Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тілшілік – жауапты міндет - АРҚА АЖАРЫ

Тілшілік – жауапты міндет

Қазақстан Журналистер одағының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы  Мағжан Садыхан маған Одақ мүшелігінің куәлігін тапсырып  тұрғанда басыма екі ой келді. Біріншісі, менің БАҚ-тармен көп жылғы шығармашылық байланысымның жемісі шығар. Екіншісі, журналистік оқу бітірген, БАҚ-тарда  қызмет атқарған жоқпын, тек қана газеттерге жиі мақалалар жазып тұрдым, сонда осы Одаққа мүше болуға лайықпын ба? Әрине, екеуіне де жауабым бар сияқты. Мысалы, көптеген журналистер мен жазушылардың осы мамандыққа қалай келгендіктерінен хабардармын. Осы кәсіпті ұнату керек те, талмай үйреніп, еңбек етуің қажет деп ойлаймын. Мен бұл жұмысты қашан, неден бастағанымды  айтып өтейін. Мүмкін, болашақ тілшілерге пайдасы тиіп қалар.

Өткен ғасырдың жетпісінші  жылдарының аяғында Сілеті аудандық партия комитетінің идеология бөліміне меңгеруші болып келдім. Қызметкерлерімнің  арасында бөлім жұмысын бөле келгенде, аудандық «Степные зори» газетінің жұмысын үйлестіріп, күнделікті бақылап отыруыма тура келді. Алғашқыда  қиналып, неден бастарымды білмедім. Содан В.И.Лениннің «газет – ел айнасы» деген  қағидасы есіме түсті.
Сосын облыстық партия  комитетінде осы саланы  қарайтын С.Байболов, Д.Придьма мырзалардың көмегіне жүгіндім. Облыстық «Коммунизм нұры»  (қазіргі «Арқа ажары») газетінің  қызметкерлері  Октябрь  Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Жылқыбай Жағыпарұлы, Бәдуан Имаш, Мағжан Садыхан, Амангелді Жұмабек, тағы басқалары біздің ауданға іссапармен келгенде мақалаларына қалай материалдар жинайтындығына  көңіл аударып жүрдім. Осылай аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жаза бастадым. Алғашқы кезде менің жазған мақалаларымды меншікті тілшілер түп орнымен өзгертіп, тек фактілерін пайдаланатын. Ондайда өз мақаламды өзім оқып, қандай кемістіктері болғанына мән бердім. Содан бірте-бірте қаламым төселе бастады. Жазатын мақаламның тақырыбы белгілі болғаннан кейін соны неден бастап, немен аяқтау керектігін бірнеше күн  ой-санамнан өткізіп, содан кейін ғана қағазға түсірдім. Жазғаннан кейін  тағы да асықпай тақырыпқа  сәйкестігіне, оның қозғаған мәселені шешуге қанша ықпалы тиетіндігіне, сөйлем құрылымына жете көңіл аударамын.
Мысалы, өткен күзде Ақкөл ауданындағы жеке шаруа  қожалығының  шешілмей тұрған бір мәселесіне  қозғау  салу керек болды. Сол шаруашылықтың  басшысымен жайлаудағы  малдарын, техникасын, тағы басқа жағдайларын байқасам, ең негізгі мәселесі жері тар көрінеді. Осы мәселені газет бетінде көтердім. Артынан білсем, қосымша жайылымдық жер бөлініпті. Мұны менің мақаламның әсері деп кесіп айтуым қиын. Алайда, өзімше ойлаймын, аудан басшылары сол мақаланы оқып, осындай шешімге келген шығар деп. Газеттерге мақала жазу арқылы біраз мәселенің түйінін шешкен сияқтымын.
Екі мыңыншы жылдың бас кезінен Ақкөл қаласында өзім ашқан қазақ сыныптарын жеке отау етіп шығару мәселесін қозғай бастадым. Біраз  жылдардан кейін аудандардың ең соңғыларының бірі болып қазақ мектебі ашылды. Соғыс кезінде Ақмола облысында  алдыңғы қатарда жүрген «Амангелді» ұжымшарының  төрағасын жаламен соттатып жіберген еді. Ол кезде мұны сол өңірдің халқы дұрыс шешім деп жүретін. Анығында олай емес еді. Осы жағдайды зерттеп, Бәуке Құлмағамбетовтің жаланың құрбаны болғандығы туралы облыстық «Арқа ажары» газетіне көлемді мақала жаздым. Шындықтың беті ашылды.
Газеттер арқылы бітірген ең үлкен  шаруам, көрнекті жазушы-шежіреші, жазықсыздан-жазықсыз сталиндік репрессияның зардабын тартқан   Жайық Бектұровты туған өңірі мен халқына жақынырақ таныстырып, ол кісінің есімін ел есінде мәңгі қалдыру жолында біраз істер атқардым. БАҚ-тар арқылы жиі қозғауымның арқасында Ақкөл қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, енді қазақ орта мектебін сол кісінің есімімен атау жөніндегі мәселе де шешілу үстінде. Кіндік  қаным тамған Амангелді ауылының келешегі де алаңдатады. Бұл ауылдың жағдайын бірнеше рет газет беттерінде  көтердім, бірақ, өзгеріс жоқ. Менің байқауымша,  мұндай көрініс көптеген қазақ ауылдарына тән сияқты. Қазақ ауылдарының  мүшкіл  жағдайын менен басқалар да көтеріп жатыр, бірақ, оған құлақ асып жатқан шенеуніктер аз. Солардың көпшілігі қазақ тіліндегі газеттерді оқымайды-ау деймін.
Міне, жылдар өте осылай мақалалар жазуға бейімделіп алдым. Мақаланы жай мақала деген аты үшін жазбаймын. Айналамдағы проблемалар  мен кемшіліктерді көре тұрып, үндемей қалудың жөнін таппағандықтан қолыма қалам аламын. Қазір «Арқа ажары», «Астана ақшамы» және «Ақкөл өмірі»  газеттеріне жүйелі түрде  мақалалар жазып тұрамын. Осы  газеттердің бас редакторлары Қайырбай  Төреғожа, Ерболат Қамен, Қуаныш Нұрсадықов мырзалар мені қолдап, сол мақалаларымды басып тұрады. Сол кісілерге ризашылығымды білдіргім келеді. 2009 жылы «Астана ақшамы» газетінің құрметті тілшісі атағына ие болдым. Мерзімдік басылымдарда шыққан осы мақалаларымды топтастырып, «Ауылымды сағындым», «Бір ғасыр», «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітаптар шығардым. Бұл кітаптарымды өңдеп, бір жүйеге келтіріп, баспаға дайындауда белгілі баспагер Әділбек Жақып көп көмегін берді. Ол кісіге де рахметімді білдіремін.
Бұл мақала жаңа жылдың басында жазылып отырғандықтан, негізгі тақырыптан ауытқып, өткен жыл маған не берді деген ойымды көпшілікке жеткізуді жөн көрдім. Өткен жылы «Ақкөл  ауданының  құрметті азаматы» атағына ие болдым. 75 жылдық мерейтойым Астана мен Ақкөл қалаларында аталып өтілді. Осы шараны ұйымдастырған К.Бәпішев, А.Мермұханов, Е.Дүйсенов, А.Асқаров, тағы басқа да бастамашыл топ мүшелеріне, Ақкөл аудандық  әкімдігі мен мәслихатының  басшылары Т.Едігенов пен Ж.Салыбековаларға ризашылығымды білдіргім келеді. Жыл аяғында Елбасы Жарлығымен көп жылғы ұстаздық және басшылық, сонымен бірге, қоғамдық еңбегім лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталдым. Қазақстан Республикасы Журналистер  одағына мүшелікке қабылдандым. 2014 жыл мен үшін осылай қуанышты да табысты жыл болды.
2015 жылы да қанша күш-қуатым жетеді, сонша бұқаралық  ақпарат құралдарымен байланысымды үзбей, қоғамдық жұмыстарға  белсене араласып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру ісіне аз да болса, өз үлесімді  қосамын деп ойлаймын. Газет  оқырмандарын жаңа 2015 жылмен құттықтай отырып, еліміздің дамып, көркеюіне, әрқайсымыздың зор табыстарға жетуімізге шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, 
«Құрмет» орденінің иегері.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар