторлық «Мегалайн» орнатса деген өтініш айтты. Сондай-ақ, жиында ауыл өміріне қатысты басқа да мәселелер қамтылды.
Арнасай ауылдық округінің әкімі А.Гутяр да баяндама жасап,  оны талқылауға Вячеслав орта мектебінің директоры Т.Немцан, еңбек ардагері Г.Чернышенко, ақсақалдар кеңесінің өкілі Е.Смағұлов қатысып, тұрғындар алдында өз пікірлерімен  бөлісті. Бұл округтің аудан аумағында алар үлесі қомақты деуге болады. Жұмыстар уақытында атқарылып жатыр. Осындағы мектеп ұжымы да көптеген бағдарламаларға құлшына қатысып, талай мәрте жүлделі орындардан көрініп келеді. Округ аумағының санитарлық тазалығы көңілден шығарлықтай. Тұрғындар жергілікті атқарушы органның жұмысына ризашылықтарын білдірді. «Василек» бала бақшасының меңгерушісі Ж.Мусина бала бақшаға күрделі жөндеу керектігін, ал, Вячеслав орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі В.Савватиев мұз айдынын жарықтандыру жөнінде өтініштерін айтты.
Астана қаласының маңында болғандықтан Жібек жолы ауылдық округінің дамуы көңіл хошын көтереді. Ауылдық округ әкімі Серік Бектастың баяндамасынан кейін бірқатар мәселелер ортаға салынды. Қоқыстардың шығарылуы, көшелердің жарықтандырылуы, Новоалександров орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі М.Жүсіпова мектептің айналасындағы артық ағаштарды алып тастау мәселесін көтерсе, өзге тұрғындар да өздерін мазалаған бірқатар сауалдарын ортаға салды. Барлық сауал назарға алынып, аудан әкімінің бақылауында ұсталатындығы айтылды. 
Кездесуде сөз алған аудан әкімі Жомарт Нұркенов өткен  жылдағы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын айта келе, округ тұрғындарын 2015  жылы да ынтымақтаса, жемісті еңбек етуге шақырды. Билік пен халық арасындағы мықты көпірге айналып келе жатқан осындай кездесулер қашан да оң жемісін беретіні сөзсіз.

Мәулен АЖЫҚАНОВА.
Аршалы ауданы.

Суреттерде: Ижев ауылдық округінің әкімі Ж.Ахимовтың тұрғындар алдында есеп беріп тұрған сәті;  кездесуге қатысушылар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар