Өткен жылды күні кеше ғана қорытындылаған ауыл шаруашылығының қам-қарекеті таусылар емес, алда көптеген жаңа міндеттер күтіп тұр.
Мол өнім алу қажырлы еңбектің арқасында келетіні рас. Алдыңғы кезекте жер баптау, сапалы тұқым құйып алу, жанар-жағармай қорын жасаумен бірге алқапқа қар тоқтату да мерейлі міндет саналады. Мұны саланың білікті мамандары жақсы түсінеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен келіп түскен мәліметтер бо-йынша биылғы егістік алқабының жалпы аумағы 100,7 мың гектарды құрайды. 71,4 мың гектар алқап дәнді дақылдарға арналған. Оның 56,8 мың гектарына бидай,14,8 мың гектарына жемдік дәнді дақылдар – арпа мен сұлы, 9,4 мың гектарына майлы дақылдар себіледі. 19,4 мың гектар алқабы – мал азықтық дақылдар.
2015 жылдың көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін 8600 тонна тұқым қажет. Оның сараптамаға 8014 тоннасы түсті, тексерілгені – 7014 тонна немесе 87,5 пайыз. Тұқымның басым бөлігі – 1 және 2 сыныпты. Бүгінгі күні 2015 жылдың егісіне 9300 тонна тұқым брондалса, оның 8014 тоннасы тұқым стандарты талаптарымен үйлеседі. Көктемгі – дала жұмысын жүргізуге 2310 тонна жанар-жағармай, соның ішінде 2115 тонна дизель отыны, 85 тонна дизель майы, 110 тонна бензин қажет. Бұл күнде оларды алудың тиімді жолдары қарастырылуда.
Тапсырмаға орай, 10 мың гектар алқаптың 5 мың гектардан астамына қар тоқтатылды. Бұл жұмыста «Адал Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Медей», «Естай» шаруа қожалықтары алда келеді. Ендігі кезекте техника жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ерейментау ауданы.