Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәнсіз мәтін, әрсіз ән - АРҚА АЖАРЫ

Мәнсіз мәтін, әрсіз ән

немесе тақырып таңдай білмеу – таяздықтан

Облыстық «Арқа ажары» газетінің үстіміздегі жылғы 22 қаңтар күнгі №9 санында журналист Қайырбай Төреғожаның «Ойтүрткі» айдарымен «Үш жағдай» деп аталатын материалы жарияланды. Иісі қазақтың рухани әлеміндегі қисынға келмейтін, қисынға келмегені былай тұрсын, жөн-жосығы жоқ жағдаяттарды жазған екен. Жай ғана жалаң пікір, нысанасыз сын емес, шағын ғана мақалада оралымды ой діттеген жеріне жетіп-ақ жатыр.

Жарнамадағы көз сүрінетін қате жазу мен өмірбаяндық кітап туралы айтылған ой да оң. Бірақ, мен, өз басым ән туралы айтылған тұшымды сөзге тәнті болдым. Осы бір мәселе менің де ойымда көптен бері жүр еді. Сондықтан, газет көтеріп отырған тақырыпты әрі қарай қаузап, өз пікірімді білдірсем бе деп ниеттендім. Шынында да қазіргі қазақтың ән әлеміндегі кей шығармада, кей емес көп әнде мәтіннің мәні кетіп тұр. Әуені жеңіл, құлаққа жағымды болуы мүмкін. Ал, мәтінде ешбір мазмұн, мағына болмай, көкейге қонбайтын, рухани нәр бермейтін жұтаңсыздыққа жол беріліп жатыр. Әсіресе, той-томалақта айтылатын әндердің ажары қашып тұр. Негізінде біз сахнада айтылатын, тойда айтылатын деп бөлуіміздің өзі дұрыс емес. Ән біреу. Оның негізгі мұраты тыңдарманды сұлулыққа сүйсіндіру, эстетикалық тәрбие беру. Абай хәкім айтқандай, «құлақтан кіріп бойды алатын», тұла бойыңды рахат бір сезімге бөлейтін, алпыс екі тамырыңдағы қанды ойнатып, қорғасындай балқытатын ән болса дейсің ғой, шіркін.
2014 жылда тыңдарман қауымның қошеметіне бөленіп, хитке айналған бір ән «Мені ұмыт» деп аталады. Өнер көкжиегінде жаңа ғана көрінген Жангелді Бағдат дейтін әнші орындайды. Енді осы әннің ішкі мазмұнына зер салып көрейікші. Өне бойы «Күліп хат жазатын», «Күнде де, түнде де тыным таппай іздейтін», «Басқа жанға қимай қызғанып, қиналатын» бойжеткеннің бейнесін көресің. Жаңағы бойжеткенге армандай алыс бір бейне, яки, азамат тұла бойын күйдіріп, жандырған махаббаттың қызуын баспақ болып былай дейді:
Мені ұмыт, бар айтарым сол ғана,
Маған хаттар жолдама.
Бағымды енді байлама,
Мені ұмыт, тек жай ғана.
Жоқ!
Күнде де, түнде де іздеме, ойлама.
Осы бір сөз жігіттің аузынан шығатын уәж деп есептейсіз бе? Егер сұлулығына сұқтанып, ажарының көркемдігінен ақылынан адасуға шақ қалған жігітке қыз айтса бір жөн. Ал, арудан қашқан, оған қайтсең де мені ұмытшы, хат жолдама, бағымды байлама деп үзілді-кесілді үкім шығаратын сөз азаматтың аузынан шығатын байлам ба? Осы ән тыңдап отырған адамға қандай өнеге береді? Еш түсініксіз.  
Былтырғы жылы түркі халықтары арасында ән байқауы өтті. Күллі түркі дүниесін сұлу сазға бөлеген мәртебелі, мерейлі байқау. Сол байқауда әнші Жанар Дұғалованың мәртебесін «Ізін көрем» деп аталатын ән көтерді. Осы байқауға ән таңдағанда мәтіннің мәні мүлде ұмыт қалып, әуені ғана алға шыққандығы көзге ұрып, құлақ кесіп тұр. Ән мәтіні мынадай:
Тарау, тарау тарих боп,
Сөйледі сонау ғасырдан бабаларым.
Қол созып аспанға, айналып дастанға,
Естілгендей маған.
Осы шумақты ой елегінен өткізіп отырсаңыз, бағзы заманда күн кешкен бабаларымыздың бұл күні тарау-тарау тарихқа айналып, сонау ғасырдан сөйлеп тұрғандығын бірдеңе қылып ұғуға болады. Ал, аспанға қолын созып, дастанға айналып тұрған кім екендігі белгісіз. Баяғы бабамыз ба, жоқ әлде, бүгінгі ұрпақ па? Мүмкін көне ғасырдан күмбірлеп тұрған тарих шығар. Дәл осындай мәнсіз мәтін қазір теледидар мен радионың эфирін, сахнаның төрін жайлап кеткендігі соншалық, ешбір елеуіштен өткізіп, ретке келтіре алмайтындай деңгейге жеттік.
Өткен жылы облыс орталығында патриоттық әндер конкурсы өткізілді. Абылай хан алаңында сап түзеген шеру ән айтып барады. Ән болғанда да, «Есік алды қоғалайды». Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сүмбі талдай солқылдаған, ел қорғайтын азаматтар «Есік алды қоғалай, әркім көңілі жоғары-ай» деген ән айтады. Осы да әнді орындаушының бойындағы патриоттық сезімді қалыптастырып, отансүйгіштік сезімді өрістететін ән бе? Оның орнына ел қорғаған батырларымыз, парасатты хандарымыз жайындағы әндерді неге айтпаймыз. Сүйікті Отанымыз, егеменді еліміз, қасиетті жеріміз туралы әр сөзінің астарынан өнеге саулап, парасат ұқтыратын, елдік мұратты, ерлік қуатты уағыздайтын жалынды жыр, әуезді ән аз ба?
Бірде балалар бақшасында ән айту шарасы өтіп жатыр. Әдемі киінген, тәп-тәуір дауысы бар бүлдіршін қыз бала бозала таңда бебеулеткен бозторғайдай сызылтып ән салып тұр. Тек тақырып ауаны, мазмұн-мағынасы теріс. «Мені сені сүйемін, мен саған ғашықпын» деген тәрізді. Менің ойымша осы бір ән де бала табиғатына, оның жасына сәйкес емес. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерге махаббат жайлы ән айтуға, ғашықтық жайлы ой тербеуге әлі ерте. Оның орнына бала бақшаның тәрбиеленушілері ата мен әже, әке мен ана, табиғат, әсемдік, әдемілік жайлы айтса, әлдеқайда жарасымды болар еді.
Біз әлі күнге дейін жоғарыда аталған «Үш жағдай» деп аталатын мақалада көтерілгендей келеңсіз жайлардың көлеңкесінде көлбеңдеп жүрміз. Ұлттың ұлағатын ұқтыратын, ұйытатын кез келген мәселеде мынау ірі, мынау кіші дейтін өлшем болмауға тиісті. Сондықтан, осы бір шаруаларды көп болып ойластырып, бір ретке келтіріп алғандығымыз жөн. Таудың өзі титімдей тастан құралады ғой.

Бақтыгүл ДӘУЛЕТЖАНОВА,
Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің музыкалық пәндер оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар