Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәби өміріне себін тигізеді - АРҚА АЖАРЫ

Сәби өміріне себін тигізеді

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыстық перинатальдық орталыққа тегін құрал-жабдықтарды тапсыруға арналған қайырымдылық шарасына қатысып, сөз сөйледі.

Құны 56 миллион 880 мың теңге тұратын бұл жабдықтар өткен жылы «Асыл Мирас» қоры мен «Rixos Borovoe»  қонақ үйінің бірлесіп өткізген «Rixos Borovoe-2014» қайырымдылық велошеруі барысында жиналған қаржыға сатып алынды. Осы орайда, Болат Өтемұратовтың басшылығымен құрылған «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының  директоры Марат Айтмағамбетов сөз сөйлеп, қайырымдылық шарасының мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ал, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ана мен бала денсаулығы күн тәртібінде тұрған өткір мәселе  екеніндігіне тоқталды.

– Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Сондықтан, бұл мәселеге  қазіргі күні ерекше назар аударылуда. Осы орайда, нәрестелердің өмірін сақтап қалуға қайырымдылық көмек көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы заманауи жабдықтар арқылы облыстық перзентханада мыңдаған сәби сапалы медициналық көмек алады, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары жергілікті кәсіпкерлер де осындай қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысса деген тілегін білдірді. Ал, «Rixos Borovoe» қонақ үйінің бас менеджері Февзи Опсар мен «Астана Моторс»  компаниясының бас директоры Мұрат Алтынбаев көмекке мұқтаж сәбилерге қолдау көрсету сауапты іс екенін жеткізді. Өз кезегінде облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігері Жанат Мусин бұған дейін ауыр босану жағдайларымен түскен әйелдерге жәрдем көрсетуде орталықтың мүмкіндігі шектеулі болып келгендігін айтты. Енді заманауи жабдықтар арқылы көмекке мұқтаж нәрестелердің барлығына сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл орталықта жылына бес мың әйел ана болу бақытына бөленеді екен.
Өткен жылы қайырымдылық акциясының аясында ұйымдастырылған велошеруде Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, «Тур де Франс 2014» веложарысының жеңімпазы Винченцо Нибали, сондай-ақ, «Аstana» велокомандасы мен тағы басқа спортшылардың лоттары аукционға қойылып, 87 миллион 286 мың теңге қаржы түскен болатын. Осының нәтижесінде Ақмола облыстық перзентханасына газ тарату жүйесі, компрессорлық, вакуумдық стансалар, өкпедегі ауаны жасанды жолмен алмастыру аппараты, кереует жанындағы монитор, реанимациялық үстел, инфузиялық сорғы, фототерапия шамдары, шприцтік сорғылардың бірнеше данасы сатып алынса,  қалған қаржы Қызылорда қаласындағы перинатальдық орталыққа жұмсалған. Шарада облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Наталья Цыплакова жаңадан сатып алынған медициналық жабдықтармен таныс-тырды. Бұл құрылғылар сәбилердің тыныс алу жолдарын қалыптастырады, әрі дәрігерлер енді баланың денсаулығын арнайы монитор арқылы қадағалай алады.
Жиында қайырымдылық шарасына қатысқан бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қасымжан Тәшметов саланың даму қарқыны туралы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар