Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің индустриялды және әлеуметтік жаңғырту жолы болып табылатын шағын және орта бизнестің дамуына зор көңіл бөлінген.
Қой жылы табалдырықтан аттағалы өңірде кәсіпкерлік саласына да қан жүгіре бастады. Бұдан әрқайсысы өз кәсібін дөңгелету жолында күйкі тірліктің күйін кешсе, бүгінде бәріне ортақ мәселені бірге талқылап, шешімін табуға, кәсіпкерліктің қызығы мен шыжығын ортаға салуға ынталы бола бастағандай. Тәуелсіз еліміздің мықты болуы кәсіпкерліктің дамуымен де тығыз байланысты. Бұл үшін Үкіметтен жан-жақты қолдау қажет. Өткен жылы елімізде арнайы заң қабылданып, жұмысын бастаған Кәсіпкерлер палатасы осы күні кәсіпкерлердің қорғаушысы да, қолдаушысы да деуге әбден болады.
Қазіргі кезде ісін жаңадан бастап жатқандар өздеріне қажетті білім алуы үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының болуы да қолайлы болып отыр. Онда осы бағытта білім беріледі. Сонымен қатар, біз Зеренді ауданында пилоттық жобаны іске қостық. Осы орайда, аудан басшылары да біздің ниетімізге қолдау білдіріп, кәсіпкерлікті дамыту орталығын ашқан еді. Жақын маңдағы ауыл-аймақтарға барып, адамдар қалай жұмыс істейді, оларға қандай көмек керек, міне, осы мәселелермен айналысудамыз. Осы арада, бір айта кетерлігі, кәсіпкерлер мен депутаттар және әкімдік бірлесіп жұмыс істеулері қажет. Сонда ғана биік асуларды бағындырып, нақтылы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Тағы бір ескере кететін жәйт, екінші деңгейдегі банктердің ауыл кәсіпкерлерімен жұмыс істеуге ықылас таныта қоймайтындығында жатыр. Осы мақсатта біз 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен агробанк құру жөнінде ұсыныс білдірген едік. Елбасы болса, ауылдық жерлерде шағын қаржыландыру ұйымдарын құру жөнінде тапсырма берген болатын. Мұны да біз Зеренді ауданында құрдық. Ұйым астық, ет және сүт өндірушілермен жұмыс істеуде. Ал, банктер болса, кепілге қойылатын мүлік құнының жоқтығынан бұл тәуекелге барудан бас тартуда. Сонымен қатар, банк несиелерінің жоғары пайызы тағы бар.
Жақында Есіл, Еңбекшілдер, Целиноград аудандарында және Степногорск қаласында палата филиалдары ашылды. Жалпы, бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдіктері он бес ауданда бар. Осы филиалдардың ашылуы бизнес субъектілерінің өз түйткілді мәселелерін жергілікті жерде шешу үшін палата өкілдеріне тікелей жүгінуіне мүмкіндік береді.
Бұрын дәрменсіз борышкерлер бойынша департамент жұмыс істеген еді. Бүгінде бұл орган құзыреті салық комитетіне тапсырылып отыр. Алайда, қиындыққа тап болып, банкротқа ұшырай бастаған кәсіпорынның аяғынан тік тұруына көмектесу мәселесін шешу қажет. Егер ол кәсіпорын қарызын уақытылы төлей алмаса, оның себебін анықтаған жөн. Сондықтан, салық органдарында бизнеске жәрдем көрсететін осындай арнайы бөлім ашылғаны дұрыс болар еді.
Біздің қоғамдық бірлестік өз тарапынан кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға, мәселелерін палата арқылы тиісті орындарға жеткізуге, оның шешімін табуына ықпал етуге дайынбыз. Ең қиыны, көбі кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік орган ретінде қарайды. Дегенмен, уақыт өткен сайын кәсіпкерлер палатасы жұмысын дұрыс түсініп, оның қажет екенін мойындай бастады. Әрине, мәселені шешу мінбеге шығып айғайлау емес. Ең бастысы, кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелетуіне қолдау жасау. Бұл тұрғыда әкімшілік кедергілерді азайту, қаржы ресурстарын тиімді жұмсау қажет. Кәсіпкерлер бүгінде бізге сенім арта бастаса, біз сол сенімді ақтауымыз керек.
Осы орайда, жергілікті билік тарапынан жаңа жобаларды қолдауға, оны жүзеге асыруға жәрдем беру, гранттар тағайындау, болмаса өзге де жеңілдіктер жасау сияқты ынталандыру жұмыстары қарқын алып жатса, кәсіпкерліктің асығы алшысынан түсер еді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге сервистік қолдау, кәсібін дамытуға жағдай туғызу, ақпарат арқылы көмек көрсету жұмыстары жанданып жатса, нұр үстіне нұр болатыны анық. Жалпы, өңірде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік бағдарламалар да бар, мүмкіндіктер де жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда, өңірлік кәсіпкерлер палатасы биылғы жылға арналған жұмыс жоспарын жасап қойғаны да құптарлық. Бұл бағытта жергілікті билікпен бірлесе жұмыс жасаймыз. Қажет болса, Үкіметтік деңгейде де ұсыныстар білдіру парызымыз. Себебі, Елбасы өзі назарға алып, арнайы заң қабылдап, соның негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпкерлер палатасын құрды. Кәсіпкерлер палатасының ғимараты бірер адамның кеңсесі емес, түрлі кәсіппен айналысатындардың ақыл-кеңес алып, өз мәселелерін шешетін құтты шаңырағы. Кәсіпкерлер мүддесін бірлесе қорғайтынымыз анық.
Марат ЖҰМАБЕКОВ,
«Ақмола Облыстық кәсіпкерлер қауымдастығы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы.