Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мама, қашан мен бала бақшаға барамын?..» - АРҚА АЖАРЫ

«Мама, қашан мен бала бақшаға барамын?..»

Былтыр облысымыздан «Балапан» бағдарламасы бойынша төрт бала бақша ашылды. Соның нәтижесінде біраз бүлдіршін бақша табалдырығын аттағанымен, кезекте тұрған 24007 баланың жағдайы әрі-сәрі ойға қалдырады.

Жер бетінде қазақтан асқан балажан халық жоқ шығар. Ата-бабамыз бала тәрбиесіне асқан даналықпен қараған. Біз бір қызын тұтас ауыл болып тәрбиелеген халықтың ұрпағымыз. Сондықтан, ұлт тағдыры мен ұрпақ тәрбиесі қанша қаузап жазылса да, күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Кез келген пенде бауыр еті – баласының тәрбиелі де өнегелі болғанын қалайды. Әрбір ата-ана баласы ер жетіп, өз қатарының алды болса деп армандайды. Бірақ, бұл мақсатқа жету үшін қажыр-қайрат, күш-жігермен бірге уақыт қажет.
Әрбір іс түбі өз нәтижесін береді. Болашағына үмітпен қарап, зор сенім артқан баланың қыңыр болып өскенін көргенде, «әттеген-ай» деп жатамыз. Бұл кімнен жіберілген қателік? Жалпы, баланы бағу деген ішетін тамағы мен киетін киімін тауып беруден ғана тұрмасы анық.
Қазір облыста мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен айналысатын 540 мекеме бар. Оның 43-і жекеменшікке қарайды. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде жаңа бала бақшалар саны біртіндеп болса да, көбейе түсуде. Өткен жылы Көкшетау қаласындағы Бірлік, Жайлау шағын аудандары мен Атбасар, Целиноград аудандарында 780 орынға арналған бала бақшалар іске қосылды. Сондай-ақ, Степногорск қаласында екі, Целиноград ауданында төрт жекеменшік бала бақша ашылды. Аршалы, Бұланды аудандарында да мектепке дейінгі мекемелер жөндеуден өтіп, қалыпқа келтірілді.
Облыс бойынша Степногорск қаласы мен Аршалы, Астрахан, Сандықтау, Бұланды, Еңбекшілдер, Ерейментау, Жақсы, Целиноград аудандарында ашылған мектепке дейінгі 14 шағын орталықта да бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Ольга Ковалеваның айтуынша, «Балапан» бағдарламасының аясында 2010 жылдан бері 293 мектепке дейінгі мекеме іске қосылған көрінеді. 
Осының нәтижесінде облыс бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен орташа қамту көрсеткіші 89,5 пайызды құрайды. Яғни, жоғарыдағы 540 бала бақша мен шағын орталықта 62278 бала тәлім-тәрбие алуда.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл сөзімізге жекеменшік бала бақшалар мен шағын орталықтардың саны 8 есеге артқаны айқын дәлел бола алады. Әсіресе, Көкшетау, Степногорск қалаларында, Целиноград, Бурабай, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын аудандарында бұл мәселе жақсы жолға қойылған.
Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша қазір өңірде  24007  бүлдіршін бала бақша кезегінде тұрса, биыл жаңадан мектепке дейінгі тағы осындай 33 мекеме ашылып, 2730 бүлдіршін бала бақшамен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Дегенмен,  кезек азаяр емес. Жекеменшік бала бақшаны әрбір ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Өйткені, мұнда бір айлық төлемақы шамамен, 15-20 мың теңгені құрайды. Сондықтан, осыған қатысты жағдайды білмек ниетпен бірқатар мектепке дейінгі мекемелерде болып едік. 
«Күншуақ» бала бақшасының меңгерушісі Гүлмира Сексенова бала бақшаның ай сайынғы төлемақысы 10788 теңге екенін айтады. Бұл мекемеде қазір елу бала тәрбиеленуде. Шамамен есептегенде әр баланың бір күндік тамағына ата-аналар 490 теңгеден төлейді.  Ал, «Еркемай» бала бақшасының меңгерушісі міндетін атқарушы Жұпар Мәженова бұл мекемеде 280 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізді. Орыс балаларының сексен пайызы қазақ тобына қабылданған көрінеді.
– Балалар таңғы сағат 8-ден кешкі 18.30-ға дейін бала бақшада болады. Он қазақ, екі орыс тобы бар. Бүлдіршіндер күніне төрт мезгіл тамақтанады. Мамандар балалармен түрлі бағытта жұмыс жасайды, – деді Жұпар Қадырқызы.
 Осы орайда, пікіріміз біржақты болмас үшін жекеменшік бала бақшаларды да назардан тыс қалдырмадық. «Балапан» бала бақшасына алғашында 54 бүлдіршін қабылданса, қазіргі күні мұнда 250 бала тәрбиеленуде. Ай сайынғы төлемақысы 15 мың теңгені құрайды. Мұнда да бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Музыка, спорт және акт залдары, қазақ, ағылшын тілдері кабинеттері мен психолог, логопед сияқты мамандардың кабинеттері бар.  Сондай-ақ, каратэ, шахмат үйірмелері де жұмыс істейді. Тәрбиеленушілер күніне бес мезгіл тамақтанады. Өкінішке орай, орыс тобына қарағанда қазақ тобы аздау екен.
Бұл ретте ата-аналардың да пікіріне назар аударған едік. Олардың көбі төлемақыдан қашпайтынын айтады. Балаларды бір жарым жастан бастап қабылдаса ғой деген тілектер де көп аңғарылды.
–Қазір ата-аналар сәбилі болған соң бірден балаларын бала бақшаның кезегіне қояды. Белгілі бір жағдайларға байланысты жолдасым екеуміз ұлым  Нұрисламды бір жасқа дейін кезекке қоя алмадық. Қазір оның жасы бір жарымда. Алдымызда мыңнан астам бала кезекте тұр. Енді не істерімізді білмеудеміз. Жекеменшік бала бақшаға берейін десек, жасы екіге толмағандықтан, алғылары келмейді, – дейді Жансая Байбекова.
Осы сөзден де көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда бала бақшаға деген сұраныс жоғары. Әрі бұрын кеңес үкіметі кезінде бір-бір жарым жастан қабылдайтын бала бақшалар қазір үш жастан бір-ақ алады. Соның өзінде орын жетер емес. Бала бақшалар ашылудай ашылып жатқанымен, әлі тапшы екені осындайда айқын байқалып қалады. Мұның өзіміз көп айтатын демографияға, яғни, халқымыздың табиғи өсіміне де кері әсері тимей қоймайтыны сөзсіз. Баспана, бала бақшадағы орын мәселелері жеткілікті шешілмей жатса, жастар арасында бала туу көрсеткіші де қайдан жақсара түссін?!. Бүгінгідей жағдайда бала бақша кезегіндегі көптеген бүлдіршіндердің сол бала бақша қабырғасын көрмей, мектеп табалдырығын бір-ақ аттауы да ғажап емес-ау…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар