Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің қатысуымен өткен жиында Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасынан туындайтын міндеттер қарастырылды.
Мәжіліске қалалар мен аудандар әкімдерінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен өңірдің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен жиналғандар биылғы мерекелік шараларға арналған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды.
– Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізінде мәдени саясаттың тұжырымдамасы жасалды. Сондықтан, бұл тұжырымдаманың саланың оң қарқынмен дамуына жағдай жасайтынына зор сенім артуға болады, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов биыл елімізде атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассам-блеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, сондай-ақ, қазақтың біртуар ұлдары Мәлік Ғабдуллин мен Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына тоқталды.
Ал, облыстық мәдениет басқар-масының басшысы Сәуле Бөрібаева жиында аталмыш тұжырымдаманың басты мақсатымен таныстырып өтті. Облыста мәдени саясатты жүзеге асыру үшін барлық жағдай қарастырылуда. Шалғайдағы аудан, ауылдарға концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жастарды мәдениетке тартуға күш жұмсалмақшы. Облыстық қазақ, орыс драма театрлары жергілікті жерлердегі халықтық көркемөнерпаздар театрына қолдау көрсетуге әзір көрінеді. Осы орайда, қала, аудан әкімдері облыстық филармония, қазақ және орыс театрларымен меморандум жасаса құба-құп. Сондай-ақ, атаулы мерекелерден бөлек, биылғы жылы халықаралық музейлер фестивалі ұйымдастырылатын көрінеді.
Шарада сөз алған Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Шахарман Бекмағамбетова мәдениет саласының соны тынысын саралап, халықтық фольклорлық жанрды дамытуға баса тоқталды. Ал, Бурабай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәмеш Қарсыбаева бірінші кезекте елді мекендердегі мәдени ошақтарға жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базамен қамту жайын сөз етті. Облыстық филармонияның директоры Базарбай Кәкенов гастрольдік қызметтің географиясын кеңейту туралы ой қозғады. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Талғат Ыбыраев, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры Жансұлу Мұқатаева, Еңбекшілдер аудандық мәдениет үйінің директоры Ерік Есімсейітов, облыстық орыс драма театры директорының міндетін атқарушы Бейбіт Бақтыгереев пен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Фархадбек Қанафин аудандарда халықтық театрлардың жұмысын жандандырып, балалар қойылымдарын көбірек көрермен назарына ұсыну қажеттігіне тоқталды.
Алқа мәжілісінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Кенжебай Мұқышев пен облыстық филармонияның әншісі Валерия Болиева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.