Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғосман төлеғұлдың жаңа аудармалары - АРҚА АЖАРЫ

Ғосман төлеғұлдың жаңа аудармалары

Көп жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарып, оның ішінде біраз уақыт облыстық тілдерді дамыту басқармасын басқарып, қазіргі кезде еңбек демалысына шыққан жергілікті журналист-жазушы Ғосман Төлеғұлұлы өзінің шығармашылық қарымымен де жерлестерін жылдан-жылға тәнті қылуда. Ана тілі мен орыс тілін қатар меңгерген ол әуел бастан екі ұлт қаламгерлерінің маңызды шығармаларын, жалпы білім мен ғылымның, тарих пен әдебиеттің, мәдениет пен өнердің аса қажет жауһарларын, яғни, екі халықтың өркениетке қосқан айтулы туындыларын бір-біріне жеткізуді өзіне мақсат еткен екен.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры

Бұған дейін ол бірқатар таны-мал қазақ жазушыларының, ғалым-зерттеушілерінің, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын орысша, сондай-ақ, белгілі Еуропа және Ресей ғалымдары мен қаламгерлерінің еңбектерін қазақша сөйлеткен еді. Өткен жылы Ғосекең оқырмандарына өзінің жаңа аудармаларын ұсынды. Мәселен, қазан айында Алматыдағы «Сардар» баспасынан «Саяси сана саңлақ-тары» атты жинақ қазақ тілінде жарық көрді. Жинақ Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында шығарылды.
Кітапқа XIX-XX ғасырларда дүние жүзіне белгілі болған философтар мен саясаттанушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің кең танымал еңбектері топтастырылған. Олардың ішінде И.Г.Фихте, К.Клаузевиц, А.Шопенгауэр, А.Д.Тойнби, Г.Моргентау, С.Хантигтон, Ф.Фукуяма сияқты атақты оқымыстылар бар. Солардың екеуіне ерекше тоқтала кеткен орынды сияқты. Бұлар Американ атлантикалық геосаясатының академиялық тәжірибені саясатпен ұштастырған ең белгілі өкілдері Г.Киссинджер мен З.Бжезинский. Мысалы, Генри Киссинджер американ сыртқы саясатының «ақсақалы», кезінде АҚШ пен КСРО арасындағы қатты шиеленісті бәсеңдету саясатының «атасы» деп саналады. Ол – Американың мемлекет қайраткері, дипломат және халықаралық қатынастар саласындағы сарапшы. Никсон атындағы зерттеу институтының құрметті президенті. АҚШ сыртқы саясаты жөніндегі бірқатар еңбектердің авторы. АҚШ-тың көптеген наградаларымен, солардың ішінде жоғары азаматтық награда – Президенттік бостандық медалімен марапатталған. Нобель сыйлығының иегері.
Киссинджер президенттер Д.Эйзенхауэр, Дж.Кеннеди, Л.Джонсондардың қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшысы болған. Кітапта оның «Дипломатия» деп аталатын еңбегінің кейбір тараулары берілген.
 Ал, Збигнев Бжезинский болса аса көрнекті геосаясат теоретигі ретінде де, өз идеяларын іске асыра білген практик-саясаткер ретінде де өте танымал. Президент Дж.Картердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болған. 1997 жылы З.Бжезинский өзінің ғаламат халықаралық резонанс тудырған «Ұлы шахмат тақтасы: Американың артықшылығы және оның геостратегиялық императивтері» атты еңбегін жарыққа шығарды. Бұл кітапқа сол еңбектен үзінділер келтірілген. Аталмыш еңбегінде ол бірполярлы әлем жағдайындағы АҚШ планетарлық үстемдігінің іргелі қағидаттарын тұжырымдайды, ал американ геостратегиясының басты мақсаты деп Американың Еуразия әміршісіне айналуын атайды. З.Бжезинский АҚШ-тың Каспий – Орта Азия аймағындағы мұнай геосаясаты тұжырымдамасының авторы. Оның осынау алпауыт мемлекеттің геосаяси стратегиясын қалыптастыруға ықпалы әлі күнге айтарлықтай.
