Тек оларды тиімді пайдалану жағы жетіспейтіндігі облыс әкімі Сергей Кулагиннің Ерейментау және Аршалы аудандарына кезекті жұмыс сапары кезінде негізгі әңгіменің өзегіне айналды. Қалыптасқан дәстүрге орай өңір басшысы бұл жолы да алдымен аудандардағы кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап, қолға алына бастаған түрлі инвестициялық жобалармен танысты.
Облыс әкімі бірінші ат басын тіреген Ерейментау ауданы негізінен мал өсіруге өте қолайлы аймақ екендігі белгілі. Мұнда бір кездері жылқы, қара мал және қойды айтпағанның өзінде, түйе өсіріліп, шұбат дайындалғандығы бүгінде ұмыт болды.
Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімінің қатысуымен өткен алқалы жиында аудан әкімі Ермек Нұғымановтың есебінде айтылғандай, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалында біршама алға басушылық бар. Рас, Сарыадыр көмір кенішінің өнімдеріне сұраныс азайып кеткендіктен өнеркәсіп өнімдерін шығару өткен жылға қарағанда едәуір кеміген. Бір айтарлығы, бұл жердегі көмірдің сапасы төмен деген сылтаумен облысқа қажетті көмірді басқа өңірлерден тасып жатырмыз. Яғни, сол жақтардың бюджеттерінің бүйірін толтыруға атсалысамыз.
– Бүгінгі жағдай басқаша ғой, – деді жиында Сергей Кулагин. – Алғашқы жылдары Сарыадыр көмірінің сапасы Қарағанды, Шұбаркөл кеніштеріне қарағанда төмен болғандығы рас. Дегенмен, технология жаңартылып, біршама жақсы көмір ала бастасақ та, Екібастұздың көміріне иек артуды қоймай отырмыз. Сайып келгенде, Ерейментау ауданы тұтынады.
– Осыдан 15 жыл бұрын біздің облыс республика бойынша алдыңғы сапта еді ғой, – деді одан әрі Сергей Кулагин.
– Естеріңізде болса, мектептер мен бала бақшаларын күрделі жөндеуден өткізуді де біз алғашқылардың бірі болып қолға алғанбыз. Өкінішке орай, бүгінгі күні көптеген көрсеткіштер бойынша «ауыз толтырып айтар» ештеңе байқалмайды. Жағдай бұлай жалғаса беруге тиіс емес. Бәріңізді ескертемін, әрі кетсе екі-үш жылдың аралығында жағдайды күрт жақсартуымыз керек. Оған бізде мүмкіндік жеткілікті. Тек, көп жағдайда өзіміздің орашолақтығымыз қолбайлау болуда. Оны жасырып керегі жоқ.
Ауданда 70 мың гектар шамасындағы алқапқа дәнді дақылдар себіледі. Бұл өңірдің топырағы мен ауа райын ескерсек, осы жеткілікті. Ал, енді мал шаруашылығына келетін болсақ, жердің өзі сұранып тұрған жоқ па?! Рас, бұл орайда біраз іс қолға алыныпты. Дегенмен, әлі де болса, пайдаланылмай жатқан мүмкіндік ұшан-теңіз.
Елордадан 150 шақырым ғана қашықтықта орналасқан аудан шаруашылықтары үшін ет пен сүтті қайда сатамыз деген сұрақ мүлдем туындамауы керек. Бүгінгі күні біздің облыс Астанаға қажетті еттің тек 45 пайызын ғана апаратындығын ескерсек, іргеде тұрған рынокты пайдаланбау дегеніміз кешірілмес қателік. Мұны есте сақтаңыздар.
Облыс әкімі баса назар аударған тағы бір мәселе, ол алынған несиелердің дер кезінде қайтарылмауы. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кепіл болып, екінші деңгейдегі банктерден алынған несиелерді қайтармағандар Ерейментау ауданында өте көп. «Алаған қолым – берегенді» ұмытқандар әлі де талай несие сұрауға тура келетіндігін неге ұмытады? Бұл мәселені аудан әкімі қатаң бақылауға алуға тиіс.
