Беловод селолық округінің тұрғындары да өз жиындарында ауыл әкімі Ерлан Серікбаевтың өткен жылы атқарған жұмысына баға беріп, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Ауыл әкімі алдымен өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Өйткені, бұл округте тұратын әлеуметтік аз қорғалған буындардың қатарында зейнеткерлер мен жастар да бар. Ауылда жұмыстың аздығы да әлеуметтік мәселені шешуге кедергі келтіреді. Соған қарамастан округтегі он үш шаруа қожалығы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғанын да айту керек. Ал, «Перекатный элеваторы», «Золотая Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Виктор» шаруа қожалықтары жергілікті жердегі әлеуметтік мәслелерді шешуге жиі қол ұшын береді.
Қазір бұл округте екі елді мекен болса, мұндағы білім, мәдениет және денсаулық нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың материалдық базалары да демеушілік негізінде шешімін табады. Қазір ауыл халқы осындағы дәрігерлік пункттен ем-дом алып, ал, аурулары асқынғандары аудандық ауруханаға жолданады.
Беловод селолық округінде елді мекендерді ауыз сумен қамсыздандыру, абаттандыру, тұрғындарды жұмыспен қамту, мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары аясында көптеген жұмыстар атқарылып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға барынша көңіл бөлінді.
Жалпы, жергілікті әкімдік мемлекеттік биліктің бір өкілі ретінде ауылдағы әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуге ықпал етеді. Қарапайым тұрғындарға қажет анықтамаларды беріп, ауданға шабылатын әуре-сарсаңға түсушілікті де жеңілдететіні анық жай. Мұны осы кездесуде тұрғындар да айтып қалды. Сондықтан, ауыл әкімі заман талабына сай тұрғындардың жоғарыға алақан жаюшылық пиғылдан арылып, өз күнін көруге деген талпынысын қолдауға мүмкіндік туғызғаны жөн. Бұл – қазіргі ауыл тұрғындарының ең басты мақсаты болып қалу керек.
Жайсаң НҰРЖАҚСЫ.
Жақсы ауданы.