Қорыта айтқанда, ұсынылып отырған кітаптағы авторлардың еңбектері соңғы екі ғасырдағы геосаяси теориялардың даму тенденцияларын бейнелеуге арналған. Жалпы, ілгері өркениетті елдерде саясаттану, әлеуметтану салалары бойынша көптеген еңбектер жазылғаны белгілі. Біздің елімізде бұл тұрғыда елеулі қадамдар тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жасала бастады – бұрынғы өткен ғұламалардың кітаптары қазақшаға аударылып, түрлі ақыл-ой антологиялары, жекелеген басылымдар жарыққа шықты, халықтың, зиялы қауымның игілігіне айналды. Бірақ, егемен еліміздің ғылымы, рухани өмірі үшін, заманның өскелең талабына сай атқаратын шаруа әлі ұшан-теңіз екендігі сөз-сіз. Әсіресе, білімге құштар жас ұрпақты дүние жүзі ғылымының кәусарларымен сусындату үшін сол ұлан-ғайыр мұраны ана тілімізде сөйлету күн тәртібінен еш түспейтін мәселе. Өйткені, бұл тұрғыда саясат саласындағы қызметкерлер, ғалымдар, студент жастар, қоғамдық ой-пікірмен айналысатын азаматтар, жалпы қазақ оқырмандары тарапынан сұраныс өте үлкен. Өткен замандардағы ғұлама оқымыстылардың тұңғиық рухани әлеміне үңілуге, бүгінгі таңдағы адамзат дамуының күрделі бағыт-бағдарларын пайымдауға, «Мәңгілік ел» идеологиясын басшылыққа алған Қазақстан қоғамының рухани-мәдени өмірін кемелдендіруге «Саяси сана саңлақтары» кітабы шама-шарқынша пайдасын тигізеді, мұндай үлкен іске титтей де болса қосылған үлес болады деген сенімдеміз. Солай болуға елеулі септігін тигізген Ғосекеңнің маңдай терін төгуі қандай да болмасын ризашылықпен айтуға тұратын еңбек. 
Осынау саяси маңызы зор, кәсіби терминологиялық қиындықтары мол еңбекті Ғ.Төлеғұл ұғынықты, түсінікті тілмен сәтті қазақшалап шыққан. Және бір айта кететін мәселе: бұдан бір ай бұрын ғана Ғосекең Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқан кеңейтілген отырысында аталмыш кітаптың тұсаукесерін өткізді, аудармаға қатысты көптеген мәселелер жайында әңгімелеп берді.
Әріптесіміздің әлі сиясы да кеппеген, өткен жылдың аяғына таман дүние жүзіне әйгілі Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген ендігі бір еңбегі – кезінде қазақтың әдебиеттану әлемін дүр сілкіндірген, ғұлама ғалым, марқұм Айқын Нұрқатовтың «Путь к себе. Поэтические традиции Абая» атты кітабы. «Егемен Қазақстаннан» бастап еліміздің көптеген беделді басылымдары, белгілі зиялы қауым өкілдері мұндай еңбектің жарыққа шығуы зор маңызы бар қоғамдық, ғылыми құбылыс деп бағалады. Шынында да, әдебиеттанушы қауымды аузына қаратқан, зерттеу ісінде өзінің сұңғылалығына, терең де батыл ойшылдығына көпті бас идірген осынау оқымыстыны орысша сөйлету – шығармашылық ерлікке пара-пар.
Мәселен, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспон-дент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров былай дейді: «Дарынды ғалым-ның «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы – шоқтығы биік шығарма. Абайтанушылардың қай-қайсысы да бұл еңбекті айналып өткен емес. Айқынның алпысыншы жылдардағы тиянақты тұжырымдары мен терең толғамдары күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ… Маңызды монографияны орыс тіліне аударған Ғосман Төлеғұл еңбегі де атап өтуге тұрарлық. Оның бұл іске айрықша талғампаздықпен, зор жауапкершілікпен кіріскені аударманың өн бойынан айқын аңғарылып тұр». Бұған еш алып-қосарымыз жоқ.
Ал, Ғосекең өзі болса бұл кітап туралы: «2015 жыл еліміз, халқымыз үшін бірқатар мерейлі де аса маңызды даталар жылы болайын деп отыр. Біріншіден, ол Елбасының арнайы Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды. Сондай-ақ, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы мерекеленеді. Солардың қатарында ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толуы аталып өтеді. Бұл еңбегімді кемеңгер хакімнің, ұлтымыздың данышпан ұстазының осынау мерейтойына арнадым», – дейді. 
Әрине, мұндай жанкешті жұмыс аудармашының орыс және қазақ тілдерін жетік біліп қана қоймай, осы саладағы ғылымды тиісті дәрежеде өзінің меңгеруін қажет еткендігі түсінікті. Бұл тұрғыдан келгенде де Ғосекең талап биігінен шыға алғандығын мамандардың аузынан естідік, жазғандарынан оқып білдік. Кітаптың танымдық тереңдігін, ақпараттық байлығын, автордың нелер туындыларды, көптеген дереккөздерді талдаудағы нәзік талғамын, ғылыми толғамдардың өзін тартымды тілмен, қызғылықты түрмен кестелеу мәнерін Ғосман орысшаға тамаша тәржімелеген. Бұл еңбектің орыс тілді әдебиетсүйер, өнерсүйер, жалпы руханият пен мәдениетке ғашық жандарға берері өте көп. Ал, бүгінгі филология саласындағы студент үшін, егемен ел жастарының рухани сұранысын қанағаттандыру үшін, жалпы әдебиеттану атты тұңғиық әлемге сүңгігісі келген орыстілді зиялы қауым үшін осынау кітап нағыз қазына болса керек.
Шынында да, аталмыш басылымның тағлымы мол. Енді сол тағлыммен танысуға орыс тілді оқырмандарға мүмкіндік туды. Жинақты орысша сөйлетіп, қалың оқырманға ұсынған танымал аудармашы, қаламгер ініміз Ғосман Төлеғұлдың көз майын тауысқан мехнаты бағалауға лайық дер едік.
Ендігі бір айта кетер дүние – ол республикамызда орыс тілінде шығатын «Простор» әдеби журналының өткен қазан айындағы нөмірінде белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлының Ғосекең орысшаға аударған «Тернистые тропы» атты повесі шықты. Ә.Ыбырайымұлы кезінде «Лениншіл жас», «Zaman-Қазақстан» газеттерінде жур-налист болған, «Астана» теле-арнасын басқарған, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған (III хатшы дипломатиялық дәрежесі бар), қазір Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінде баспасөз хатшысы болып істейді. Ол бірнеше өлең кітаптарының, екі романның, көптеген повесть-әңгімелердің авторы. Оның «Простордағы» повесі есірткі «бизнесімен» айналысушылардың, оны тасымалдаушының қым-қуыт, қауіп-қатерге толы тіршілігін суреттейтін, өмірдің көлеңкелі тұстарындағы адам психологиясын ашып көрсететін біршама күрделі шығарма. Ғосекең сол күрделілікті де айтарлықтай еңсерген тәрізді.
Ең соңғы жаңалық: жыл басында ғана Астанадан «Этносаяси сөздік» («Этнополитический словарь») атты кітап жарық көрді. Екі тілде ұсынылған сөздікте этносаясат саласындағы ғылыми жарияланымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте, сондай-ақ, этностану, саясаттану, әлеуметтану курстарын, тарихқа, мәдениеттануға қатысты пәндерді оқытуда жиі қолданылатын терминдердің мәні мен мағынасын ашып, түсіндіретін төрт жүзден аса сөз қамтылған. Сөздікке Қазақстан этносаясатының негізгі қағидаттарына түсінік беретін, Елбасы Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылық моделімен таныстыратын көптеген терминдер енгізілген. Сөздіктің этносаясат саласында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер үшін, гуманитарлық мамандық иелері мен Қазақстандағы қазіргі этностық процестерге қызығушылық білдіретін оқырмандар үшін пайдасы зор.
Кітапты баспаға Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі ұсынған. 11 адамнан тұратын авторлық ұжымның ішінде осы кеңестің мүшесі, аудармашы-сарапшы Ғосман Төлеғұл бар. Ол сөздіктің қазақша нұсқасын әзірлеуге тығыз атсалысқан.
Екі тілге бірдей майталман аудармашы-жазушыға алдағы уақытта да қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, оқырманы көп болғай, халқымыздың рухани байлығын өзге жұрттарға жеткізуде табыстарға жете бергей деп тілейміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар