Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ - АРҚА АЖАРЫ

КӨШ ЖҮРЕ ТҮЗЕЛЕДІ

Бабаларымыздың осы бір ұлағатты сөзі қазіргі таңда көпшіліктің есінен шығып кеткенге ұқсайды. Оны біз Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің Астанаға жақын жатқан Қоянды мен Қосшы ауылдарындағы есеп беру  кездесулерінен аңғардық.

Бұрынғы жылдарға қарағанда көп өзгеріске түскен осы елді мекендер қала іргесіндегі шағын қалашықтарға айналып келеді. Олай дейтініміз, бұрындары тұрғындар саны 2-3 мыңның ар жақ бер жағында болса, қазір Қосшыны мекен еткендер 32 мыңға, Қояндыдағы жан басы 25 мыңға тақаған.
Мемлекеттік және облыстық деңгейде Астана іргесіндегі Целиноград ауданына құйылып жатқан қаржы өте қомақты. Соның негізінде көптеген жаңа мектептер, балалар бақшасы, электр желілері, су мен ауыларалық жолдар салынып жатыр. Бірақ, барға қанағат дейтін, алғысын айтатындар санаты әзірше аз боп тұр. Ауыздарын қу шөппен сүртіп, алуды ғана мақсат тұтатын ағайындарымыз көбейіп бара жатқан сияқты. Целиноград ауданының Қараөткел, Қосшы, Қоянды, Талапкер сияқты елорда іргесіндегі ірі елді мекендерін жайлы тұрмыс аймағына айналдырғандардың 80 пайызы бас қалада жұмыс істейді. Бірақ, жеке талаптарын облыс пен аудан басшыларының алдына қоюлары  олардың үйреншікті әдетіне айналған.
Қояндыда (ауыл әкімі Алтынай Мерманқұлова) тұратындар негізінен Моңғолия, Қытай және  алыс-жақын шетелдерден қоныс аударған өз ағайындарымыз. Мұнда жаңа мектеп пен бала бақша пайдалануға берілді. Электр қуаты да күшейтіліп жатыр. Бұрынғы шағын ауыл қазір ірі елді мекенге айналды. Бір кемшілігі сол, тұрғындардың көбі Астана қаласында тіркеуде тұр. Нәпақаларын да осы ірі мегаполистен тауып жүр. Есепті кездесуде Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев оларға жергілікті жерге тіркелулері керектігін ескертті. Себебі, мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаржы жергілікті жердегі адамдардың санына қарай мөлшерленеді.
Приречный (ауыл әкімі Жанар Ағзамова) ауылындағы жиналыста тұрғындар «Антоновка» серіктестігінің  басшыларына ашық түрде наразылықтарын білдірді. Құнарлы алқаптар күтімнің жоқтығынан жыл өткен сайын жүдеп барады. Еңбекақы уақытында төленбейді. Сондықтан, көптеген майталман механизаторлар басқа кәсіпорындарға ауысып кетіпті. Жұртшылықтың еңбек пайы жөнінен де аз сауалдар қойылған жоқ. 1000 гектар жер мүлдем пайдаланылмайды.
Серіктестік өкілдері жұмыс жоспарлары мен түрлі кедергілер жайлы да ақтала сөйледі. Олар бидайдан гөрі майлы дақылдарды өсіруге бет бұрыпты.  Аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев бұл арада Калачи ауылындағы қолынан іс келетін еңбек адамдарын жұмысқа тарту қажет деді. Шаруашылық басшылары тарапынан бұл мәселе  толықтай қолдау тапты.
Ұзақ жылдар бойы жауын-шашынның астында тозып тұрған Приречный мәдениет үйін жөндеп алуға осы аймақтың жаңадан ұйымдастырылған орман шаруашылығы өздеріне беруді өтінді. Мұнда кеңсе және мәдениет жұмыстарын өткізетін бірнеше орындар пайда болады. Әкім ескі ғимаратты ақысыз беретіндігіне уәде берді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген осы болар.
