Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астананың іргесі – дамудың жақсы мүмкіндігі - АРҚА АЖАРЫ

Астананың іргесі – дамудың жақсы мүмкіндігі

Қоян өсірумен айналысатын «Астана МИАКРО»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2012 жылы құрылған болатын. Алғашында Ресейдің Новосібір қаласынан және Оңтүстік Қазақстан облысынан 70 аналық және 10 аталық қоян сатып әкелінген екен. Целиноград ауданына жұмыс сапарында облыс әкімі Сергей Кулагин алдымен, Қабанбай селолық округіне қарайтын осы серіктестікте болып, асыл тұқымды қоян етін өндірудің жай-жапсарымен танысты. 

– Астана қаласының айналасында жаңа жұмыс  орындарын көптеп ашуымыз қажет. Бұған аудан аумағында өнеркәсіп нысандары мен сервистік қызмет көрсететін орындарды молайту арқылы қол жеткізуге болады. Әсіресе, Астанаға жұмыс іздеп ағылып келушілер көп. Егер жұмыс орындарын ашатын болсақ, жақын маңдағы елді мекендердің де Елордаға қарап, бой түзейтіні сөзсіз.

Сонымен қатар, Қоянды ауылындағыдай заңсыз жер иемдену мен тұрғын үй салу сияқты келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек. Бұл жағына  селолық округтердің әкімдері қырағы болғаны абзал. Кейбір ауыл әкімдері өз ауылдарына біреулердің келіп, рұқсатсыз үй тұрғызып жатқанын көрсе де, көрмегендей болады. Осы орайда, олардың да бұдан өз үлестері бар деген күдік туады.
Сол себепті, алдағы уақытта мұндайға жол берген әкімдер мен басқа басшылар жауапқа тартылып, заңсыз иемденген жерлерге тұрғызылған құрылыс бірден бұзылатын болады. Аудан басшылығына сәулетшілер мен сарапшыларды тарта отырып, ауылдардың жоспарын бас жоспарға сәйкес келтіру жөнінде жұмыстар атқаруды  тапсырамын, – деді облыс әкімі сапары кезінде.

Серіктестік  басшыларының айтуынша, мұндай жоба нарықтағы сұраныс жан-жақты ескеріліп, зерттелген соң ғана қолға алынған көрінеді. Қазіргі кезде, мұнда «Кеңестік шиншилла», «Күмістей», «Ақ алып» сынды асыл тұқымды салпаң құлақтардың саны 1239-ға жеткен. Оның 201-і аналық қояндар.
– Ірі қара малдың етімен салыстырғанда, қоян етінің бағасы қымбаттау болғанымен бұл жеңсік ас, сондықтан, оған деген сұраныс жоғары. Әсіресе, Астана қала-сындағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орындары біздің тұрақты тұтынушыларымыз. Өткен жылы барлығы
4 тоннадан астам қоян етін өндірдік. Биылғы жылы құрама жем зауытын салып, іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, аналық қояндардың санын 500-ге жеткізетін боламыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, – дейді серіктестік басшысы Алтынбек Нүркежанов. Жалпы алғанда, Астана қаласына іргелес орналасқандықтан, Целиноград ауданының әлеуеті жоғары әрі  әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан бұл өңір басқаларына қарағанда, алдыңғы қатарда десек ақиқаттан алыс кетпейтініміз анық. Әсіресе, мұнда өндірістің ілгері басқаны  байқалады.
Астана қаласын өзінің сапалы өнімімен қамтамасыз етіп отырған «Green Star» серіктестігінің де қадамы көңіл қуантарлықтай.  Қазіргі заманға сай жабдықталған көкөніс қоймасы 2014 жылы осы аттас компанияның жеке қаражатына салынған. Серіктестік тек қана көкөністерді сақтаумен ғана емес, оған қоса, картоп және көкөніс дақылдарын өсірумен де айналысады. Өзіне тиесілі  351 гектар жер теліміне өткен жылы 100 гектар картоп отырғызып, 20 гектар сәбіз, 72 гектар жоңышқа, 2 гектар қызылша, 120 гектар арпа еккен екен. Өнімдердің барлығы көкөніс қоймасында сақталып, Астана қаласының сауда орындарына жеткізілуде. Осы орайда, серіктестік директоры Иманғали Чункунов облыс басшысына көкөніс дақылдарын өсіру үшін 300 гектар жер бөлу туралы өтінішін білдірді. Мұны қолдаған Сергей Кулагин аудан әкіміне осы мәселені  қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қосшы ауылындағы су жүйесі стансасы мен осындағы орта мектептің жұмысымен де танысты. Соңғы кездері Астана маңындағы елді мекендерде құрылыс материалдарына сұраныс артып отыр. Осы мақсатта Целиноград ауданында «Жаңа Сервис-2007» ЖШС-і де құрылған болатын. Былтырдан бері кәсіпорын жалпы құны 82,6 миллион теңгенің 7 мың текше метрге жуық газоблоктарын шығарған.  Алдағы қыркүйек айында кәсіпорын жобадағы толық қуаттылығына шығады деп жоспарланып отыр. Тіпті, құрылыс материалдарына сұраныстың көбеюіне байланысты өнім көлемін екі есеге арттыру да көзделген.
Кәсіпорын басшысы Азамат Нұратов өнімді сатуда еш қиындық жоқ деп отыр. Қазірдің өзінде Астанадағы ірі құрылыс компанияларымен келісімшарт жасалып қойған. Кәсіпорынның қуатын арттыру қажеттігін атап көрсеткен С.Кулагин бұдан кейін Ақмол ауылындағы «Capital Project» серіктестігі мен «Целиноград су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында да болды.
Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау  аясында қолға алынған жоғарыдағы серіктестіктің құс фабрикасының сою цехы сағатына 6000 бас құс соя алады. Шет елдік қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын өніміне астаналықтар тарапынан сұраныс жоғары. Облыс әкімі мұнда арнайы орамдарға салынған дайын өнімдермен танысып, кәсіпорынның алдағы жоспарларын сұрастырып білді.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Елбасы Жолдауынан туындайтын алда тұрған міндеттер бұдан әрі аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуінде өрбіді. Оның барысында  облыс әкімі ауданның Елорданың тап іргесінде орналасуына орай, ауыл шаруашылығын дамытып, өндірісті өрлетіп, басқа да көкейкесті мәселелерді шешіп, еліміздің бас қаласына сай болуын ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар, жер телімдеріне, құрылыс саласына қатысты мәселелер де сөз болды.
Кездесу соңында ауданның тыныс-тіршілігіне сүбелі  үлес қосқан бір топ азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Целиноград ауданы.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар