Табиғаты көркем Сандықтау өңірінде туристерді тартудың мол мүмкіндігі бар. Осы орайда, «Қанағат» туристік кешенінің қызметіне демалушылар дән риза.
Кәсіпкер Берік Қанафин өткен жылдың көктемінде бұрынғы «Уют» дәмханасының орнына «Қанағат» туристік кешенінің құрылысын салуды қолға алған болатын. Сөйтіп, күре жолдың бойында 40 орындық қонақ үйі мен 200 орындық банкет залы орналасқан екі қабатты ғимарат бой түзеді. Астанадан шақыртылған құрылыс мамандары кешенді дизайн талаптарына сай әсем безендіре алды. Қонақ үйінің бір бөлмесі шығыс стилінде жабдықталды. VIP-номерлер мен VIP-зал, дәмханасы мен саунасы жұмыс істейді.
Кәсіпкердің келешекке жоспары өте көп. Алдағы уақытта мұнда жаздық дәмхана, ал, көктемде субұрқақ іске қосылады. Демалушылардың жағажайда күнге қыздырынып, суға шомылатын, балық аулайтын тоғанның құрылысы бітеді. Жазғы үйлер, спорт алаңы, бассейні мен моншалар салынады. Ал, қысқы демалысты ұнататындарға қарда шаңғы тебу, сырғанау және атпен серуендеу ұсынылатын болады.
Сандықтау ауданы.