Софиевкада ұзақ жылдар бойы 7 мың гектарға жуық жер игерусіз жатыр. Есепті жиында ауыл әкімі Валерий Горбуляға мал кәсібімен айналысып жатқан тұрғындар жайылымға, шабындыққа жерлерінің жоқтығын айтып шағымданды. Әкім бұл мәселенің жазғытұрым толыққанды шешілетіндігін ескертті. Жұртшылық мәдениет үйін, ескі мектепті жөндеу жөнінен сауалдар қойды. Маман дәрігерлер, «жедел жәрдем» көлігі, қысқы жолдар тәрізді сұрақтар да биылғы жылдың ішінде шешімін табатын болады. Ал, мәдениет үйін жөндеуге аудан бюджетінен 72 миллион теңге қарастырылмақшы.
Рақымжан Қошқарбаев атындағы ауыл әкімі Бүркітбай  Шахарбаев та тұрғындар алдында есеп берді.  Ағанас, Шінет пен Сарыкөл ауылдарының адамдары қыс мезгілінде электр жарығының әлсіздігінен көп тауқымет көруде. Бұл сұраққа аудандық электр желілерінің басшысы С.Герасименко қанағаттанарлық жауап берді. Инвестициялық бағдарлама бойынша жаз шыға ескірген  электр желілері тартылып,  800-ден астам бағана толықтай жаңартылады. Ауыл ақсақалдары Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында айтулы батыр Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш қою, аудан деңгейінде түрлі патриоттық шаралар өткізуді өтінді.
Қабанбай батыр атындағы ауылда өткен дәстүрлі кездесуде тұрғындар әкімге көптеген сауалдар қойды. Солардың ең көбі үй салуға бөлінетін жер турасында болды. Елбасының жариялаған мораториясының күші оған тыйым салған. Рұқсат берілген тұста жер заңды тіркеуге алынған кезек бойынша үлестірілмек.
Есіл мен Нұра бойындағы қаптаған құм карьерлері осы аймақтың халқын көптен бері назаландыруда. Экологиялық ахуал да құлдырап кеткен. Оның үстіне рұқсатсыз құм өндіретін алаяқ жылпостар жыл өткен сайын көбейіп бара жатыр. Бұл турасында қаңтар айының орта тұсында Целиноград ауданында  алқалы жиын өткізген облыс әкімі Сергей Кулагин да қатаң түрде ескерту жасап еді. Мәлғаждар Сәттарұлы құқық органдары мен жер қатынастары бөліміне тапсырма берілгендігін, сол бойынша заңды тосқауыл жасалатындығын ашық айтты.
Астананың серігі – Қосшы қалашығында соңғы жылдары көп өзгерістер болды. Сәулетті елді мекенге айналып келе жатқан бұл аймаққа Астанадан тура екі жолақты асфальт жол тартылды. Электр қуаты жаңартылды. Кіреберістің өзінде тұрған бағдаршамдар оң өзгерістерден толымды хабар береді. Жаз шыға шағын аудандардың тағы да 2000 абоненті жаңа электр желілеріне қосылады. Сонымен бірге, 6 электр КТП-сы
орнатылады. Ескі бағаналар мен желілер толықтай ауыстырылмақ.
Аудан басшылары орталық жылу қазандығына жекеменшік үйлерді қосуға ынталы. Қалааралық автобустар саны көбейтіліп, көпқабатты үйлер маңайы мен бірнеше көшелерде жарық шамдары орнатылады.
Соңғы кездері аумағы күрт ұлғайған Қосшыда ауызсу тапшылығы сезіледі.  Аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев Рақымжан Қошқарбаев ауылы маңайында жер асты суының мол қоры бар екендігі зерттеліп болған соң, одан Қосшыға тура құбыр тартылатындығынан хабардар етті.
Жалпы жиналыстарда, біздің байқағанымыз, аудан басшысы құрғақ уәдеден гөрі нақты жұмыс істей алатын қабілетін көбірек көрсетті. Қай жерде болмасын көтерілген мәселелерге қанағаттанарлық жауап алған тұрғындар оған шынайы ризашылықтарын білдіріп жатты. Сондай-ақ, тұрғындармен есепті кездесулер ауданның  Шалқар, Мәншүк және Жалғызқұдық ауылдарында да болып өтті.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретті түсірген автор.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар