Адам көз жұмғаннан кейін біртіндеп көңіл көкжиегінен таса қала беретін сияқты ма, қалай?! Ара-тұра есіңе түсіп, аяулы бейнесін, тірліктегі іс-әрекетін ойға алып, рухымен сырласқандай болғаныңмен, мына жанталас өмір естен шығармайтынды сап еткізіп есіңнен шығартып жібереді. Осы бүгін ғана Флюра жеңгеміз Көкшенің бір биігіне баланатын Тельман Елубаев ағамыздың туғанына 75 жыл толып қалғанын жеткізіп, еске алу рәсіміне шақырғанда, қарадай қысылып қалдым.
Ұмытуға болмайтын жанның осы айтулы жасын күнделікті күйбеңмен елеусіз өткізіп ала жаздаппыз. Ал, Тельман аға өзі көре алмай кеткен осы жасында жалқы болып та, жалпы болып та, газет бетінде бір-екі ауыз жылы лебізімізді білдіруімізге, сөйтіп, жақсы атын қимастықпен тағы бір еске алуымызға әбден тұратын тұлға еді.
Көкшетаудың іргесіндегі Ортақ ауылында туған ол мектепті үздік бітіргеннен кейін өз қатарластарының арасынан суырылып шығып, сонау Ташкенттегі теміржол институтына оқуға түседі. Ол кезде ауылда елден ұзап, мұндай жоғары оқу орындарында оқитындар некен-саяқ. Сол сапары кейін қашан көзі жұмылып, бұл дүниеден өткенше осы салада табан аудармай, еліне адал қызмет етуінің нағыз бастау көзі болды.
Кешегі кеңес дәуіріндегі өз ісіне мығым, қабілеті мол азаматтарды елеусіз қалдырмайтын партиялық тәртіппен бұрынғы Көкшетау облысы Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылып, шалғайдағы жаңа ауданның негізін қаласып, көшін түзесті. Одан Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы болып, облыс орталығының сәулеті мен дәулетіне үлесін қосты. Қағылез келсе де, ортақ іс дегенде бойынан күш-жігері лыпылдап тұратын Тельман ағаның кім болғанын, қандай іскерлік қасиеттерімен танылғанын тұстастары жақсы біледі.
Ал, мінезі ше?! Көп сөзге жоқ, жымиып қана күліп тұратын. Иманы жүзінде еді. Сол жылы жымиысы көз алдымда өшпестей қалып қойыпты. Үнемі бір бүйірінде жүретін елге деген жанашырлығы әлі де ауыздан-ауызда жүр. Бір жағы еліктеп ізін қуып, бір жағы көмегіне сүйеніп, ауылдан талай жастар теміржолшы болып кетті. Тепловозды ұршықша иірген сол інілерінің алды осы күні зейнет жасына жетіп, тіпті, ол жастан да асып отыр.
Көзі тірісінде ағамыздың өнегелі еңбек жолына, қызмет баспалдақтарына бір кісідей қанық едім. Өзі жоқ болғанымен, көпке жасаған жақсылығы мен тигізген шарапатын қазір де реті келгенде, құлағым шалып қояды. Сондайда анық түйсінетінің, адамның артында жақсы сөз қалғанының өзі бір ғанибет екен.
Жуырда бір ағамыз мәселен мынаны айтты. Тельман Елубайұлы сол темір жолда ПМС бастығы болып тұрғанда облыс орталығының іргесіндегі ІІ Көкшетау станциясында орталық қазандық істен шығып, былайша айтқанда, қатып қалады. Бұл Көкшетауда ана бір қыста жылу жүйелері түгел жарылып, елдің басына мықтап қара бұлт үйірілген кез. Содан бұл кісі жатпай-тұрмай, тез арада қазандықты қайта іске қостырып, сол маңдағы біраз үй орталық жылу жүйесіне қайра жалғанады. Ойы алдағы уақытта бүкіл станцияны осындай жылуға қосу екен. Егер басқа қызметке ауысып кетпей, сол жұмыста жүре тұрғанда сөз жоқ, қосатын да еді дейді жаңағы ағамыз нық сеніммен.
Келместің кемесіне мініп, Тельман ағамыз да бұл дүниеден ойда жоқта өте шықты. Содан бері өзі үнемі алаңдап, жағдайын ойлаумен болатын туған Ортағы да жетімсіреп қалғандай. Бір қауым елге тарығып жүр ғой деп, Баянғали ақынды ала барып, концертіне дейін қойып беруші еді. Кешегі атақты қажы, саятшы-зергерлердің ауылы. Олай болса, ат аунаған жерде түк қалуы керек қой. Мешіт салғызуға бас болуына, оған басқалай да көмек-жәрдемін тигізуіне қарағанда осының бәрін көп ішінен жақсы түйсінген де Тельман ағамыз сияқты.
Өмірінің соңғы жылдарында өзі де Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып, сәждеге бас қойды. Жеңгеміз Флюра Науан хазіреттің жиеншары. Екеуі дін жолында бірге жүріп-тұрып, кейінгі жастарға қаншама үлгі-өнеге дарытты.
90-шы жылдардың аяғына таман зейнет демалысына шыққанында, заманның қиын кезінің өзінде «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» акционерлік қоғамы астына жеңіл көлік сыйлап еді. Осыдан-ақ, бұл салаға сіңірген еңбегі көзге жарқырап тұрған. Енді өткен шақпен еске алуымызға тура келіп отырған Аға бейнесі аман болсақ, әлі талай көкейімізде жаңғыра түсер. Іздетер де, сағынтар да. Соның бәрінде бір нәрсе ғана анық. Ол – жаны жайсаң ел ағасы Тельман Елубаевтың қашан болсын, өз кіндік қаны тамған, нағыз азаматқа тән өмір сүрген көрікті Көкшесінің бір биігі болып ел жүрегінде мәңгі қала беретіндігі!..