Бүгінгі таңда Астана базарларына апарылатын мал етінің басым бөлігі бес-алты қарасымен күнелтіп отырғандардың үлесінде екендігі жасырын емес. Ал, енді соларға шөп сатуға келгенде бір тоннасы 6 мың, тіпті 7-8 мыңға дейін көтеріледі екен. Жерінің жағдайы осы ауданмен шамалас болатын Жарқайың ауданында бір тонна шөптің бағасы 3,5 мың теңгеден аспайды. Сонда бұл аудандағы баға қайдан шыққан?
Облыс әкімі сондай-ақ, бос қалған ғимараттардың бәрін жөндеуден өткізіп, кәдеге жаратуды тапсырды. Сонымен қатар, барлық ірі шаруашылық құрылымдары, басқа да кәсіпорындар әлеуметтік салаға көмек беруге тиістігін тағы да айтты. Өңір басшысы қадап айтқандай, егер белгілі бір ауылда мектеп пен аурухана жоқ болса немесе олардың жағдайлары өте төмен болса, ол елді мекеннің тұрғындары басқа жаққа қоныс аударуды ойлай бастайды. Яғни, жұмыс күші азаяды. Ол өз кезегінде сол ауылдағы шаруашылықтың экономикасына кері әсерін тигізеді. Қысқаша айтқанда, әлеуметтік салаға назар аударылмай, басқа іс те алға баспайтындығы ақиқат.
Ал, кеше облыс әкімінің жұмыс сапары Аршалы ауданында жалғасты. Кезінде осы ауданның Жібек жолы ауылы Астанаға серіктес қала болады деген, талай жобаны көріп едік. Бірінен-бірі өтетін сол жобалардың басым көпшілігі бүгінде ешкімнің есінде жоқ. Бұл жолы да облыс әкіміне бірнеше жоба көрсетілді. Оның ішінде, жел мен күн сәулесін пайдалану арқылы электр қуатын өндіру көңілге қонады. Облыс әкімі Сергей Кулагин атап өткендей, мәселе жобада ғана емес, оны қалай жүзеге асыруда. Әзірге ол қондырғылардың қай жерде орналастырылатындығы белгіленген сыңайлы. Дегенмен, оны жүзеге асыру үшін еліміздегі бірегей электр қуатын тарату компаниясымен (CEGOC) келісу қажет. Бұл тұрғыда әлі мәселе бар. Дегенмен, жуық арада облыс әкімі өңірде жұмыс істеуге ниет білдірген барлық инвесторларды, тиісті салалық министрліктер басшылары мен мамандарының, басқа да мүдделі тұлғалардың басын қосып жиын өткізетіндігін мәлімдеді. «Бір қайнауы ішінде жүрген» біраз мәселелердің беті сонда қайтарылады деген үміт бар.
Осы жиында аудан әкімі
Жомарт Нүркенов есеп беріп, өңірдегі мән-жайды баяндады.
Аудан бойынша бөлінген қаржы толық игерілмеуде. Жаңа құрылыс өте көп. Бірақ, олардың басым көпшілігінің бітер түрі байқалмайды. Яғни, соларды аяқтамай, тағы да қаржы сұрау ақылға сыймайды.
Жалпы, Аршалы ауданы да Астананың іргесінде орналасқандықтан Елорданың азық-түлік белдеуіне қомақты үлес қосуға тиіс-ақ. Рас, Елорданы жұмыртқамен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, ет пен сүт жағына келгенде мақтана алмаймыз.
Облыс әкімі Сергей Кулагиннің Ерейментау мен Аршалы аудандарында болған жұмыс сапарының негізгі қорытындылары осындай. Әрине, бұл жиындарда басқа да бірталай мәселелер қаралды. Олардың бәрін тізіп шығудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, бір нәрсе айқын. Ол әзірге Ақмола облысының республика бойынша алдыңғы тұстан көріне алмай тұрғандығы. Яғни, Ерейментау мен Аршалы аудандарының да «айдарларынан жел есіп тұр» деуге келмейді.
Облыс әкімі Сергей Кулагин ерекше атап өткендей, оң-солымызды бажайлап, мүмкіндіктерімізді саралап, бір жеңнен қол шығара жұмыс істесек қана жағдайды түзеуге болады. Ол үшін әр ауданның әкімі, әрбір маман өзі құзырына сәйкес жауап беретін болады. Нақтырақ айтсақ, қолынан іс келетін, жауапкершілікті сезінетін іскерлерге жол ашық.
Ерейментау, Аршалы аудандары.